Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының І съезі болды
Кеше Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезі өтті. Онда бизнес-қауымдастық көздеген айқын мақсат, зор міндеттер анықталды. Съезге Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен бірқатар Үкімет мүшелері және палатаның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты. Ал аймақтардан 116 делегат келіпті. Бұлармен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары органының жиынына мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, палатаның өңірлік кеңес мүшелері, салалық қауымдастықтар мен қоғамдық ұйымдардың және бизнестің өкілдері қатысып отырды. Съезді ашқан төралқа төрағасы Т.Құлыбаев жиынның маңыздылығына тоқталып, Елбасының бақылауында тұрған палатаның алқалы басқосуына Премьер-Министрдің арнайы келіп қатысып отырғанына ризашылығын білдірді. Сөйтіп, күн тәртібіне шығатын мәселелерді алға тартты. Бірінші – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының осы күнге дейін атқарылған жұмыстар жөніндегі есебі тыңдалатынын айтты. Екінші – палатаның тексеру комиссиясының қызметімен танысып, оның қорытындылары шығарылатындығын мәлімдеді. Үшінші – палатаның 2014-2017 жылдарға арналған даму стратегиясы таныстырылатынын жеткізді. Т.Құлыбаевтың айтуына қарағанда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бар күш-жігерді отандық бизнестің еркін дамуы үшін Үкімет пен бизнес арасында сенімді әріптес болуға жұмсап жатыр екен. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен талап-тілектерін орындау барысында да бірталай жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, ақпан айынан бері кәсіпкерлікке байланысты заңнамаларға түзету енгізу туралы 410 ұсыныс жасалып, оның 239-ы мақұлданған. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бері атқарылған жұмыстар туралы баяндаған палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтты. Мұнымен бірге, өткен жылы ҰКП жанынан кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңес құрылыпты. Парламент депутаттары, Бас прокуратура, қаржы полициясы, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері мүшелік ететін кеңесте 45 кәсіпкердің өтініш-арызы қаралып, нақты көмек көрсетіліпті. Сондай-ақ, бизнес-қауымдастықта бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді екен. Басқарма төрағасының сөзіне қарағанда, ҰКП-ға кәсіпкерлердің құқықтарына байланысты 595 өтініш келіп, оның 372-і қаралып, нақты көмек көрсетіліп, кедергілер жойылған. Соңғы екі айда бизнесмендерден түскен арыз-шағым саны екі есеге артыпты. Кәсіпкерлердің іс жүргізуіне кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерді анықтауға және оларды шешу мақсатында ҰКП кәсіпкерлердің өтініштері мен мәселелерінің тізілімін түзіп шыққан. Сөйтіп, бизнесмендердің қызметіне кереғар болатын 372 жүйелі мәселе тіркеліпті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының елде бизнес-омбудсмен қызметін дамыту жөніндегі бастамасы қолдау көріп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бизнес-омбудсмен институтын енгізу туралы заң жобасы әзірленіп жатыр екен. Тағы бір атап өтерлік жағдай, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қоғамдастық мүддесін тек өз елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де қорғауға ынталы болып отыр екен. Оған ҰКП-ның Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты әзірлеуге қатысуы дәлел бола алады. Еске салсақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы одақ туралы шарт жобасына 120-дан астам ұсыныс енгізіп, оның 90 пайызы тараптардан қолдау тапқан еді. Сөйтіп, отандық кәсіпкерлер мүддесі келісімшарт жобасында анық ескеріліпті. Ал қазіргі уақытта ҰКП Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі жобасын әзірлеуге атсалысуда, деді А.