Форум • 09 Наурыз, 2023

Қыз-келіншектер бастамасына қолдау

285 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында SEN деп аталатын қыз-келіншектердің бірінші форумы бастау алды. Аталған іс-шараның өтуіне қала әкімдігі тікелей қолдау білдірген. Форум қатысушылары шаһардың нәзік жанды іскер қыз-келіншектері. Ал жалпы жиынның көздеген басты мақсаты – қыз баласын табысты болуға ынталандыру, өмірде жеке кәсібін ашып іс бастауға бағыт-бағдар сілтеу. Сондықтан да ұйымдастырушылар алқасының ұстанған қағидасы ол «Өзіңе сен, отбасыңа сен, еліңе сен – сенің қолыңнан бәрі келеді!» деген ұран.

Қыз-келіншектер бастамасына қолдау

Форумның ашылу салтанатына қа­тысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов сөзі­нің басын барша әйелдер қауымын көк­темнің алғашқы күн шуағымен бірге келетін 8 наурыз мерекесімен құттық­таумен бастады.

«Әйел адам – өмірдің нәрі. Олар­сыз тіршілік те мәнсіз. Гүлдей құл­пырған нә­зік жандылар дүниеге жаңа күш, жарық нұр сыйлайды. Одан қуаттанған бүкіл тірі жан иесі жоғары биікке ұмтылуға күш-құдірет алады. Сондықтан көктем мезгіліндегі шуақты мерекенің думаны сіздердің қуаныштарыңызбен басталады. Шаңы­рақтың шырақшысы, мейірім мен сұлулықтың символы өздеріңіз болып табыласыздар. Иә, тарихта қазақ қыз­дары жасаған ерлік, қалдырған мәңгі өшпес із жетерлік. Міне, осындай даңқ­ты аруларымыздың асқақ жолын сіздер ар-иба, абыроймен жалғап келесіздер», деді ол.

Тілегінің соңында әкім қыз-келін­шектер үшін шаһарда өзін-өзі дамытуға бар жағдай жасалғанын, ашылмаған талай жаңа мүмкіндіктердің бар екенін баяндады.

Қала басшысы мәлімдегендей, бүгін­де мемлекеттік саясат отбасы институтын, көпбалалы аналарды, әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге баса мән беріп отыр.

Сонымен бірге форум қы­зығын тама­шалауға «Бизнес инкубатор» бай­қауы­ның жеңімпазы атанған студент қыздар, «Ата­мекен», «Даму» корпорациясынан грант ұтып алған әйелдер мен отбасылық бизнеске енді қадам басқан көпбалалы аналар да келді. Барлығы да басқосу аясында көшбасшы әйелдермен жүздесіп табысқа жету жолдарының тәжірибесімен танысып үйренеді. Өз кезегінде табысты, іскер әйелдер өзін-өзі дамыту, мансаптық өсу, қаржыны дұрыс игеру, денсаулық күтімі мен жеке өмірге қатысты басқа да пайдалы жақтар бойын­ша ақыл-кеңестерін ұсынды.

Ал форумда төрге озған қонақтар арасынан жұрт Меруерт Өтекешева, Майра Мұхамедқызы, Ләйлә Сұлтанқызы, Арайлым Әуелбекова, Ханзада Есенова, Айка Алеми және Жания Дабырды таныды. Олардың барлығы да киноиндустрия, өнер, медиа, сән әлемі және кәсіпкерлік саласында көшбасшы болып жүрген жандар.

Сколково Мәскеу басқару мекте­бінің проректоры, әйел­дер бағдар­ламаларының директоры Марина Кар­бан форум­ның сыйлы қонағы болды. Ол қа­тысушылармен онлайн режімде тілдесіп, қазақстандық қыз-келін­шек­тердің барлық бас­тамасына жеңіс пен сәттілік тіледі.

Жоғарыда айтқанымыздай, SEN форумының басты міндетінің бірі – нә­зік жандылардың алға қойған мақсат­тарына жетулеріне көмектесу, сол жолда олардың әлеуеттерін толық ашу, сонымен қатар өзара танысуға, тәжірибе алмасуға ашық алаң ұсыну.

Сонымен бірге жиында бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып, танысып-біліскен спикерлер мен қатысушылар кейін де ұзақ уақытқа байланыс орнатып, оның соңы тиімді әріптестік қарым-қатынасқа ұласады деген үміт басым. Сондықтан қос тарап та алдағы уақытта отбасы, психология, қоғамдағы қарым-қатынас және тұлға болып қалыптасу секілді мәселелер төңірегінде арнайы осы тақырыптарға бағытталған қауымдастықтар ашуға, олардың жұмысын жүйелеуге бір-біріне қолғабыс тигізеді деген ойдамыз.

Сол себепті ұйымдас­тыру­шылар форум­ның берер пайдасы мол деп есеп­тейді. Ол біріншіден Қазақстандағы қыз-ке­ліншектердің қоғамнан өз орнын табуына, әрі қарай өсіп-жетілуіне қолдау көрсетеді. Екін­шіден осындай жиын, іс-шаралар арқылы олардың да бойын­да өз-өздеріне деген сенім мен күш пайда болады. Табысты болудың жаңа мүмкіндіктерін қарас­тыра бастайды. Сондықтан әйелдер қауымының ішкі жан тұрақ­тылығы өте маңызды рөл ойнайды. Өйткені қоғам отбасыдан құралады десек, ал шаңырақтың отын жаққан, отбасының берекесін кіргізетін әйелдер екенін ұмытпаған абзал. Бала тәрбиесіне де бірінші кезекте тікелей жауапты әйел адам саналады. Міне, қоғамдағы өзінің орнын жоғалтпауға, санасының сергек, ақылының ояу болуына көмектесетін осындай жылышырайлы басқосулар мен мәні зор форумдар.