Театр • 09 Наурыз, 2023

Елдегі театрлардың жағдайы қалай?

809 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Ұлттық театрдың туған күні төңірегінде талас күні бүгінге дейін толастамай келе жатса да, театрдың туған күні Жүсіпбек Аймауытовтың режиссерлігімен Семейде сахналанған «Біржан – Сара» айтысынан бастау алатыны туралы аға буын өнер зерттеушілері Бағыбек Құндақбайұлы мен Әшірбек Сығай айтып та, жазып та өтті. Ақпан айына дәлме-дәл келетін осы атаулы күнмен театр өнеріне байланысты игі шаралардың молынан атқарылып жататыны да сондықтан болса керек.
Бір басынан бірде өркендеу кезеңін, бірде құлдырау шағын өткеріп келе жатқан ұлттық драма театрларының шығармашылық жағдайын сүзгіден өткізіп, жетістігі мен кемшілігін қатар саралап отырған Қазақстан Театр сыншылары бірлестігі төрт жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Айтулы күннің аясында театр сыншылары бас қосып, былтырғы театр фестивальдерінің ерекшеліктері, сахналық қойылымдардың көркемдік сапасы туралы сөз қозғап, бүгінгі қазақ театр режиссурасындағы ізденістер мен іркілістер туралы келелі әңгіме өрістеткен еді.

Елдегі театрлардың жағдайы қалай?

Облыстық театрлар режиссурасы сын көтермейді

 

Театр – тірі ағза, ойландыратын орын. Сан ғасыр өтсе де, өзектілігін жоғалтпай келе жатқан өнер түрі болуы­мен құнды. Бүгінгі театр өні­мінің сапа­сы қандай? Театр режис­сура­сында жаңалық бар ма?

аваБақыт НҰРПЕЙІС,

өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры:

– Былтырғы мониторинг нәтижесіне сүйенсек, дәл қазіргі кезде Қазақстан театрларында жүзден астам режиссер (аға, орта, жас буын) жұмыс істеп жатыр. Бұл өзіміздің қазақстандық режиссерлер, бұған алыс-жақын шетелдерден шақы­рыл­ған режиссерлерді қосып отырған жоқпыз. Негізінде режиссурадағы жа­ңалық деген қиын мәселе. Өйткені тың шешімнен ғана жаңалық туындайды. Егер бүгінгі режиссураға осы көзқа­рас тұр­ғысынан қарайтын болсақ, қазіргі за­манның бағыт-бағдарына, көрермен­нің эстетикалық талғамына, рухани сұра­ны­сына байланысты режиссер­лер­дің бар­лығы бірдей жаңа ізденістер­ге барып жатыр деп айта алмаймыз. Әсіресе көп­теген облыстық театрдың ре­жиссурасы сын көтермейтін дәрежеде екендігін жасыра алмаймыз. Олардың спектакльдері бұрынғы келмеске кетіп бара жатқан театрдың шылауында қалып тұр. Дәлірек айтқанда, шығармадан тыс, пьесаның ерекшелігінен бөлек режиссерлік шешімдереге бара алмай отыр. Ал режиссурадағы екінші бағыт – спектакльдерді заманауи әдістермен қою. Мұндай режиссура реализмнен гөрі, спектакльді шарттылыққа құрып ойнау үрдісінің физикалық, когни­тивті әдістеріне сүйенеді. Еуропада жүр­гізіліп жатқан әртүрлі режиссерлік экс­перименттік және лабораториялық жұмыстарды көре отырып, батыл ізде­ністерін жалғастырып жүрген Д.Жұ­мабайдың, Е.Нұрсұлтанның, Ф.Мол­дағалидың, А.Салбанның, Р.Махатаевтың, Г.Адайдың, Ә.Өмір­бекұлының, Ұ.Қа­рыпбаевтың  спек­такльдерінен әлемдік театр өнерінде бо­лып жатқан тың жаңалықтардың әсері бай­қалады.