Мырзахметов. Қауым құптарлық тағы бір бастама, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елдегі бизнес өкілдерін корпоративтік жауапкершілік саясатын ұстануға шақырып отыр. Палата «Орталық Азия Еуразия қоры» корпоративтік қорымен бірлесе отырып, ТМД аумағында алғашқы болып Қазақстандағы бизнестің әлеуметтік-корпоративтік жауапкершілігі туралы ұлттық тұжырымдамасын әзірледі. Бұл құжат қазір Үкімет қарауына жіберілген. Мұнымен қатар, кәсіпкерлердің Ар-намыс кодексі де түзіліпті. Съезде қабылданған басты шешім – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2017 жылға дейінгі қалыптасу және даму стратегиясының қабылдануы. Бизнес-қауымдастықтың даму жоспарында ұзақ мерзімді, сондай-ақ, қысқа кезеңге құрылған мақсат-міндеттер айқындалыпты. Шағын және орта бизнестің дамуы арқылы елдің экономикасы тұрақты, табысы толайым болады. Сондықтан, палата алдында тұрған ұзақ мерзімді міндет – 2030 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 40 пайызға жеткізу. Қауымдастық атқаратын қысқа мерзімді міндеттің бірегейі – кәсіпкерлік бастамаларды көбейтіп, бизнестің күш-жігері мен қаржысын отандық экономиканың дамуына жұмсау. Баяндамашыларды тыңдап болған соң Т.Құлыбаев «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алдында тұрған басты міндет – кәсіпкерлерге жағдай жасау арқылы елдегі кәсіпкерліктің сапалы дамуын қамтамасыз ету», деді. Сөйтіп, құттықтау және съездің қорытындылау сөзін Премьер-Министр К.Мәсімовке ұсынды. «Құрметтi делегаттар және съезд қонақтары! Сiздердi Ұлттық кәсiпкерлер палатасының I съезiмен құттықтаймын. Тәуелсiздiгiмiздiң алғашқы күнiнен бастап Мемлекет басшысы отандық бизнестiң мәнi мен рөлiн ерекше атап көрсетiп келедi. Нәтижесінде, Елбасымыздың қолдауымен Ұлттық кәсiпкерлер палатасы құрылды», дедi Үкімет басшысы. Премьер-Министр ҰКП мүшелерiне отандық бизнестi дамыту мен қолдау бойынша үлкен мiндеттер қойылып отырғанын да атап айтты. «Қысқа уақыт iшiнде барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, ең бастысы, маңызды экономикалық мәселелердi талқылауға белсене атсалысып жатқандарыңыз көңiл қуантады. Үкiметтегi маңызды мәжiлiстер мен отырыстар сiздердiң қатысуларыңызбен өтуде. Өйткенi, сiздердiң пiкiрлерiңiз бiзге өте маңызды. Президент жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесi, Үкiметтiң жанындағы Бiрыңғай үйлестiру орталығы, әрбiр мемлекеттiк органдардағы сараптама кеңестерi осы үшiн құрылған болатын», деп жалғады ол сөзін. «Экономика министрлiгiне ҰКП және мүдделi органдармен бiрлесе отырып, бiр айдың iшiнде Ұлттық палатада аккредиттелген ұйымдар мен қауымдастықтарды салалық зерттеулер жүргiзу, стандарттар мен регламенттердi әзiрлеу үдерiстерiне белсендi тарту мүмкiндiктерi туралы ұсыныстар әзiрлеп, Үкiметке енгiзуді тапсырамын. Сондай-ақ, стартап жобалар бойынша ауылдық жерлердегі бизнеске қаржы құралдардың қолжетiмдi болу мәселесi бұрынғыдай оңтайлы шешіліп келеді. Бұл, әсiресе, агарарлық салаға қатысты болып отыр. Бақытжан Әбдiрұлы (Премьер-Министрдiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев), сiзге даму институттары несиелiк ресурстарының қолжетiмдiлiгi бойынша мүдделi тараптардың барлығының қатысуымен жеке жиналыс өткiзудi және бiр ай iшiнде Үкiметке бұл мәселенi шешу бойынша ұсыныстар енгiзуді тапсырамын», деп бір түйіндеді К.Мәсiмов. Үкiмет басшысы, сонымен қатар, сауда жасау мәселесiн де көтердi. «Базарлар 90-жылдардан бастап құрылып, бүгінгі күнге дейін жетiп отыр. Ол кезде тауар жетiспеушiлiгi сезіліп, базарларда сауда жасаудан басқа амал болмады. Бұл мәселенi бiз қарастырып, талқылап, тиiстi шешiм қабылдауымыз керек. Саланы тәртiпке келтiре отырып, өркениетке қарай бағыттауға тиіспіз. Бақытжан Әбдiрұлы, Сіз осы мәселенi сараптап, Үкiмет отырысына шығарыңыз», деп аяқтады ол сөзін. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибесі мен беделі еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту игілігіне пайдаланылады. Мұны съезде палата төралқасының төрағасы Т.Құлыбаев айтты. Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық палата шешімдер қабылдау деңгейіне дейін өсуі тиіс. Бұл оның қызметкерлерінің құзыреті болғанда, ұйымдастырушылық құрылымдары дұрыс қалыптастырылғанда және келіссөздерді сауатты жүргізе алғанда ғана мүмкін болмақ. «Сіздердің тәжірибелеріңізді, білімдеріңізді, беделдеріңізді біз еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту игілігіне пайдаланамыз. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдында 2050 жылға қарай экономиканы әртараптандыруды 50 пайызға жеткізу міндеті тұр. Экономика және қаржы мәселелері жөніндегі сарапшылық кеңесте біз осы мәселені талқылай келе, ҰКП-ның маңызды міндеттерінің бірі сапалы өсімді қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау екендігі турасында түсінікке келдік. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл тұрғыда маңызды рөл атқаратын болады», деді төралқа төрағасы. Соңғы өнімге арналған бір субсидия беру мәселесін қарастыру қажет екенін де айтты ол. «Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 20-дан астам субсидия бар. Енді бұған қосымша соңғы өнімге де арналған бір субсидия беру туралы мәселені қарастыру қажет. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін әкімшілік шығындарды жеңілдетуге, мемлекеттік қызметтерді алу уақытын қысқартуға мүмкіндік берген жөн. Келесі бір проблема – шағын және орта бизнестің ақпаратқа қолжетімділігінің болмауы. Мәселен, бүгінде фермерлер субсидияның қандай түрлері бар екенін, ұсынылу шарттарын білмейді. Палата пайымынша, бұл да шағын және орта бизнес қызметін жетілдіру үшін қосымша дәйек болып саналады», деді А.Мырзахметов. Съезде осы ұйымның басқарма төрағасының орынбасары Заңғар Ноғайбай палатаға мүше кәсіпкерлердің міндетті жарналық төлемдеріне қатысты баяндай келе, алдағы айларда жарналық төлемді төлеу түрін өзгертуді қарастыратындықтарын мәлімдеді. «Біз алдағы күндері міндетті жарналық төлемді төлеу түрін өзгерту мәселесін қолға алатын боламыз. Оның үш түрлі нұсқасын қарастырмақпыз. Алғашқысы – бүгінгі таңда қолданыстағы айлық есептік көрсеткіш негізінде белгілі бір мөлшерді нақтылап, сол бойынша бірыңғай төлем жинап отыру. Ал одан кейінгі нұсқалардың бірі – кәсіпкердің қазынаға төлеген салығының белгілі бір мөлшерде пайыздық үлесін алу және соңғысы – кәсіпкер табысының көлеміне қарай, пайданың пайызын төлейтін жүйеге көшіру. Біз осы жылдың күз айларына дейін осы үш нұсқаны ел кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, жан-жақты талқылайтын боламыз. Ал нақты шешім қабылдауды осы жылдан қалдырмағанымыз жөн», деді З.Ноғайбай. Осы жылдың бірінші тоқсанында облыстық кәсіпкерлер палаталары мен ҰКП орталық аппаратының бюджетті орындауы 24,1 пайызды ғана құрапты. Бұл туралы Ұлттық палата тексеру комиссиясының төрағасы Н.Құдайбергенов айтты. Оның мәліметіне қарағанда, ағымдағы жылдың 31 наурызынан тексеру комиссиясы Астана қаласының, Ақмола, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының өңірлік кәсіпкерлер палатасының және ҰКП орталық аппаратының қаржы-шаруашылық қызметіне бақылау жүргізген. Жүргізілген сараптама өткен жылдың 4-ші тоқсанында бекітілген бюджет пен бөлінген қаржы арасындағы айырмашылықтар 36,6 пайызды құрағанын көрсетіпті. Оған мүшелік жарналардың 2014 жылдан бастап төленуі себеп болыпты. Ал үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында бұл көрсеткіш 24,1 пайызға орындалған. Осы жағдайлардан кейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүшелік жарна жинайтын арнайы комиссия құрып отыр екен. «Мүшелік жарналардың нашар жиналуы қазіргі уақытта ең күрделі проблемалардың біріне айналды. Бұл палатаның әлсіздігін байқатып отыр», деп түйді сөзін. Съезде ҰКП төралқасының және басқармасының жаңа мүшелері сайланды. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесті
Саясат • Бүгін, 11:50
Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26