Бұған қоса, баспана алуға бағытталған «Жас отбасы», «Елорда жастары», «Алматы жастары» секілді мүмкіндіктердің игілігін көре алады. Бұл – жақында қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның аясында қолданысқа енген оң өзгерістердің бірі. Жалпы, жастарға қатысты құжат тағы қандай мүмкіндіктерге жол ашады? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 26 желтоқсанда «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжатқа жаңа өзгерістер енгізіліп, шамамен екі айдан аса уақыт қоғамның талқысында болды.
«Бұл заңның негізі алғаш егемендік алған 1991 жылы 28 маусымда бастау алған. Кейін 2004 жылы 2 маусымда өзгерістер мен түзетулер енгізіліп, қайта күшіне енді. Осылай 18 жыл бойы өзгеріссіз сақталды. Алайда жаңа заман талабына сәйкес жаңа заң қажет екені байқалды. Себебі жастардың талабы, өмір сүру деңгейі, көзқарасы уақыт ағынымен өзгерді. Соған сәйкес заңға да жаңашылдықтар керек еді. Бұл құжат толық қабылданбас бұрын еліміздің 17 аймағында барлық жастар ресурстық және жастар саясаты орталықтары және Президент жанындағы жастар кеңесінен өңірдегі облыс әкімдерінің жанындағы комиссияның аясында кеңінен талқыланды. Яғни өте күрделі, жүйелі жұмыс жасалды. Құжатты талқылау барысында 100-ге жуық ұсыныс, өтініш-талап келіп түсті. Одан бөлек, жастармен сұхбат құруды жөн көрдік. Ақпараттық технология игілігімен әлеуметтік мессенджерлер арқылы сауалнама жүргіздік. Жастардың жасын 35-ке дейін көтеру жөнінде сауалнама жасалған. Идеяны жастардың бәрі қолдай кетті. Қоғамдық тыңдаулар да жүргізілді. Осы әдіс-тәсілдердің нәтижесінде заңға қажетті маңызды өзгерістер мен түзетулер, толықтырулар енгізіліп, бүгінде құжатта айшықталды», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар саясатын үйлестіру басқармасының басшысы Ақұлан Тастемір.
Осылайша, 1 наурыздан бастап «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы заң толық күшіне енді. Мұндағы мақсат – жастардың дамуына жағдай жасау және олардың мемлекет өміріне қатысуына мүмкіндік ұсыну. Құжаттың басты жаңалығы бұрын жастар тізіміне 14-29 жас аралығындағы азаматтар кірсе, жаңа заңға сәйкес жас шегі 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды. «Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 2022 жылы 26 желтоқсанда заңға қол қойған еді. Ережеге сай заң алғаш ресми жарияланған күннен кейін алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Сондықтан жаңа заңның барлық нормасы енді толық жұмыс істейді. Соған сәйкес бұдан былай Қазақстандағы 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына қосылады. Бұл дегеніңіз – елімізде жастардың үлесі 3,7 млн-нан 6 млн-ға көбейді деген сөз. Ендеше, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көретін жастар саны да артады. Сондай-ақ жаңа заңда енді жастардың даму индексі, жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар), жастармен жұмыс жөніндегі маман, жастардың еңбек жасақтары ұғымдары ресми түрде қолданылады. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен жасалған реформалардың бір көрінісі екені анық», деп жазды министр.
Жалпы есептеп қарасақ, 14 жастағы бала мектеп оқушысы санатына кіреді. Ол шамамен 17-18 жасында орта мектепті бітіреді. Кейін жоғары оқу орнына түсіп, 4 жыл жоғары бакалавр, 2 жыл магистратура оқиды. Сонда 25 жасқа дейін студенттік кезеңнен өтеді. Ал оқуын сәтті аяқтағандар жұмысқа орналасады. Көп жағдайда диплом алған жастар «Мамандық бойынша жұмыс істегім келмейді» немесе «Мамандық бойынша жұмыс істеп көрдім, бірақ мен таңдағандай емес екенін түсіндім» деген секілді түрлі себеппен NEET санатындағы жастар қатарын көбейтеді. Кәсіп ашқысы келсе де, қандай да бір жеңілдікті керек етеді. Сонымен қатар 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін баспана мәселесі де өзекті проблемаға айналады. Осы ретте жаңа заңның мүмкіндіктері көмекке келе ме?
«Бұрын заң аясында әзірленген мүмкіндіктер 29 жасқа дейінгі азаматтарға қолжетімді болса, енді 35 жастағылар пайдалана алады. Жұмыспен қамтуға байланысты «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» сынды мемлекеттік бағдарламалар енді 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін де қолжетімді болмақ.