Ең жас буын режиссерлердің іші­нен Рача Махатаевтың жұмыстарын айрықша атап өтуге болады. Бүгінгі театр мәдениетімен қойылған оның спек­такльдері шарттылыққа құрылып, актерлерден қысқа ғана уақыттың ішін­­де өз бейнелерін толыққанды әрі түсі­нік­ті етіп жеткізуге бағытталуымен ерек­ше­ленеді. Ол қойылымның көркемдік кілтін, пластикалық формасын, бейне­лік шешімін табумен бірге актерлерді бүгінгі жаңа тәсілдермен ойнатуға күшін салып жүр.

Келесі жас режиссеріміз Әлібек Өмір­бекұлы қазақ театр сахнасына мүлде басқа постмодернистік театр эстетикасын алып келді. Оның спектакльдері визуальді метафораларымен, символдарымен, семиотикалық белгілерімен бүгінгі қо­ғамда орын алып отырған мәселелерді өткір театрлық тілмен айта алуымен дараланады.

Қорыта айтқанда, қазіргі технология жетістіктерін пайдалана отырып, бүгінгі көрерменге пьесалардың бай мазмұнын, ішкі сырын, сөз құдіретінің қасиетін, ұлттық мінез ерекшеліктерін қаймағын бұзбай көрсету режиссерлеріміздің бас­ты міндетіне айналуы керек.

 

Шығармашылық одақтар өз қазанында қайнап, қауқарсыздық танытып отыр

 

Бүгінгі драматургия туралы пі­кір әрқилы, бірі оны «дамыған» деп әспет­тейді, бірі «жоқ» деп даурығады. Шын мәнінде, драматургия заман талабына жауап бере ме, жақсы драматург қандай болуы керек?

выв

Аманкелді МҰҚАН,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі:

– Драматургия бір сәтте, бір жыл­да жазыла салатын жеңіл жанр емес. Сон­дықтан өткен бір жыл емес, бірер жыл­дың төңірегіндегі маңызды оқиға­ға назар аудару қажет. Ол алдымен ел Тәуелсіздігінің – 30 жылдығы, жыр алы­бы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, ұлы Абай Құнанбаевтың – 175, М.Әуезовтің –125 жылдығы тағы басқа да тарихи тұлғалардың есімдері атап өтілді. Осындай танымал тұлғалардың мерейтойы тұ­сында қазақ театр репертуары мен дра­матургиясында қандай жаңалық бо­латыны да алдын ала белгілі. Алдымен тілге оралатыны Жамбыл, Әлихан, Абай­дың, Мұхтар, Әміре, Темірбектің, т.б. танымал тұлғалардың өмірі мен шы­ғармашылығына терең үңіліп, олар­ды жаңаша оқуға, соны қырынан ашу­ға талпыныстың болуы үйреншікті жайт. Солай болды да. Отандық драма­тур­гиядағы бұрыннан бар бұл үдеріс, бүгінгі қазақ драматургиясында жал­ға­суда. Бұл тарихи-танымдық, тұлға-та­нымдық маңызды тақырыптар кеңестік дәуір­дің соңғы жылдарында «жариялық заман­нан» бастау алатын үдерістің жал­ғастығы. Олар Тәуелсіздік кезеңінде жа­ңаша көзқарас, жаңа деректермен толығып, Кеңестік дәуірдің билігі екіге бөліп тастаған қазақ зиялылары мен танымал қоғам қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы, тәуелсіздік үшін күрес жолы қайта жаңғыру үдерісі жал­ғасын тауып жатыр.

Екіншіден, өткен 2022 жыл ел Пре­зидентінің бастамасымен Балалар жылы болып жариялануына байла­ныс­ты елімізде балалар театрының ре­пер­­туарына назар аударылды. Бар­лық іс-шара нәтижелі болды деп айта ал­май­мыз. Бір ерекше атап өтетін жайт, Т.Ахтанов атындағы балалар мен жас­өс­пірімдер шығармашылығын да­мы­ту­ға арнап ұйымдастырған Ақтөбе облысы әкімдігінің І Республикалық үздік дра­матургия байқауы болды (04.10.2022). Балалар репертуарының қажетін өтеуге арналған мұндай арнайы жазылатын пьесаларға конкурстар тұрақты өткізіліп тұруы керек. Әртүрлі жастағы балалар аудиториясына қажетті пьесалардың жа­зылуына ерекше мән берілуі қажеттігін баса айтамыз.

