Әйел әлемі • 07 Наурыз, 2023

Көктем гүлі һәм көркем Жанар

426 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жас ғалым Жанар Айменова келешекте ұлт саулығын сақтауға пайдасы тиетін маңызды жобамен айналысып жатыр. Онысы – Ақсу-Жабағылы қорығында өсетін сирек өсімдік – көктем гүлін зерттеп, қайта көбейту және одан ісікке қарсы биологиялық белсенді қоспа дайындау.

Көктем гүлі һәм көркем Жанар

– Батыс Тянь-Шань таулары­ның баурайында өсетін бұл өсімдік, өкінішке қарай, бүгінде жойылып барады. Сондықтан біздің алдымызда тұрған бас­ты мақсат – гүлдің тұқымын сақтап қалу, микроклоналдық әдіспен тұқымын көбейту. Бастамаға қорықтың ғылыми қызметкерлері де белсене атсалысып жатыр. Батыс Тянь-Шань тауы Қытай елімен де шектесіп жатқандықтан, шығыстағы көр­ші­міз бұл өсімдікті бастан-аяқ зерттеп, онда ісікті қайта­ратын қасиеті бар екенін анық­тапты. Ендігі міндетіміз – біздегі көктем гүлінің ісікті қай­­та­ратын қабілетін және бас­қа да қасиеттерін анықтау. Өйт­кені өсімдік тау баурайында өс­ке­німен әртүрлі жағрафиялық белдеуде, бөлек климат пен температурада жетілетіндіктен бойындағы емдік компоненттері де ерекше әрі сан алуан болып келеді, – дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне қарасты Фи­то­химия ғылыми-зерттеу зертха­насының меңгерушісі.

Биотехнолог маманның айтуынша, көктем гүлі эндемикалық өсімдікке жатады. Яғни белгілі бір аймақтан басқа еш жерде өспейді. Сондықтан да оны Батыс Тянь-Шань тауларының бөктерінен басқа жерден табу қиын. Сирек гүлдің қасиетін ата-бабаларымыз да білген. Кезінде тау баурайын жайлаған бабаларымыз көктем гүлін табиғи антибиотик ретінде пайдаланыпты. Тұмау кезінде оны қайнатып ішкен адам сырқатынан құлан-таза айығып, аз уақыттың ішінде аяққа тұрып кетеді. Аталарымыз емге дауа ретінде қолданса, бүгін қазақтың жас ғалымы бабалар ізін жалғап өсімдікті ғылыми тұрғыда зерттеуге кіріскен. Зерт­теуші экспедициямен Ақсу-Жа­бағылы қорығына барғанда қо­рықшылар қазақтың нәп-нәзік қызын көріп қатты қуаныпты. Себебі бұған дейін АҚШ, Еу­ропа елдерінің ғалымдары ғана таудың сай-саласын кезіп, шыңы­­на дейін жетіп өсімдіктер әле­мін құлшына зерттеген екен. Қазақ­тың жас ғалымына экспедиция барысында қорықшылардың көмек көрсетуге әзір тұратыны да сондықтан.

– Шетелдік ғалымдар үшін Қазақстан еркін, өте ашық ел. Оларға ешқандай шектеусіз ғылыми жұмыстармен айналы­суға мұрсат берілген. Ал Өзбек­станда жағдай керісінше. Еш­бір адам шекарадан бірде-бір өсімдікті алып өте алмайды. Қазіргі уақытта Өзбекстан ғы­лым академиясына қарасты Биор­ганикалық химия институтында жобаға байланысты қо­сымша зерттеу ісімен айналысып жүрмін. Аталған институтта жануарлармен зерттеу жасайтын Вивари бар. Бұл маған ғылыми жобамның нәтижелерін сынама-талдаулар арқылы нақты көруге мүмкіндік береді. Қолға алған ғылыми жұмысты сәтті аяқтаған соң биологиялық белсенді қоспа дайындауға тағы да конкурсқа қатысуға өтініш бермекпін. Егер жоба байқаудан жеңіп жатса, Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан тағы да қосымша қаржы қаралмақ. Бұл қомақты қаражат ғылыми жобаны коммерцияландыруға, яғни одан дайын өнім шығарып бизнес көзіне айналдыруға бағытталады, – деді Жанар Айменова.

