Әлемнің ең үздік 30 қаласының қатарына қосылып, дүние жүзіндегі керемет шаһарлармен иық тірестіруге бет түзеген елорда қазірдің өзінде межелі міндеттердің ауқымдыларын орындап, белес биігін бағындырып үлгерді. Астана – архитектураның соны иірімдері негізінде бой көтерген, сол иірімдер мен шексіз қиял шебер шендестіріле өрілген әсем шаһар. Оның бас жоспары Халықаралық ықпалдастық жөніндегі жапон агенттігінің зерттеу тобы мен әлемге аты мәшһүр сәулет өнерінің хас шебері Киса Курокаваның жетекшілігімен жүзеге асты. Дегенмен, халықаралық тәжірибенің игі ықпалы мен өзгеше үрдісі бір ғана сәулетші идеясымен шектеліп қалған жоқ. Сарыарқа төріндегі жаңа елорданың, ондағы қайталанбас ғимараттар негізінің қалануына, олардың жер-жаһанның өзге де архитектуралық нысандарының арасынан асқақ көрінуіне өзінің лайықты қолтаңбасын қалдырған тағы бір тұлға бар. Ол – Ұлыбританияның белгілі сәулетшісі Норман Фостер.
Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайының және әлем елдеріндегі бірқатар сәулет нысандарының авторы ретінде танылған бұл сәулетшінің шығармашылық қиялының тағы бір жемісі – «Хан Шатыр». Бұл ғимарат 2010 жылдың 5 шілдесінде, яғни Астана күні қарсаңында ашылып, оның ашылу салтанатына Қазақстан, Түркия, Армения, Украина, Тәжікстан, Ресей президенттері қатысқан болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ғимараттың алғаш қадасы қағылған күннен бастап, құрылыс алаңында жүргізілген жұмыстардың басы-қасында болып, оны үнемі қадағалап отырды. Себебі, бұл жоба әуел бастан-ақ Елбасының тікелей бастамасы бойынша бой көтерді. Сәні мен салтанаты қатар жарасым тауып келе жатқан Астана келбетіне айшықты көрініс беретін бұл нысан Президент резиденциясы мен үкіметтік ғимараттар кешенінен бастау алатын қаланың басты орталық белдеуін әдемі қорытындылап тұр.
«Хан Шатыр» – Астанадағы таңғажайып ғимараттардың ішіндегі ең көрнектілердің бірі. Шаһардың жаңа орталығының дәл кіндігінде орналасқан әсем ғимарат көшелі қазақ халқының көшпелі тіршілігінен хабар беріп қана қоймай, сол халықтың өз қолымен тұрғызған хан шатырларының тұтас бір жиынтық көрінісі іспетті. Ғимарат авторының сана түкпіріне жасырынған ізгі ойы міне, осыны меңзейтіндей.
Көркем елорданың сол жақ жағалауынан орын тепкен алып нысанның құрылысын ағылшындық «Foster & Parthers» фирмасы жобаласа, оның құрылысын түріктің «Сембол Иншаат» компаниясы толықтай жүзеге асырды. Сонымен, айналасы 4 жылдың ішінде бой көтерген, осылайша, 2010 жылы пайдалануға берілген берік монолиттік металл қондырғыларынан тұратын «Хан Шатырдың» биіктігі 150 метрді, ал жалпы аумағы 13300 шаршы метрді құрайды. Металл қондырғылардың жалпы салмағы – 2300 тонна. Озық архитектура мен инженерияның ең соны және осы заманға сай үлгілерінің басын біріктірген, 20 метр цемент іргетасқа орнатылған қаладағы ең биік және әлемдегі киіз үй пішіндес ең үлкен бірегей кешеннің құрылысына пайдаланылған материалдар мен технологиялардың, қондырғылардың кейбірі әлемдік архитектураның тәжірибесінде алғаш рет қолданылған.