Үшіншіден, еліміз драматургиясын дамытуда соны күш алған бағыт – бұл жас драматургтердің пайда болуы және олардың «жаңа драма» жасау жолындағы ізденістерінің жеміс бере бастауы. Бұл бағытта жетістігіміз көп деп айта алмасақ та сең қозғалды, авторлар театрмен қалай жұмыс істеуді, қандай тақырыптарды көтеруді, бүгінгі көременнің сұранысы мен қажетіне жарайтын пьеса жазуды білді. «Drama.kz» жаңа драма фестивалі біздің жастармыздың шығармашылығына жаңа үн, өзіндік бағыт-бағдар беріп келеді. Қазақ тілді драматургтер қатарына қосылып жатқан батыл жастар туралы айтпай кете алмаймыз. Олар: Әлішер Рахат, Жәнібек Әлкен, Айнұр Кәрім, Нұрайна Сәтпаева, Малика Илахунова, Ольга Малышева, Айдана Аламан, Мия Әлқожа және т.б. Келешекте ұлт театрының драматургия көшін бастайтын да осы жастар болмақ. 

Көрерменге электронды билет сата­тын Тикетон жүйесінің есебінше елі­міз­де жұмыс істейтін театрлар саны 73 деген дерек беріпті. Міне, осыншама театр­дың репертуарының азығы болар пьеса­лар көптеп жазылу керек. Ол қа­жет­тілік, заңдылық. Қазақ театрының ұлт драматургиясын өркендету арқылы айтары әлі алда. Бізде театрлардың басым бөлігін облыстық театрлар құрайды. Сол өңірлерде сапалы пьесаның жазылуына назар аударуымыз керек. Жазылған пьеса тек бір өңірдің, бір тайпа мен атаның атын ғана жалаулатып тар шеңберде қа­лып қоймай, барша қазақ театры үшін қы­зықты, кез келген өңірдің театры қоя­тын­дай дүние тудыру үшін еңбектену керек.

Тәуелсіз қазақ театрының шығарма­шылық ісін жүргізуде, репертуарлық театр жүйесінде кеңестік дәуірдегі үлгі тұтастай сақталып отырғандықтан, біз оның заманға сай тетіктерін әліге дейін жасай алмадық. Орталықтан басқарылу, драматургияны дамытуға репертуарлық кеңестің жұмысын, драма, опера, балет, халық театрлары жүйесі бар да, оның «шикізатын, азығын» өздерің тауып алыңдар деген сыңайлы. Осыған орай мынандай ұсыныстар айтамын:

  1. Драматургия дегеніміз жеке қа­ламгердің жазып тастаған пьесасымен бітетін шаруа емес. Әуезовше айтсақ, пьеса театр репертуарының «шикізаты, азығы». Пьеса жазылуы үлкен, ұзақ, жүйкені тоздыратын жұмыстың тек бас­тамасы. Негізгі жұмыс театр репер­туа­рына қабылданып, режиссер, актер, көр­кемдік кеңес сүзгісінен өтіп көрерме­ніне жеткенде барып соңғы нүкте қойылады.
  2. Драматургтер еңбегіне сай қалам­ақы­сын аға буын драматургтердей алуы керек. Тегін шығармашылықпен ай­на­лысу бүгінгідей сананы нарық биле­ген заманда далақтап бос шапқанның өнім­сіз ісі. Олардың театрдағы орны мен рө­лін көтеруге байланысты жұмыстар жүр­гізілуі керек. Театрларымыздың бас­шылары автордан үнемдеудің түрлі жол­дарын біледі. Тағы да авторды театр бас­шыларына тәуелді ету бұл саланы алға бастырмайды.
  3. Өткен жылдың 16-22 мамыр ара­лығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бірлесіп ұйымдастыруымен Халық­ара­лық «Rejisser. Dramaturg. START-2022» режиссерлік лабораториялық жобасы өтті. «R.D.S» жас режиссерлер мен дра­матургтердің шығармашылық бай­ланысын нығайту, олардың заманға сай идеялары мен жаңаша көзқара­сын қалыптастыру және қазақ театр сала­сында жаңа драмалық шығармалар мен драматургтердің артуына себепкер болуды көздейді. Міне, осындай іс-шара­лар пьеса жазуға талпынатын жастар үшін де тосырқамайтын, үйреншікті, қалыпты жай болғаны керек. Театр мен режиссердің драматургсіз кейпін қанаты жоқ құсқа ұқсаттым. Режиссер мен театрды драматургке жақындату үшін белсенділік танытарлық арнайы іс-шаралар өткізу қолға алынуы керек.

