Әскер • 08 Наурыз, 2023

Ұлттық ұлан арулары

415 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шындығында әйел – отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы. Көктемнің ең әдемі әрі әсерлі мерекесі қарсаңында Ұлттық ұлан арулары туралы бірер жылы сөз айтқанды жөн санадық. Құқықтық тәртіп әскерінің нәзік жанды арулары ерлермен бірге иық тіресе қызмет ете отырып, отбасының да жылулығын сақтап жүрген асыл жандар. Сондай сұлу да ақылды әскери қызметші-әйелдер Ұлттық ұлан қатарында абыройлы қызмет етіп жүр.

Ұлттық ұлан арулары

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Құжаттамалық қамтамасыз ету басқар­масының құпия құжаттар бөлімінің аға маманы, сержант Ұлпан Иманғалиеваның әскер сапында қызмет етіп келе жат­қанына 17 жылдан асыпты. Ұлпан Нұр­лан­қызы алғашқы еңбек жолын 2006 жы­лы Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінің Құпия бөлімінде жауапты маман болып бастаған.

Құжатпен жұмыс істеу – қашанда жауапкершілікті, жинақылықты пен мұқият болуды талап етеді. Сол себепті де кейіпкеріміз осы қасиеттерді бойына сіңірген жауапты маман. Сол жауап­кершілігінің арқасында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, Ішкі істер министрлігі тарапынан алған марапаттары да жетерлік. Ол өз ісінің білгір-маманы болуымен қатар, отбасында да сүйікті жар, аяулы ана. Жолдасы Қанатпен бірге қызы Ками­ланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.

Ұлттық ұланның Өскемен қаласындағы 6699 әскери бөлімінің тағы бір аруы – әскери бөлім штабының аға маманы, сержант Мадина Бақтыбаева. Оның еңбегіне әскери бөлімнің басшылығы әрқашан жоғары баға беріп отырады. Мадина Дәулетқанқызы Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданындағы Самар ауылында дүниеге келген. Әскери салаға келуіне Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, кеңес одағының батыры атанған нағашы атасы мұрындық болған. Оның суреттері мен естеліктері жауқазындай қыздың жүрегінде отаншылдық отын тұтатты. Себебі, үйінің төрінде ілулі тұрған әскери форманы көріп, әскери қызметші болуды армандаған.

чсч

Арманға қол жеткізіп, бүгінгі таңда құқықтық тәртіп әскері қатарында қызмет атқарып жүр. Ол 2001 жылдың ақпан айынан бас­тап Ішкі әскер қатарында қызметте. Алғашқы қызметін 5518 әскери бөлімінің атқыштар батальоны 4-атқыштар ротасында бақылау-өткізу пункті сақшысынан бастаған. Жаны нәзік әскери қызметшіге мұндай жауапты қызметті атқару үлкен жауапкершілікті талап еткені сөзсіз. Бірақ қайсар қазақ қыздары барлық ауыртпашылық пен міндетті атқара алатынын дәлелдеген Мадина Дәулетқанқызы лауазымдық міндетін үздік атқарып, өз ісінің майталман маманы атанды. Бүгінде ол жастармен тәжірибесімен бөлісіп отырады. Сержант Мадина Бақтыбаева жолдасы Оралбек Сейдқазыұлымен үш қыз тәрбиелеп отыр.

«Әйел адам бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, қолына қару ұстап, Отанның тыныштығын қамтамасыз ете отырып, отбасына жылуын аямай отырған арулардың бірі – 5571 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонының 1-жедел ротасының аға санитары, аға сержант Гүлзат Исекова. Ол – көпбалалы ана, жанжары Бекболат Байташұлымен бірге Күнсара, Алтын, Гаухар және Ерасыл, Абылайхан мен Баян сұлу атты бүлдіршіндерді тәрбиелеп отыр. «Отанға қызмет ете оты­рып, бала тәрбиесіне қа­лай көңіл бөлесіз?» деген сұра­ғымызға кейіпкеріміз былай деп жа­уап берді:

– Қазақта «Әйел – қырық шырақты» деген жақсы сөз бар. Сол асыл сөзді жоққа шығар­май, дәлелдеп отырған қазақ қыздары көп. Қыз­дарымның алды жиырмадан асты, сондықтан ма­ған аса көп қиындық туып тұрған жоқ. Бірін-бірі ба­ғып, қолғабыс етіп, біздің қол­ғанаттарымыз болып жүр. Өзім Оңтүстік Қазақстан об­лысының тумасы болған­дықтан, көпбалалы отбасы

мм

атануды армандайтын­­мын. Осындай дендері бүтін, ақыл-естері сау балаларымыз үшін Жаратқанға тәубе ете­міз. Уақыт деген тапшы заман ғой, оның үстіне Ұлттық ұлан қатарында әскери қыз­­метте жүр­ген­дік­тен, күн-түн демей, әртүрлі жат­тығу­лар­ға, жиындарға шығып кете­тініміз рас. Бірақ оның барлығын сылтау етпей, міндетті түрде демалыс күн­дерімді балаларыма ар­науға тырысамын. Ол тек қыдыру, бір жерге барып демалу емес, сонымен қатар сырласамыз, қандай түйінді мәселелер бар, соны бірігіп шешуге тырысамыз. Қазақтың әйелдері мықты ғой, сол мықтылығымызды дәлелдеуге тырысып-бағамыз, – дейді ол.