Мәселен, «Хан Шатырдың» сыртқы қабаты мен күмбезін қаптаған этилфлуорэтиленді пленка, алып құрылыстың ішінде пайдаланылған арнайы жапқыштар мен орнатылған желдеткіш қондырғылар Арқаның құбылмалы ауа райы кезінде және Астана халқына үйреншікті болып кеткен боранды және аязды күндері кешендегі ауаның температурасын бірқалыпты ұстап тұруға мүмкіндік береді, ал жаз мезгілінде ғимарат ішінің ылғалды әрі салқын болуын қамтамасыз етеді. Яғни, нысанның ішіндегі температура мен ылғалдылық, жарық осындай жаңа заманғы технологиялар арқылы реттеліп, бақыланып отырады. Тұғырлы монолиттік сом құймалардан тұрғызылған кешеннің негізгі қаңқасы фторполимермен қапталған ұсақ торлы алып шатырдан тұрады. Қаптауға пайдаланылған фторполимер – жарықты молынан өткізіп, ғимараттың ішін ыстық пен суықтан қорғайтын таптырмайтын құрылыс материалы. Бір сөзбен айтқанда, жаңа сәулет құрылысы қатал климатқа төтеп беретіндей алдын ала ойластырылып, тұрғызылған. Бұл – Астананың көрікті ғимаратының өзіне ғана тән өзгеше өрнек-бедерінің айғағы.
Сонымен, Арқаның құбылмалы ауа райына бейімделіп салынған бұл ғимаратта бір мезетте 10 мың адамды қабылдап, қызмет көрсете алатын мүмкіндік қарастырылған. Орталықтың ішінде тропикалық бақтар, гүлзарлар, субұрқақтар бар. Ерекше құрылыс нысаны аяқталмай тұрып, «Хан Шатырдың» ашылуын тағатсыздана күткендердің арасында әлемнің барлық жетекші сауда компанияларының өкілдері де бар болатын. Бұл компания ұзақ жылдар бойы жаһандық сауда айналымында өзінің бизнесін нәтижелі және сәтті жүргізіп келеді. Бүгінде бұл компанияның өнімдері сатылатын сауда орталығының көлемі 3 мың шаршы метрді құрап отыр. Мұнда Mudo Concept брендтерін сататын, 1500 шаршы метр аумақты алып жатқан сауда орталығы да бар. Бұл компания астаналықтарға қонақүйлерге, мейрамханаларға, дәмханаларға және барларға қажетті барлық бұйымдар мен техникаларды ұсынып келеді. Бұған қоса, «Хан Шатырда» «Adidas», «Zara», «Lacoste», «New Yorker», «Bershka», «GAP», «The Timberland Company», «Reebok», «Swarovski», «Mexx», «Levi Strauss & Go.» секілді 30-дан астам әлемдік брендтердің өнімдері орналасқан.
Бүгінде бүкіл сауда алаңы 6 мың шаршы метрден асатын «Хан Шатыр» сауда орталығы елордадағы ең үлкен гипермаркетке айналған. Сауда алаңдарынан басқа «Хан Шатыр» орталығында «Риксос СПА» фитнес және СПА орталықтары жұмыс істейді. Бұл ғимараттағы назар аударуға тұрарлық тағы бір бұрыш – «Өнер галереясы». Сіз бұл жерде қазақстандық суретшілер мен қолөнершілердің қолынан шыққан тамаша туындылардың куәгері бола аласыз.
Жалпы алғанда, мұнда кез келген жан өзінің уақытын көңілді әрі қызықты өткізе алады. Мәселен, бірінші қабаттағы 700 автокөлікке арналған паркинг, екінші қабатта орналасқан сауда дүкендері, үшінші қабаттағы 450 орындық кинозал, төртінші қабаттағы кіші-гольф және балаларға арналған ойын алаңдары, өзге қабаттарда орналасқан түрік моншалары мен сұлулық салондары, фитнес орталығы, концерт залдары елордалықтардың ғана емес, шетелдерден келген туристердің де жайлы демалысының кепілі болмақ.
Ғимараттың әрбір қабатында мейрамханалар мен дәмханалар бар. Олардың әрқайсысында тәжірибелі аспазшылар астаналықтар үшін дүние жүзі асханаларының тіл үйіретін дәмді астарын әзірлеп, ұсынады. Мәселен, бұл орталықтағы KFC, Krusty Krabs, Turka сынды фаст-фуд мейрамханалар желісі орналасқан жерлерден алуан түрлі тағамдардан, үлкендер мен балаларға арналған түрлі ас мәзірлерінен дәм татуға болалы.