Одақтар арасында шығармашылық қатынас орнату және белсенді жұмыс істеу шаралары қолға алынбай бүгін­де елімізде бар театрлардың жаңа шы­ғармаларға деген сұранысы өтелмек емес. Әр шығармашылық Одақ өз қаза­нында қайнап, толыққанды өнім бе­руге келгенде қауқарсыздық таныту­да. Опера, мюзикл, балет жазғысы келе­тін композиторлар одағы бар, либретто жазатын авторымыз жоқ деп ауызды қу шөппен сүртеді. Моно, деректі, инклюзивті, т.б. театрлар жасағысы келетін жас режиссерлеріміз толып жүр, ойласып, соларға серік болатын автор драматургтер тапшы. Қазіргідей күрделі кезеңде халықтың көңілін көтеретін, ой салатын жақсы комедия қойғысы келетіндерін айтып театрлар мен режиссерлердің көпшілігі өтініш жасайды. Шығармашылық одақтардың жұмысына жан бітіретіндей мүмкіндіктер мол. Демек, театр қайраткерлері, ком­позиторлар, киногерлер, суретшілер, т.б. одақ­тарын жұмылдырып, жаңа баста­мамен бірге жұмыс істеу қажет. Осындай бастама көтеріп ортақ атқарар жұмыстар бағытын айқындап, бірге еңбектенетін болсақ, бұл – жұмысты әртараптандырып әрі түрлендіріп жіберер еді.

 

Аударма пьесалар көбейіп барады

 

Дөңгелек үстел басында репертуар мәселесі жақсы талқыланып жа­тыр. Театр репертуарында аудар­ма спектакльдердің көп болуы нені білдіреді? Бұл отандық драма­тур­гияның осалдығы ма, әлде классиканы өлтірмеудің ұтымды жолы ма?

ввв

Зухра ИСЛАМБАЕВА,

театртанушы, өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры:

– Репертуар – театр айнасы дейміз. Яғни сол айнаға қарап театр өнерінің қай кезеңдегі болсын деңгейін аңғаруға мүмкіндік мол. Өткен, 2022 жылғы елі­міздегі театрлардың сахнасына шық­қан қойылымдарды саралағанда ең алды­мен көзге түскені Мұхтар Әуезов шы­ғармаларының басымдығы болды. «Қарагөз» (төрт театрда қойылған), «Айман – Шолпан», «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Көксерек» (екі театр­да қойылған) сияқты бірнеше шығар­ма­сы­ның сахнаға шығу себебі жазушының 125 жылдық мерейтойына байланысты еді. Сол сияқты У.Шекспир, Н.В.Гоголь драматургиясы да бір жылдың ішінде бірнеше театрдың репертуарын то­лықтырған. Бір ғана Тотал театрында Елена Локшинаның бес бірдей пьесасы көрерменге жол тартыпты. Ғ.Мүсірепов, А.Чехов, А.Островский, Д.Исабеков, Қ.Бегмановтардың пьесалары көптеген театрдың сахнасынан орын алған. Қа­зіргі таңда көптің көкейінде жүрген Алаш қайраткерлерінің көркемдік бей­несінің А.Байтұрсынұлының «Не жазып ем...», А.Шаяхметтің «Ахмет», А.Тасымбековтің «АЛЖИР», Ө.Ахмет­тің «Алаштың Ахметі» пьеса­ларында көрініс табуы қуантады. Мұ­ның барлығы еліміздегі театрлардың жан-жақты ізде­ніс үстінде екендігін байқатады.

