Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Астана Балет» театрының мерейтойлық маусымға арналған іс-шаралар жоспары таныстырылды. Алқалы жиында театр директоры Александр Совостьянов, көркемдік жетекші Нұрлан Қанетов, бас дирижер Арман Оразғалиев, сондай-ақ Urker тобының мүшелері Айдос Сағат пен Рүстем Мусин баяндама жасады.
Аталған өнер ордасы биылғы оныншы мерейтойлық маусымның екінші жартысында да көрермен назарына қызықты әрі мазмұнды бағдарлама ұсынбақ. Оның ішінде театр репертуарындағы үздік қойылымдар, жаңа премьералар, танымал әртістермен, ұжымдармен бірлескен іс-шаралар мен гастрольдік сапарлар бар. Театр директоры Александр Совостьяновтың айтуынша, 21-22 наурызда «Астана Балет» сахнасында мәдени құбылысқа айналған Urker тобының 30 жылдығы қарсаңында театрдың симфониялық оркестрімен бірлескен концертке дайындық жүріп жатыр. Бұл кеш мамыр айында Алматы қаласында да өткізіледі.
«Маусымның тағы бір ерекше қойылымы – талантты әртістер Светлана Захарова мен Диана Вишнева өнер көрсететін «Кармен-сюита» спектаклі. Бірі сәуір айында, екіншісі мамыр айында Алматыдағы гастроль барысында сахнаға шығады. Спектакль оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Ж.Бизе – Р.Щедриннің музыкасына кубалық хореограф Альберто Алонсо қойған, техникалық орындалуы тұрғысынан аса күрделі әрі буырқанған сезімге толы «Кармен-сюита» балеті сәтті шығады деп ойлаймын. Бұдан бөлек Қазақстандағы Франция елшілігі жыл сайын «Франкомфония көктемі» деген атаумен мәдени іс-шаралар өткізеді. Биыл театр өнерін сүйер қауым үшін елшіліктің ғаламат тартуы да дайын. Францияның Rue des arts ұжымы елімізде алғаш рет өнер көрсетіп, әйгілі Costard қойылымын 9 сәуірде «Астана Балет» театрының сахнасында паш етеді», деді Александр Совостьянов.
Сонымен бірге 15-16 сәуірде қос премьера таныстырылмақ. Айнұр Әбілғазинаның «Soli Deo Gloria» және Олжас Маханбетәлиевтің «Nine» атты заманауи бір актілі балеттеріне бүгінде қызу дайындық жүріп жатыр. Ал 1 мамырда І республикалық «Ашық сахна» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, «Жеті қазына» хореографиялық миниатюрасының премьерасы көрсетіледі. Айта кетейік, осы байқаудың арқасында хореография өнері саласындағы дарынды хореограф, сценограф, композитор, сценаристер топ жарған еді. Дүбірлі дода заманауи отандық хореографияны дамытуда тың идеялар мен формаларды тауып, балет өнері саласындағы ұлттық дәстүрдің барынша тамыр жаюына ықпалдасу мақсатында бастау алған.
«Театр ұжымы 22-23 сәуірде Ақтөбе қаласына гастрольдік сапарын өткізіп, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының сахнасында Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» және Джордж Баланчиннің «Серенада» балеті ұсынады. 13-21 мамыр күндері аралығында «Астана Балет» театрының ұжымы әлемдік және отандық классика жауһарлары мен бірегей хореографиялық қойылымдарын Алматының талғампаз көрермен қауымына тарту етеді. Almaty Theatre сахнасында Дж.Баланчиннің «Серенада», А.Алонсоның «Кармен-сюита», И.Килианның «Жолдан тайғандар», Карина Абдуллинаның «Тағдыр бұлтарыстары» және Мукарам Авахридің «Саломея» секілді туындылары көрсетіледі. Ал маусымның жабылуында классиканың биік үлгілерінен бастап, заманауи хореография өнерінің бірегей туындылары паш етіледі», деді театр директоры.
Айта кетейік, аталған жоба-жоспарлар Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.