ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен жиында бұдан бөлек, «Электрондық үкімет» порталында азаматтарды тіркеу орны және сайлау учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу туралы мәліметтерді тексеру онлайн-сервисін іске асыру, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің басталуы мен аяқталуының өзге уақытын белгілеу жайы қозғалды.
Отырысқа облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері және осы өңірлердің әкімдері аппараттарының басшылары онлайн қатысты. Бұған қоса жиынға саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Бас прокуратураның, ішкі істер, қаржы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің жауапты лауазымды адамдары және «Хабар» агенттігінің басшылығы шақырылды. Сонымен қатар ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау миссиясының және ТМД байқаушылар миссиясының өкілдері қатысты. Басқосудың бейнебаяны сурдоаударма арқылы интернет-ресурс және Youtube арнасы арқылы таратылды.
Жиында баяндама жасаған ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова теледебат барысында қатысушылар өздерінің сайлау бағдарламасымен сөз сөйлеуге, қарсыластарына сұрақтар қоюға, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беруге, сондай-ақ сайлаушыларға үндеу жасауға мүмкіндік алатынын айтты.
– Регламентте қатысушыларға қойылатын жалпы талаптар, сөз сөйлеу кезектілігі, пікірсайыс өткізу тілі мен ұзақтығы белгіленеді. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен пікірсайысты өткізу регламенті келісіліп, кандидатураларын саяси партиялар ұсынған теледебатқа қатысушылардың құрамы бекітілді. Оған «Аmanat» саяси партиясынан Ерлан Қошанов, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан Халық партиясынан Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан Азат Перуашев, ЖСДП партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысады деп бекітілді, – деді А.Щегорцова.
Сондай-ақ Ортсайлауком хатшысы Мұхтар Ерман халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 16 шет мемлекет пен 4 халықаралық ұйымнан 165 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады.
– Бүгінде аккредиттеуге 23 шет мемлекет пен 6 халықаралық ұйымнан 157 байқаушы кандидатуралары ұсынылды: Әзербайжан, Армения, Ұлыбритания, Германия, Грузия, Ирак, Испания, Италия, Норвегия, Ресей, Румыния, Сербия, Словакиядан – 1; Канада, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Пәкістан, Польша және Хорватиядан – 2; Мажарстан, Литва, Түркиядан – 3; АҚШ-тан 4 кандидатура. Сондай-ақ ТМД байқаушылар Миссиясы – 77 және ҰҚШҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы 11 кандидатура жолдады. Түркі мемлекеттері ұйымы байқаушылар миссиясынан – 6; Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясынан – 20; Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінен – 2 және Халықаралық Түркі академиясынан 3 кандидатура ұсынылды, – деді ол.
Отырыста ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров жергілікті атқарушы органдардың сайлаушылар тізімі бойынша үлкен жұмыс атқарғанын айтты.
– Өткен сайлау науқандарының тәжірибесі көрсеткендей, азаматтар көбінесе сайлаушылар тізімінде өздерін тексеру үшін уақтылы шаралар қабылдамайды және дауыс беру күні сайлаушылар тізіміне енгізу үшін жүгінеді. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп, сайлау науқанына екі онлайн-сервистің жұмысы бойынша бірлескен актілерді пысықтап, дайындады. Біріншісі, «Электрондық үкімет» порталында азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру, екіншісі, сайлау учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу жұмысы нақтылануда. Азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру онлайн-сервисінің мәні: e-gov порталы арқылы сервиске кіруге рұқсат берілген учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері сайлаушы жазбаша өтініш жасаған кезде сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның тұрақты тіркелген орны туралы ақпарат ала алады. Өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскесінің шекарасындағы аумақта тұрақты тіркелгені туралы мәліметтер расталған кезде учаскелік сайлау комиссиясы оны сайлаушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Керісінше жағдайда сайлаушылар тізіміне енгізуден бас тарту туралы дәлелді шешім қабылданады және өтініш берушіге оның көшірмесі беріледі. Бұл сервис 4 055 сайлау учаскесінде қолжетімді, – деді ол.
Айта кетейік тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылған және бұрын сайлаушылар тізіміне енгізілмеген азаматтардың сайлау құқығын іске асыру мақсатында сайлау күні сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша үй-жайда уақытша тіркеуге болады. Мұндай мүмкіндік республика бойынша 188 учаскеде ұсынылған.
Отырыста Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов бақылау және азаматтарды бірнеше рет тіркеуге жол бермеу тетіктері жайында сөз қозғады. Ол дауыс беру күні азаматтар eGov mobile қосымшасы, сондай-ақ танымал банктердің мобильді қосымшалары арқылы цифрлық құжаттарды ұсына алатынын құлаққағыс етті.
Өз кезегінде Нұрлан Әбдіров түпнұсқаның аналогы болып табылатын цифрлық құжаттар азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие бола бастағанын атап өтті.
Бұған қоса жиында сайлау науқанын өткізуге дайындық барысында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері құжаттардың дұрыстығын тексеру бойынша қосымша оқытудан өткені айтылды. Сондай-ақ азаматтарды электронды құжаттарды пайдалану мүмкіндігі туралы ақпараттандыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясы дайындаған екі тілдегі бейнеролик көрсетілді. Онда сайлаушылар тізіміне азаматтарды қосу және тексеру, есептен шығару куәліктері, сайлау учаскелерінің үй-жайларынан тыс дауыс беру, шетелде дауыс беру және тағы басқа сайлау науқанының 11 тақырыбына қатысты мәліметтер айтылады. Бұл бейнебаян алдағы күндері республикалық және өңірлік телеарналардың эфирлерінде көрсетілмекші.
Басқосуда комиссия төрағасы Ортсайлауком мүшелері сайлау инфрақұрылымының дайындығын, сайлауды ұйымдастырушылардың қызметін тексеретін, сайлау процесіне қатысушыларға қажетті әдістемелік және практикалық көмек көрсететін өңірлерге сапарларын жалғастыратынын хабарлады. Сонымен қатар сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларына сәйкес аумақтық, учаскелік сайлау комиссиялары бірқатар қажетті іс-шара өткізілетінін мәлімдеді. 2023 жылғы 9 наурызға дейін тиісті аумақтық сайлау комиссияларының жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің басталуы мен аяқталуының өзге уақытын белгілеу туралы шешімдері сайлаушыларға жеткізілетін еске салды.