Дегенмен осы орайда ойланатын, ойландыратын мәселелердің барын жасы­ра алмаймыз. Ең алдымен айтарымыз, қа­зақ театрларында аударма пьесалардың тым көптігі. Бұл дәл қазіргі уақытта қазақ драматургиясының халін аңғартып тұр емес пе? Бір ғана Ғ.Мүсірепов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академия­лық балалар мен жасөспірімдер театры­ның бір жылдағы премьераларының (Г.Лорка, У.Шекспир, Б.Абдурразаков, М.Супонин, Ж.Ануй) барлығының да аударма шығармалар болуының өзі ре­пертуарлық саясатқа нұқсан келтірмей ме? Мұндай мысал көп-ақ: Т.Ахтанов атындағы, Қ.Қуанышбаев атындағы, Ә.Мәмбетов атындағы, Ш.Құсайынов атындағы, С.Мұқанов атындағы, Аста­на қаласындағы музыкалық жас кө­рермен театрлары, т.б. Әрине аудар­ма пьесалардың әрбір театрдың репер­туа­рында болуы қажеттігін жоққа шы­ғармаймыз. Мұндай дүниелер шы­ғар­машылық ұжымның танымын кеңейтіп, қиял өрісін дамытады. Бұл жерде аударма спектакльдердің пайыздық көрсеткішінің тым басымдығын айтып отырмыз.

Тағы бір айта кетерлігі, ұлттық және аудар­ма классикалық пьесалардың қайталанып қойылуы таптаурындылыққа, қайталауға алып келетін жол деп білеміз. Нақтысын айт­қанда, замандастардың өмір-тағдырын, бүгінгі қоғамда да, адам өмірінде де орын алып жатқан сан мыңдаған мәселені қозғайтын тың дүниелердің жоқтығы У.Шекспирдің, Г.Хугаевтың, А.Цагарелидің, М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, С.Ахмадтың, тағы басқа драматургтердің шығармаларын қайталап қоюға алып келіп отыр. Сол сияқты бізде бір автордың тек қана бір шығармасын жүздеген жыл бойы сахналау дәстүрі бар. Неге М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, К.Гольдонидің, К.Гоциидің, Г.Ибсеннің және т.б. драматургтердің сахналану дәс­түрі қалыптаспаған өзге шығармаларын жарыққа шығармасқа деген ойымыз бар. Бұл ұжым­дардың ізденісін одан әрі арттырып, көрерменге жаңа көзқарас, жаңа эстетикалық ләззат сыйлар еді. 

 

Актерлік өнер ақсап тұр

 

Сахнада кейіпкер образы ашылмаса, режиссер еңбегінің далаға кеткені. Сахна­ның темірқазығы – актер. Ал бүгінгі актер­лердің ішінде сенімсіз, жасанды, нашар ойнай­тындары көп. Бұл кімнің кінәсі – даяр­лаған ұстаздың ба, жұмысқа қабылдаған ди­ректордың ба?

авава

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты:

– Қазақстан театр сыншылары бірлестігі ұйымдастырған «Сыншылар жүлдесі» еліміздің сахна өнерінде бір жылдың ішінде өткен мәдени үдерісті жан-жақты саралауымен маңызды және қажетті. Бұл іс-шара театр мамандарының бір жылда жеткен жетістігі мен іркілістерін сандық және сапалық деңгейде саралауға мол мүмкіндік береді. Театр сыншылары келіп түскен ұсыныстарды қарастыра отырып, көрген спектакльдерімізді талдауға алдық. Сол кезде бірқатар қиындық болғаны рас. Әсіресе «Жыл актері», «Жыл актрисасы», «Эпизодтық рөл­дегі жыл актері», «Эпизодтық рөлдегі жыл актрисасы», «Екінші пландағы жыл актері», «Екінші пландағы жыл актрисасы», «Үз­дік актерлік дуэт», «Жыл қуыршақ актері» ата­лымдарына жеңімпаздарды анықтағанда көп қиналдық. Бұл, біріншіден, театр тілінің жаңаруымен, сахналық өнердің даму контес­ті­мен байланысты болып отыр. Мәселен, көп­теген спектакльде бас қаһармандар режис­сер тұжырымдамасына сай трансформацияға ұшырап кетеді. Бір спектакльде бір кейіпкерді бірнеше актер бөліп ойнайтын да жағдайлар өте көп. Басқаша айтсақ, актерлік өнер күрделі театрлық дискурстың бір элементі ретінде ғана қабылданады. Ол мультимедиамен, музыкамен, сценографиямен жарысқа түсіп, жетекшілік рөлін әлсіреткен. Бір спектакльдің барысында толыққанды жасалған актерлік бейнелерді көру қиындық туғызады. Осының салдарынан актерлік өнерге қатысты аталымдар бойынша лайықты үміткерлерді анықтауда көп талас-тартыс орын алды.  

