26 Маусым, 2014

Алыптар Астанаға аттанды

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ҚазбарысКеше Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің финалдық сынына дайындық мәселесі хабарланды.  Кездесуде «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев биыл төртінші рет шымылдығын түретін тур­нир­дің жаңалығы көп екенін, төрешілер мен балуандар саны қысқарғанын,  осының бәрі төл күресіміздің сапасын арттыру мақсатында жасалғанын атап өтті. «Биылғы турнирден бес балуан шеттетілді. Егер қатысушы допинг-бақылаудан өте алмаса немесе турнир ережесін бұзса, жарыстан аластатылады», деді ол. Сонымен бірге, ол төрешілердің де турнирге іріктеуден өткенін айтты. «Жақында біз 12-15 адамды қысқарттық. Биыл былтырғыдай қазылар алқасы деген болмайды. Осының бәрі финалдың әділ өтуі үшін жасалды», деді А.Шораев. Жалпы, жоба авторы биылғы жарыстың қызықты және тартыс­ты өтетінін, оған 28 балуанның қатысатынын атап көрсетті. – Биылғы турнирдің жеңім­пазы бұрынғысынша 150 мың доллар, чемпиондық белбеу мен «Тайтұяқ» олжа­сын иеленеді. Бұдан басқа, ұлт­тық бояуға толы доданың жанкүйер­лерін көптеген тосын сый күтіп тұр екен. «Қазақстан барысы» турнирінде тұңғыш рет «Боец» телеарнасының бас директоры Сергей Завилейский мен окинавалық шебер, годзю-рюдан 10-шы дан иегері Сэнсей Морио Хигаонна қонақ болады. Турнирдің финалдық сыны тікелей эфирде «KAZsport» және ресейлік «Боец» телеарналарынан көрсетіледі, – деді ол. Осыдан кейін Спорт және денешынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек мемлекет тарапынан қазақ күресін дамытуда жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты. Кездесуде  турнирге арнайы шығарылған «Қазақстан барысы» сүтінің таныстырылымы өтті. Ол Ақмола облысының Садовое елді мекенінде шығарылады. «Бұл - репутациясы жақсы, бейтарап өнім. Қазақстанда өндірілетін сүттің жартысынан көбі ұнтақтан жасалады, яғни олар таза сүт емес, сүтті сусын. Ал бұл өнім – табиғи, нағыз сиырдың сүті», – деді А. Шораев. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар