26 Маусым, 2014

Ортақ сауда алаңы ашылды

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ біріге отырып, мемлекеттік мүлік пен квазимемлекеттік сектор активінің ортақ электрондық  веб-порталының  қолданылуын түсіндірген семинар өткізді. Семинарға «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ басқарма басшысы Жанасыл Оспанов пен Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Эдуард Өтепов қатысты. Семинар жекешелендірудің кезекті толқынының қалай өтетіндігін түсіндіру, азаматтар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өтті. Жекешелендіруді электронды сатып алу арқылы қалай жүзеге асыруға болады деген сұрақтардан бастап, жалға берілген мемлекеттік объектілерге жалға алушылар салған қаражат кімнен қайтарылмақ деген мәселелерге дейін айтылды. Мемлекеттік мүлік реестрінің веб-порталының атқаратын қызметі жекешелендіру нысандарын сату ережелеріне сәйкес қайта түзетілген, электронды конкурс пен тендер өткізу үдерісі автоматтандырылып, холдингтер жұмысына лайықталған. Яғни, тек мемлекеттік мүліктер ғана емес, холдингтер бойынша да сатылымдар осы алаңда жүргізілетін болады. Веб-порталда инфографика мен мүлікті қалай сатып алуға болатыны туралы бейненұсқаулық орналастырылған. Сатылатын нысандар туралы барлық мәліметтерді жинақтаған баннер де бар. Баннер арқылы сатылымға шықпай тұрып-ақ, сатылатын нысандар туралы мәлімет білуге болады. Мұндай сауда алаңы сатудың 3 негізгі қағидатын жүзеге асыруға көмектеседі. Сатудың электронды формасы, сауданың ортақ формалары (электронды аукцион, электронды тендер, электронды конкурс) жинақталған. Электронды аукцион өткізу үдерісіне, оның нәтижесіне әсерін тигізбес үшін адамдық әсер ету факторы мүлдем жойылған көрінеді. Болашақта Қаржы министрлігі мұндай түсіндіру жұмыстары мен семинарларды жиі өткізе бермек. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».