Кейіпкер бейнесін жасауда актерлік ізде­ністер жоқ емес. Көп өнерпазымыз қарым-қа­білеті жеткенше еңбектеніп жүр. Дегенмен өткізіліп жатқан көптеген фестивальда, пре­мьера­ларда актерлік өнердің ақсап жатқа­нын көруге мәжбүрміз. Ұлттық, шетелдік клас­сика дейсіз бе, заманауи драматургия бол­сын көз тоқтатып, жаныңыз сүйсінетін әйел бейнесін табу аса қиын. Фактурасы мен сыртқы пішіні сұлу болса, дауыс-үні жағым­сыз болып шығады. Үні әсем бола қалса, сырт тұлғасы келіссіз екенін байқайсыз. Қара­гөзді, Ақбаланы, Баян мен Еңлікті, Кор­делияны, т.б. бейнесін сомдайтын көркі мен парасаты, таланты мен талабы қатар жүретін жас актрисаларды әлі де күтіп жүрміз. Осы тақылеттес ойды актерлерімізге де қарата айтсақ, артық емес. Актерлік өнердің бүгінгі тынысы «бірі кем дүние» деген теңеуге қатты ұқсап-ақ тұр.

 

Жарқын мінезді жас толқын келді

 

Сания ханым, сіз түрлі театр байқау­ларында қазылар алқасының құрамында төрелік жасауға жиі шақырыласыз. Қандай спектакльдерді ерекше атап өтер едіңіз?

ввв

Сания ҚАБДИЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры:

– 2022 жылы көрнекті актриса Ш.Жан­дар­бекованың 100 жылдығына арналған 28-республикалық театр фестивалі Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Мем­лекеттік академиялық музыкалық-драма театрының жаңа, әдемі ғимаратында өткізілді. Фестиваль өзінің кәсіби жоғары деңгейімен тәнті етті. Ф.Молдағали, А.Салбан, Д.Жұмабева, Р.Махатаев, Ұ.Қарыпбаев сынды жас режиссерлер қызық қойылымдарымен өздерін айқын да жарқын көрсете алды.

Олар өз спектакльдерінде күрделі де маңыз­ды тақырыптарды көтерді. Фестивальдың «Үздік спектаклі» атанған режиссер Ф.Молда­ғалидың «Алтайдан ауған ел» – бүгінгі қазақ­тың өзін-өзі тануда маңызы зор. Алтай­дан амалсыздан шетелдерге ауған қазақ­тар­дың трагедиясы режиссердің терең шеші­мінде және сахналық көріністе нағыз эпикалық шы­ғарма болып көрінді. Спектакль бейнелі мизан­сценаларға, әсерлі эпизодтарға, қызықты режис­серлік шешімдерге толы болды.

