Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Дүйсен Қасейіновтің авторлық жобасы – «Бар байлығым – достарым» фестивалі аясында облыстық филармония ұжымы әуелі Пусан қаласында «Достық» концертін берді. Пусан көрермендері қазақтың ұлттық аспаптары сүйемелдеуімен орындаған корей әндерін жылы қабылдады. Содан кейін Д.Қасейіновпен бірге филармония әртістері Чеджу аралында өткен VІІ халықаралық ән фестиваліне қатысты. Әлем елдерінің 20-дан астам хор ұжымы қатысқан «NOVA VIA» ән фестивалінде Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония өнерпаздары қазақтың халық әндерін және корей халқының «Ариранг» әнін орындады.
Шетел сапарынан шабытпен оралған ақтөбелік әртістер халықаралық гастрольдерді әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр. Бүгінде филармония ұжымына АҚШ, Индонезия, Филиппин елдерінен концерттік бағдарламамен өнер көрсетуге шақырту келді. Филармонияның көркемдік жетекшісі Мирбол Құспановтың айтуынша, хор ұжымының шетелдік ән фестивальдерінде жиі өнер көрсетуі әншілердің кәсіби біліктілігін арттырып, шығармашылық ізденіске жол ашады.
Ақтөбе облысы