Аймақтар • 10 Наурыз, 2023

Кондукторсыз жүйеге көшті

258 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жолаушылар тасымалдау саласында Шымкентте тың жаңалық бар. Осы нау­рыз айынан бастап автобустарда кондукторлар түбегейлі алынып тасталды. Енді жолаушылар олардың көмегінсіз жолақыны өздері төлейтін болды.

Кондукторсыз жүйеге көшті

Әлбетте, реформаны жүзеге асыру үшін алдлымен уақыт керек сосын халыққа оның маңыз­дылығын түсіндіру қажет. Осы орайда қалалық әкімдік тек­серуші-бақылаушы 150 азаматты қызметке қосты. Олардың міндеті автобустарды аралап, жо­лаушылардың жолақысын төлегенін тексеру, бақылау жа­сау және жолақыны қалай төлеуге болатынын адамдарға тү­сіндіру. Алғашқы кезде бақы­лау­шылар жай ғана халыққа шығып түсіндірме жұмыстарын жүргізді, жолақы төлемеген жағ­дайда қандай әкімшілік ша­­ралар қолданылатыны тура­лы ескерту жасады. Ендігі жер­де алғашқы екі-үш күндік сы­нақ пен жаңа реформаға үй­ре­нісу мерзімі аяқталған соң бақылаушылар ескертуден шын әрекетке көшті. Бұдан былай, жолақы төлемеген жолашылар бақылаушылар тарапынан анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәй­кес 6900 теңге төлейтін болады. Айыппұлды тексерушінің өзі емес, патрульдік полиция салады. Бақылаушылардың қолына автобусқа мініп, бірақ ақшасын төлемеген жолаушылар түсіп қал­са, сол жерде тексерушілер пат­­руль­­дік полицияны шақырып, әрі қарай айыппұл салу жұмысы тәртіп сақшыларының құзыретіне көшеді.

Кондукторсыз жүйеде жолаушылар автобустың алдыңғы есігінен кіріп, жолақысын төлеп, сосын діттеген аялдамасына жеткенде артқы есіктен түсуі шарт. Әрине, халқының саны миллионнан асатын республиканың үшінші мегаполисі үшін жаңа ережеге үйренісуге әлі шамалы уақыттың керек екені түсінікті. Бастапқыда жолаушы­лар сығы­лысып, қоғамдық көлікте кептеліс тудыратын. Бұрын оның бәрін кондукторлар реттеп отыратын. Өздері автобустің ішін аралап жүріп жолақы жинайтын. Дегенмен әр қиындықтан соң жеңілдік болады демекші қазір жолаушылар бірнеше күннің өзінде-ақ өздері ақша төлеп, автобустың ішінде ыңғайланып, жаңа талапқа дағдыланып, үй­реніп қалды.