Шағын формадағы үздік спектакль Қазақ­станға жақсы танымал жас режиссер Р.Ма­ха­таев­тың режиссурасымен М.Горький атындағы академиялық орыс драма театрының (Астана) сахнасында қойылған «Найзағай» болды дер едім. Ресей Мемлекеттік сахна өнері инс­титутын А.Праудин шеберханасынан бітір­ген режиссер Қазақстанда он шақты спек­такль қойған. Ол әрбір спектаклінде актер­лермен, мәтінмен, рөлмен жұмыс істей алаты­нын көрсетті. Біздің бүгінгі Қазақстан режиссурасына осындай шеберлер жетпей тұр. Р.Махатаев қойылымдары режиссерлік терең ойларымен, өзіндік тұжырымдары­мен, көркемдік стильді сезінуімен, мінездерді жеке талдауымен, кеңістікпен және дыбыспен жұмыс істей алуымен ерекшеленеді.

«Үздік режиссер» сыйлығын «Текебұр­қақ» қойылымы үшін А.Салбан алды. Бұл өзек­ті спектакль бүгінгі қоғамға аяусыз сати­ралық көзқарасымен, режиссерлік өткір гро­тескісімен және актерлердің пластикалық айқындылығымен дараланды. Газеттік фор­мат бағдарламадағы әрбір қойылымға кеңі­нен тоқталуға мүмкіндік бермейді. Соған қара­мастан «Те-ART-Көкше» IV фестивалінде көрсе­тілген М.Әуезовтің «Көксерегін» айрық­ша атап өткім келеді. Жас татар режиссері Т.Куловпен жаңа буын талантты қазақ актерлері АОРДТ (Көкшетау) таңғажайып спектакль жасады. Олар мамандықты керемет игергенін, музыкалы, пластикалы, ең бастысы уақытты нәзік те нақты сезіне алатынын көрсетті.

 

Жүлдеге жаңа көзқарас керек

 

Барлық театр фестивальдары мен өнер бәсекесінің түпкі мақсаты – жүлде мен жеңіс. Осы жүлде белгілеу форматына бір өзгеріс жасайтын уақыт жеткен сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

апр

Анар ЕРКЕБАЙ,

өнертану кандидаты:

– Өткен жылдың желтоқсан айында Театр сыншыларының бірлестігі 2022 жылы сах­наланған қойылымдардың жетістіктерін сара­лай келе, өздері көрген дүниелерге кәсі­би талдау жүргізіп, режиссура, актерлік өнер, сценографиясы мен музыкалық көркем­де­луіне, хореографиясына баға бере отырып, үздіктерін анықтап, марапаттады. «Сыншы­лар жүлдесінде» тек бір күнтізбелік жылда қойыл­ған спектакльдер қарастырылып, нәтиже шығарылады. Театрдың тарихын жазып қал­дыратын театртанушылар болғандықтан, болашақта бұл жүлде арқылы еліміздің театр шежіресін қалыптастырсақ, бүгінгі таңда көрермен мен кәсіби мамандарға қазіргі еліміздегі театр өмірінің бағыт-бағдарының қандай жолмен, қай деңгейде дамып келе жатқанын да көрсетіп отырмыз.

Бұл іс-шараны төртінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Сонымен қатар біз осы жүлдеге жаңа көз-қараспен келдік деп баса айтқым келіп тұр. Елімізде өтетін фестивальдарға қатысатын әр театр бір аталымды алып, ауылына қайту – әдетке айналған құбылыс. «Сыншылар жүлдесі» бұл қағиданы бұзып отыр. Сондықтан да көрген спектакліміздің барлығы дерлік жүлдеге үміткер бола алмады. Керісінше, бір спектакль бірнеше аталымға ілікті.

Осы жылы «Сыншылар жүлдесі» 29 аталымнан тұрды. Сараптаманы еліміздегі барлық театрға жібердік. Осы жылы сауалды жіберген 70 театрдың 59-ы жауап қайтарды. 59 театрда 2022 күнтізбелік жыл көлемінде 257 премьера өтіпті, театр сыншылары солардың 112 спектаклін өз көзімен көрген. Әлемдік театр сыншыларының жазылмаған заңы бар – өз көзіңмен көрмеген спектакль туралы пікір айтпау. Біз де сол қағиданы ұстанып отырмыз. Әрине, бүгінгі цифрланып жатқан дәуірде Қазақстан театрлары да қойылымдарын видео­ға түсіріп отыр. Бірақ, сапалық жағын айтпа­ған­да, бейнеқойылымның атмосферасы мен тек тірі адамның ағзасына тән «кең бұрыш­ты» объективті оптикасының арқасында көзге түсетін ірі пландар, мағыналық, семантикалық әсері толық жетпейді.