Орталықтың алтыншы қабатында жүзу бассейні, аквапарк және әмбебап жабық жағажай орналасқан. «Хан Шатырдың» шырқау биігіндегі пальмалармен қоршалған жабық, құмды жағажай мен хауыздар, ондағы жасанды толқындар тынығушыларды әлемнің бейнебір тропикалық жерлерінде, мәселен, Жерорта теңізінде демалып жүргендей әсер қалдыруы мүмкін. Мұндағы тереңдігі 160 см. болатын хауыздың жағажайына төселген құм алыс аралдардан жеткізілген. «Шатыр» ішіндегі әдемі табиғи ландшафттың өзі көрген жанның көзін қуантпай қоймасы анық. Себебі, табиғаттың түрлі климаттық белдеулерінде өсетін жасыл желекті экзотикалық өсімдіктер шетелдің түкпір-түкпірінен арнайы әкелінген. Сондықтан, мұндағы тропикалық су бағы мен алыс Мальдив аралдарынан жеткізілген жұмсақ құм төселген керемет жағажай – орталықтың ең қызықты демалыс орындарының бірі.
Ал ғимараттағы кинотеатрда дүние жүзіне кеңінен танымал «Стар Синема» компаниясы әлем бойынша шыққан соңғы, жаңа фильмдерді жұртшылыққа ұсынып келеді. Сонымен қатар, бұл жерде «саяхат жасайтын» монорельсті теміржол, 7 және 4 метр биіктіктегі кедергілері бар суда жүзу орталықтары орын тепкен. Мәселен, монорельс аттракционына барған кез келген жан 4 «үңгіртаудан» өтеді, олардың барлығы түрлі анимацияға толы және жарықпен жарақтандырылған. Бір сөзбен айтқанда, аталған нысан – отбасыңызбен, балаларыңызбен келіп алаңсыз демалуға таптырмас мекен.
Елорданың таңғажайып, қайталанбас ғимарат-нысандарының келісті көшін жалғастырған «Хан Шатыр» кезінде әйгілі Дискавери телеарнасының да назарын өзіне аударды. Жетекші телеарнаның «Әлемнің таңғажайып құрылыстары» сериясы бойынша «Дүние жүзіндегі ең алып шатыр» деген атпен деректі фильм түсіруі, міне, осының бір дәлелі. Бұл деректі фильмде «Шатыр» құрылысының негізі қаланған сәттен бастап, оның еңселі ғимаратқа айналу кезеңдеріне дейінгі аралықта кездескен түрлі қиындықтар мен қайталанбас сәттер жан-жақты және ешбір боямасыз баяндалып, шебер суреттеледі. Егер, жер-жаһанның ең айшықты деген ғимараттарының ішінен дүние жүзіне танымал телеарнаның назарына іліккен нысанның кемде-кем екенін ескерсек, бұл сөзсіз, Норман Фостердің өзгеше идеясынан туындаған озық ғимараттың өзіндік бедел-биігі мен қайталанбас үлгісінің мойындалғаны болып табылатыны белгілі. Сол себепті де, бүгінде «Хан Шатырды» салудағы соны технологиялық шешімдер жаңа заманға сай «құрылыс ғылымындағы» қайталанбас нысан ретінде бағаланып келеді.
Сондай-ақ, «Хан Шатыр» Forbes Style журналының нұсқасы бойынша да әлемнің ең үздік он экоғимаратының тізіміне енгенін, мұндай құрметке ТМД елдерінен тек Қазақстан ғана лайықты болғанын атап өткен жөн.
Бір сөзбен айтқанда, Астана ажарын айшықтай түскен «Хан Шатыр» – шаһардың архитектуралық ансамбльдерінің көш басында тұрған ғимараттардың бірегейі. Демек, бұл нысан ұзақ жылдар бойы «озық технологиялық ойдың» символы әрі мақтанышы болатыны, халық көп шоғырланатын бірден-бір туристік кешенге айналатыны сөзсіз.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».