Тағы бір ерекше мамандық иесі –Астана қаласындағы 3656 әс­кери бөліміне қарасты әуе эскадрильясының қатардағы жауын­гері Айдана Омарова есім­ді әске­ри қызметші. Оның маман­ды­­ғының ерек­шелігі сол – ол әуе кеме­сінің борт-жолсерігі қызметін атқарады. Өте жауапты, сонымен қатар қауіпті де мамандық. Бірақ қайсар қыз арманға жету жолында ешқандай кедергіге қарамастан, өз мақсатына жетті. Ол борт-жолсерік болуды бала күнінен армандаған. Табиғатынан әдемілікті, сұлулықты жаны қалайтын Айдана маманының хас шебері десек те болады. Қызметінің барлық талаптарына сай қазақ қызы өз лауазымын қатты ұнатады. Айдана Ұлттық ұлан қатарында 2019 жылдан бері қызмет етіп келеді екен.

Кейіпкеріміз 1990 жылдың 4 тамы­зында Қарағанды облысының Нұра ауда­нына қарасты Қарақасқа ауылында дүниеге келген. Отбасында екі ағасынан кейінгі ерке қыз атанған Айдана қазір Данил атты ұл тәрбиелеп отыр.

– Борт-жолсерік атану – мен үшін мақтаныш. Қызметім өзіме қатты ұнайды, жауапкершілік пен ыждағаттылықты талап ететін қызмет. Ең алғашқы ұшқан сәтім әлі есімде. Қорқыныш пен үрей болды десем, артық айтпаспын. Себебі тікұшаққа қызметтен тыс уақытта мініп жүрміз, ал қызмет бабымен әуеге көте­рілгенде,

ииии

мақтаныш, қуаныш сезімі кеу­деңді кернейді, оның үстіне Ұлттық ұлан қатарындағы борт-жолсерігі атану – екі есе қуаныш. Сондықтан атқаратын қызметімді жақсы көремін. 2022 жылдың қазан айында Ішкі істер министр, полиция генерал-полковнигі М.Ахметжановтың атынан «Ішкі істер органдарының үздігі» төс белгісімен марапатталдым. Бұл марапат менің қызметімнің жемісі деп ойлаймын және еңбегімді бағалаған әскери бөлім басшылығына алғысымды айтамын, – деп өз ойымен бөлісті Айдана Жолдыбайқызы.

Салмақтылығы мен сабырлы мінезімен ұжымына сыйлы тағы бір ару – 6636 әскери бөлімінің Тылдағы қамтушы аға маманы, ефрейтор Эльмира Жұмағалиева. Қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Қызылорда облысы Арал ауданының тумасы, жүрегі «қазақ» деп соғатын патриот. Эльмира Жақсатқызы әскерде 2011 жылдан 2014 жылға дейін қызметші болса, 2014 жылдың 22 мамырында әскери ант қабылдап, форма киіп, әскери қызметші атанады. Қазіргі таңда әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп, Әскери Жарғы талаптарын жатқа білетін дәрежеге жетті. Қызылорда қаласындағы

рпрр

Қорқыт Ата университетінде 4 жыл білім алып, құқықтанушы мамандығының иесі атанған. Бала күнінен нысанды киімге қатты қызығып, әскери адам болуды армандаған аруымыз Ұлттық ұлан қатарына келіп, мақсатына жеткенін мақтан тұтатынын жасырмады. Басшылық тарапынан өте жауапты маман, адал әске­ри қызметші деген бағаға лайық­ты. Әріптестері оны өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, құра­лайды көзге атқан мерген ретінде де бағалайды. 2014 жылы ең алғаш ату алаңына барған сәтте жоғары баға алып, сол кездегі әскери бөлім командирінің өзі жоғары баға берген. Әлі күнге дейін қаруластары «мерген қыз» деп әзілдейді екен. Онымен қоса, спортқа да көп көңіл бөледі. Ол әскери қызметшілер арасында қашықтыққа жүгіруден де үздіктердің қатарында, тіпті ер-азаматтарға да шаң ілестірмей кететін қасиеті бар.

Бүгінде Ұлттық ұлан қатарында мың­ға жуық нәзік жан қызмет атқарып жүр. Арасында «полковник» әскери ше­ніне жеткендері де бар. Сонымен қатар спорт, өнер, медицина саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, мемлекеттік наградаларға ие болғандары да жетерлік. Қатардағы қос ару «Құрмет» орденімен марапатталса, бір әскери қызметші Қазақстан Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Тағы бір аруымыз «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Әскери қызмет пен отбасын қатар алып жүрген Ұлттық ұлан арулары осындай!