Әрине, жүлде жүрген жерде қуанатындар­дың да, ренжитіндердің де болатыны заңды­­лық. Театр сыншыларының барлығы Алматы мен Астана қалаларында шоғырланғандықтан, біз көрген премьералардың дені осы қалалардағы ұжымдардікі болды. Облыстық театрлардағы жаңа қойылымдарды жол түсіп барған кезде ғана, сонымен қатар осы жылы үлкен үзілістен кейін Астанада өткен республикалық театр фестиваліне жаңа қойылымдардың қатысуы да біз үшін азық болды. Қазіргі таңда Б.Римова атындағы, Н.Бекежанов атындағы, Н.Жантө­рин атындағы, Ж.Аймауытов атындағы, С.Мұқа­нов атындағы театрлар сыншыларымен қоян-қолтық жұмыс істеп, премьераларына ресми шақырып, оларға талдау жасатып отыр.

Төрт жыл қатарынан жүргізген монито­ринг бізге де театрлардың шығармашылық жағдайынан хабар берсе, ұжымдар үшін де өте пайдалы болып отыр деп есептейміз. Сауалнамаға қатысып отырғанның барлығы мем­лекеттік театрлар. Әрине, олардың жыл сайын министрлікке, облыс, қала әкімдік­тері­не есеп тапсырып отыратыны белгілі. Бірақ сол есептердің нәтижесі көбінесе өз мекемелерінен аспайды, сайттарына ілінген күннің өзінде сол облыстың көлемінде ғана қаралады. Бүгінгі қоғамда экономиканы басқару механизмінде статистиканың орны бөлек болып отырғанын баршамыз көріп отырмыз.

Мәселен, жоғарыда айтып кеткендей, 2022 жылы 257 премьераны 159 режиссер, оның ішінде 25 шетелден шақыртылған мамандар қойыпты. Сол 257 премьераның сахналық сценографиясын жасаған 109 суретші, оның ішінде 11 шетелден шақыртылған және 72 хореограф биін қойған екен. Яғни театрда кәсіби мамандардың саны арта түскенін байқап отырмыз. Сондай-ақ мониторинг арқасында бір емес, бірнеше театрда спектакльді сахнаға шығарып  жүрген үлкен сұранысқа ие режис­сер, сценограф, хореографтарды анықтауға мүмкіндік берді. Жоғарыда айтып кеткен 159 режиссердің тең жартысы бір жылдың ішінде тек бір қойылымды ғана сахналағанын да көріп отырмыз. Осындай мәліметтердің барлығы бізді де, театрды да ойландырып, келесі жылға жоспарларды дұрыс құруға мүмкіндік береді деп есептейміз.

Дәл сондай, мониторингтің арқасында театрлардың менеджерлік саясаты, БАҚ-пен жұмысы, гастрольдік іссапарлары мен фестивальдарға қатысуы, қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша іс-шаралары айнадағыдай көрінеді. Спектакльдердің қойылу көрсеткіші, көрерменнің сұранысы да ұжымдардың шығармашылық деңгейін көрсетеді. Театр сыншыларының бірлестігі ақысыз, еш қаражатсыз осындай үлкен жұмыс атқарып жатқанын айтқымыз келеді. Сон­дықтан да еліміздің театр ұжымдарына бір­лесіп жұмыс атқарайық, жобалар жасайық, ақылдасайық деген ниетімізді білдіреміз.

апа 

Бүгінгі ұлттық театр өнерінің қайда бағыт алып бара жатқанын біліп отыру үшін осы тектес дөңгелек үстелдердің ұйым­дастырылуы маңызды. Театр сын­шыла­рының бас біріктіріп, сахна өнері төңірегінде топтасқан мәселеге мән беріп,  ашып көрсе­тіп, пікір білдіргендеріңіз үшін рахмет.

 

Дайындаған

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