Астанада жыл сайын футболдан жасөспірімдер арасында өтетін «Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы» турнирі басталды.
Оған «А» және «В» тобына бөлінген 6 елдің құрама командалары қатысуда. Қазақстан жасөспірімдер жасағы «А» тобында Грузия және қырғызстандық құрдастарымен кездессе, келесі топта Испания, Әзербайжан мен Тәжікстан құрамалары күш сынасады.
Кеше турнирдің алғашқы күні Тәжікстан мен Әзербайжан командалары кездесті. Бұл матчта тәжік жастарының жолы болып, қарсыласын 2:1 есебімен ұтты. Турнирдің тұсаукесер ойынында Мирожиддин Холовтың шәкірттері Апшерон түбегінің өкілдеріне қарағанда қызықты және тартысты ойын өрнегін көрсетті. Олар матч бойы ойын тізгінін өз бақылауларында ұстап, қарсыластар қақпасына 90 минут бойы қауіп төндіріп отырды. Енді тәжіктер Испаниямен кездеседі.
«А» тобындағы кездесулердің де қызықты өтетінін айта кету керек. Бұл жерде біздің командаға Грузия жасағы ең басты қарсылас болайын деп тұр. Дегенмен, кімнің күшті екенін «Астана-Аренаның» көкмайса алаңында көретін боламыз.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».