Ең негізгі мәселенің бірі – жастарды баспанамен қамту. Мысалы, былтыр белгілі бір бағдарламаларға 29 жастағылар қатысып, нәтижеге қол жеткізе алмай қалғандар саны көбейген. Бұл қатарда «Елорда жастары», «Астана жастары» сияқты жалдамалы пәтерлерге қатысты бөлек жобалар да бар. Жасы өтіп кеткен немесе жасына сәйкес қатыса алмаған жастарға бұл ауыр соққы болғандай еді. Енді оларға керемет мүмкіндік туып тұр. Кәсіппен айналысамын деушілерге де 5 млн теңгеге дейін несие алып, ісін дөңгелетсе болады. Бұған қоса жастарға берілетін «Дарын» мемлекеттік сыйлығы бар. Оған екінің бірі қол жеткізе алмайды. Жылда тек 20 адам ғана жеңімпаз болуы мүмкін. Соған қол жеткізе алмаған, конкурс ережесіндегі бұрынғы шектеулерге байланысты жасы бойынша өтпей қалғандар үшін керемет жаңалық. Осылайша, 35 жасқа дейінгі азаматтарға мемлекеттік деңгейдегі марапатты алуға жол ашылды. Тағы бір айта кететіні, Президент тапсырмасына сәйкес тағайындалатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген мемлекеттік грантпен 3 млн теңге қайтарымсыз түрде 30 грант 5 түрлі бағытпен беріледі. Ендігі кезекте 35 жасқа дейінгі азаматтардың жобаларын қабылдауға әбден дайынбыз. Былтыр қанатқақты жоба ретінде «Jas project» жобасы төрт өңірде іске асырылды. Биыл республика көлемінде іске асыруды жоспарлап отырмыз. Білім, ғылым, ізденушілікпен айналысатын жастарға жыл сайын берілетін 1 мыңнан астам түрлі грант бар. Былай қарағанда, 19 млн халықтың ішіндегі 6 млн азаматқа қолдау көрсетілетіндей жағдай жасалды деп айта аламыз», дейді А.Тастемір.
Әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов заңда белгіленген жас шамасының ұлғайтылуының да бір негізі бар деп отыр. Сарапшы өйткені экономикалық қыспаққа түскен, әлеуметтік саяси тұрғыдан әлі де болса мемлекеттің қолдауына зәру бұл демографиялық топқа қолдау, жағдай жасау орынды дейді.
«Жастар үшін жыл сайын жаңа бағдарламалар, жаңа жобалар, көптеген жаңа іс-шара пайда болып жататыны – көз көріп, құлақ естіп жатқан жаңалық. Жалпы, дүниежүзілік трендке байланысты жастардың жасы ұлғайтылуы көрініс тауып жатыр. Мысалы, халықаралық денсаулық сақтау ұйымы жастардың жасының шегін 40 жасқа дейін жеткізген болатын. Бұл негізі адамдардың өмір сүру жасының ұзақтығына байланысты. Бізге де осы үрдістің келуі орынды. Неге десеңіз, Қазақстан халқының өмір сүру жасы ұлғайып келеді», деді ол.
Алайда әлеуметтанушы мұның да бір кемшін тұсы барын жасырмады. Себебі еліміздің қозғаушы күші жастар десек, оларды қорғаштап, қолдап, барлық жағдайды жасап жүріп, осы санаттағы азаматтардың инфантилді болуына ықпал етеміз бе деген қауіп бар екенін алға тартты.
«Бұл жастар қоғамдағы өздерінің күш-қуатын, қайратын, талаптарын аяқасты қылмай ма деген қорқыныш бар. Жастарды жұмысқа орналастыру бойынша тағы бір айта кететіні, біраз іс-шара тұрақты емес, бір маусымдық, науқандық салалар. Мәселен, құрылыс жасақтары, қаланы абаттандыру, безендіру деген секілді. Бұл жерде заманауи мамандықтарды оқытып-үйретіп, жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін біріздендіру керек. Әсіресе 9-сыныптан кейін немесе 11-сыныптан кейін білім алмайтын бала бос жүрмей міндетті түрде бір кәсіп игеруге тиіс. 11-сыныптағы балалар жоғары білім аламыз, болашақта күрделі бір технологиялық, кәсіп игереміз деген ниетте болуы қажет. Ал 9-сыныптан кейінгі мектеп бітірушілер қолданбалы, қарапайым бір маман иесі болып, өзін асырап, елге де қызмет етіп, экономикаға да үлесін қоса алады. Бізге қаншама көлік жүргізушілері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы техник, механик, сантехниктер жетіспейді, солардың бәріне жоғары білім алмайтын, бос жүрген балаларды тартып, бұл да кәсіп екенін, адал табыс екенін үйретіп, насихаттауымыз керек», деді ол.
Жастар туралы жаңа тұжырымдамада игі бастамалар аз емес. Соның бірі – жастар саясатына серпін берер Қоғамдық кеңестер құрамына міндетті түрде квота енгізу, барлық өңірде жастар ресурстық орталығын ашу істері. Заңның басты көздегені жастардың жасын 35-ке дейін ұлғайту арқылы бұл санаттағы буынға саяси, әлеуметтік, экономикалық қолдау көрсету болатын. Сондай-ақ NEET санатындағы жастар заңмен бекітілді. Яғни нормативтік актілерді пысықтау мүмкіндігіне ие болдық. Тағы бір айта кетерлігі, дамыған елдердегідей «Жастардың даму индексі» заңмен шегеленді. Жастар арасындағы суицид, қылмыс, баспанамен, жұмыспен қамту, білім мәселелері және тағы да басқа 30-дан астам пункт барлық деңгейдегі әкімдіктердің даму картасына енгізілді. Жаңа заңдағы осы өзгерістер 6 миллион жастың арман-мақсатының нақты іске асуына негіз бола алары анық.