Осы аталған реформаның барлығы үшінші мегаполисті еліміздің республикалық маңызы бар қала мәртебесіне лайықты ету мақсатында жасалып отырғаны жасырын емес. Шымкентті жан-жақты дамыту, инфрақұрылымын жақсарту, еліміздің мәдени-турис­тік орталығына айналдыру, халық тұратын жайлы да әсем шаһар ету Президенттің де басты талабы. Сондықтан мегаполисті көркейтуге бүгінде Үкіметтен бастап жергілікті атқарушы органдарға дейін толық іске кіріскен. Жолаушы тасымалын халықаралық стандарттарға сай ету, соның аясында қоғамдық көлік саласын түбегейлі реформалау сол арқылы әлемнің өркениетті қалалары секілді Шымкентті де нағыз мәдениеті толысқан шаһардың қатарына қосу жергілікті әкімдік тарапынан қолға алынып жатқан игі бастамалардың бір парасы. 2018 жылы республиканың үшінші мегаполисі мәртебесін алғалы бері Шымқаланың келбеті оң бағытқа қарай күрт өзгерді. Әсіресе жолаушы тасымалы секторында ауқымды бетбұрыстар жасалды. Атап айтқанда, автобус­тар паркі түгел жаңарды. Бұрын қалада тозығы жеткен орын саны аз қысқа автобустар мен мар­шрутты такси Газель автокөліктері жолаушы тасымалдайтын. Авто­бустардың ескілігінен және тасымалдаушы компаниялардың көптігінен халыққа дұрыс қызмет көрсетілмейтін. Кешкі уақытта көп автобустар кестесінен қалып жүрмей қоятын. Содан адамдардан көп шағым түсетін. Жолаушы тасымалдау саласын модернизациялау бастамасынан кейін жағдай түбегейлі жақсарды. Қалалық әкімдік соның аясында жолаушы тасымалдаушы әлеуетті компанияларға жаңадан заманауи автобустар сатып алуға сөйтіп, автобустар паркін жүз пайыз жаңартуға қаржылай қолдау көрсетті. Осылайша, сервис пен сапаға мән берудің нәтижесінде қалада жайлы, ыңғайлы іші кең және бұрынғыдай қара түті­німен экологияны ластамайтын автобустар пайда болды. Со­ны­мен бірге мегаполиске жаңа­дан қосылған шеткі ауыл-ай­мақ та толық жаңа автобустық ба­ғыттармен қамтамасыз етілді және ең бастысы, қоғамдық кө­ліктер бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр. Яғни кешкі мезгілде аялдамада автобус күтіп қалып қойып жатқан жолаушылар бүгінде жоқ. Ол күндер енді артта қалды. Саланы заман ағымынан қалдырмау мақсатында цифрлық жүйенің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып отыр. Яки арнайы қосымша әзірленіп, сол арқылы қазір жолаушылар қолдарындағы смартфондарымен өзіне қажетті автобустардың қай жолмен келе жатқанын онлайн режімінде оп-оңай біле алады. Бұдан өзге, жолақыны қолма-қол төлеу деген ұғым бүгінде атымен жо­йылды. Оның бәріне себепкер болған цифрлық жүйенің артықшылығы. Соның нәтижесінде, жолаушылар төлем карточкасы арқылы төлеп, қолма-қол ақша дегенді мүлдем ұмытты. Әрине, арагідік ақшамен төлем жасайтындар да табылып жатады. Бірақ соған қарамастан, осы күні халықтың басым бөлігі ақшаның орнына карточка болмаса басқа да онлайн төлем жүйелерін қолданады. Осы ретте шешілмеген ең соңғы мәселе кондукторлар еді. Жолаушылар тарапынан олардың қызмет сапасына да көңілі толмайтыны көп болды. Әсіресе адам­дарға кондукторлардың қыз­мет көрсетудегі әдептілігі мен мәде­ниетсіздігі аса қатты ұна­майтын. Басқа да түрлі жағдаяттар кондук­торлардың жұмыс тәсіліне деген халықтың ренішін тудырып жататын. Енді жаңа реформаның соңғы нәтижесінің есебінен бұл мәселе де өзінің оңды шешімін тапқан сыңайлы.

Қалада 77 бағыт бойынша күн сайын 880 автобус жолаушылар тасымалдайды. Бұл ірі мегаполистерге арналған заманауи қоғамдық көліктер 5 тасымалдаушы компанияға қарайды. Жолаушыларға қолайлы болу үшін автобустарда карточкадан төлем қабылдайтын валидаторлар салонның алдыңғы және орта жағына орнатылған. Сонымен бірге жүргізушінің қолында да осындай бір валидатор болады. Бұдан бөлек, қоғамдық көлікке мінген азаматтар жолақыны SMS код, QR код арқылы болмаса жүргізушіге қолма-қол ақшамен төлеуіне болады. Мұндай жағ­дайда жолаушылар автобус жүргізушісінен билетті талап етуге тиіс. Егер тексеру кезінде жолаушы қолында билет болмайтын болса, онда жоғарыда аталған Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес айыппұл жазасына ілігеді. Сондай-ақ Kaspi қосымшасы арқылы төлеуден қиналатындар арнайы Tolem қосымшасын жүктеп сонымен төлем жасауына болады. Осы ретте тұрғындарға қолға алынып жатқан бастаманың мақсаты мен мәнін түсіндіру мақсатында қалаға шығып, автобустарды аралап жолаушылармен тілдескен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов тасымалдаушы компаниялардың басшыларына қоғамдық көліктерде адамдарға төлем жүргізуге бар­лық жағдайды жасауға тапсырма берді. Соның ішіндегі талаптардың бірі автобустардың барлығында QR кодтың жапсырмалары болуға тиіс. Ең бастысы, жолаушылар автобусқа кірген заматта төлеп қою керек. Өйткені тексерушілер қоғамдық көлік жүріп бара жатып та қызметтерін атқара береді. Сондай-ақ мән беретін маңызды тұс – егер алда-жалда валидатор істемей қалатын болса онда жолаушылардың ақша төлемеуге, яғни тегін жүруге құқылары бар.

«Қалалық әкімдіктің автобус­тардағы кондукторларды алып тастаудың негізгі себептерінің бірі ол қоғамдық көліктерде жүрудің тәртібі мен мәдениетін жоғарылату. Алғашқы күндері әлеуметтік желіні қолданушылар тарапынан бұл шешімге қатысты көп түсінбеушіліктің болғаны рас. Қазір кондукторсыз жүйенің тиімді екеніне халықтың да біздің де көзіміз жете бастады. Айталық наурыздың бірі күнгі жолаушы тасымалынан түскен жалпы табыс­ты өткен аптаның дәл сол күнімен салыстырсақ транзакция көлемі 17 пайызға артқан. Яғни кондукторлар бар кезден жоқ уақытта жолаушылар жолақыны көбірек төлеген. Наурыздың екісі күні транзакция 21 пайызға артқан. Ал 4 наурызда 58 пайызға бір-ақ өскен. Табыс көлемі бірден екі есеге ұлғайған. Сонда бұрын бір күнде 5 миллионнан аса ақша кондукторлардың қалтасына кетіп отырған. Міне, соның салдарынан халықтың ақшасы діттеген жеріне жетпей жатты. Бюджет арқылы тасымалдаушы компанияларға қыруар субсидия төленеді, оған қоса халық төлейді сол ақшаның көбісі суға сіңіп кетіп отырды. Қоғамдық көлікке отырып төлемей кеткен адамды мен қылмыскерге теңеймін. Өйткені тасымалдаушы компания басшылары бүкіл мүліктерін кепілдікке қойып, миллиондаған теңгенің несиесіне жаңа автобустар сатып алған кезінде. Сондықтан автобусқа мініп соңында ақшасын төлемей кету біреудің дүкенінен нанды тегін әкетіп қалумен бірдей. Бұл автобустар тасымалдаушы компаниялардың жеке мүлкі. Иә, басында әкімдік банк арқылы қоғамдық көліктерді сатып алуға қолдау көрсетті. Ал қазір екі жылдан бері автобустардың барлығы да 5 тасымалдаушы компанияның жеке меншігінде. Олар осы қызмет арқылы кәсіптерін дөңгелетіп әрі бюджетке табыс әкеліп отыр. Сол себепті адамның бірінші кезекте ішкі ұяты, иман таразысы мықты болуы керек», деді қала әкімінің орынбасары.

Бүгінгі таңда тек автобустар ғана емес, аялдамалар да мегаполисте жаңғыртылып жатыр. Шаһардың көп жеріне күннен қорғайтын, жауын-шашында пана болатын заманауи аялдамалар қойыла бастады. Сондай-ақ қала аумағының кеңеюіне байланысты қайта әзірленген жаңа бас жоспарға сәйкес келешекте мегаполис тұрғындары рельсті трамвайлармен қатынайтын болады.