Бұл ретте жас зерттеуші бүкіл дүние жүзінің ғалымдары бас қатырған қатерлі ісікті емдеудің керемет әдісін ойлап табу ісінде бірінші болып жаңалық ашсам деген арман-ниетіне асығып отыр.

– Көктем гүлінің латын ті­ліндегі ғылыми атауы – Granthis Longistipitata. Республика бойын­ша былтыр басталған «Жас ға­лым» конкурсына қатысу үшін осы гүлді зерттеп, одан ісікті емдейтін биологиялық белсенді қоспа алу мақсатында жобамды таныстырдым. Ұлттық кеңес жобамды мақұлдап, соның нәти­жесінде тиісті қаражат бөлінді. Екі жыл уақытқа есептелген жо­бамды жүзеге асыруға 18 млн теңге қарастырылды. Осы мер­зім аралығында көк­тем гүлі­нің таудағы өсу кезең­де­рін бақы­лаймын. Сосын қа­зір­гі эко­ло­гияның өсімдікке қан­ша­лықты әсері барын анық­­таймын. Әрі қарай тұқы­мын көбейтіп, жойылып кету қауі­пінің алдын алу бағытында жұмыс жүргіземін. Бұдан бө­лек, өсімдіктен тұнба әзірлеп, одан ісікті емдейтін ерек­ше ком­поненті хромонды бөліп алып, кейін оны терең тал­­дап, зерт­тейтін боламын. Жо­бам­­ның түпкі нәтижесі – көк­­тем гү­лі­­нен әртүрлі ісік­тер­ді, оның іші­н­­де қатерлі түрін емдейтін био­логиялық бел­сенді қоспа дайын­дау. Егер зерттеуім күткен нәтижеден асып-түсіп жатса, онда биологиялық қоспадан клиникалық зерттеулер әдісімен дәрілік препараттар әзірлеуге де жол ашылады. Алайда бұл өте күрделі әрі ұзақ уақытты ала­тын ауқымы кең үдеріс жә­не бұл іспен айналысатын ғы­лы­­ми сала мамандары да бөлек болады. Дегенмен қатерлі ісік­пен күресетін шипалы шөптен био­логиялық қоспа ойлап табу­дың өзі отандық ғылым үшін үлкен жаңа­лық болар еді, – дейді жас ғалым.

Ж.Айменова магистратура мен докторантураның ғылыми-практикалық іс-тәжірибесін Мәскеуде және Германияда өт­кізіп қайтқан. Осы ретте ол батыстағы зерттеу жұмыстарына арналған материалдық-техника­лық базаның әлеуеті өте жоға­ры екенін айтты. Дегенмен шетел­діктер біздің тұмса табиғатқа қатты қызығатынын жасырма­ды. Өйткені Қазақстанда таби­ғаты бүлінбеген, топырағы бұ­зыл­­маған жерлер көп. Ондай аймақта өскен гүлдер мен шөп­­тердің де қасиеті ерекше, эко­логиялық таза болып ке­ле­ді. Сол үшін био­логиялық меди­циналық зерттеу саласында әлі талай жұ­­мыстар жүргізуге, қаншама жаңа­лықтар ашуға мүмкіндік көп, депті шетелдік ғалымдар.

Кейіпкеріміз елімізде кейін­гі уақытта ғылым саласына көңіл бөліне бастағанын жет­кіз­ді. Арнайы министрліктің құ­ры­луы, зерттеумен айналыса бас­таған мамандарға қаржылай қолдау көрсету мақсатында рес­публика көлемінде «Жас ға­лым» конкурсының қолға алынуы, сондай-ақ қолданбалы ғы­лы­ми жобаларды және оларды ком­мерцияландыруға ерекше назар аударыла бастауы соның дәлелі. Жас ғалым алдағы уақытта көктем гүлін тереңірек зерттеу барысында қытайлық тәжірибеге сүйеніп, аспанасты елімен де ғылыми байланыс орнатуға бейілді.

 

ШЫМКЕНТ