Спорт • 12 Наурыз, 2023

Ел үздіктері анықталды

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы «Алау» мұзайдынында мәнерлеп сырғанаудан IV қысқы жастар спорт ойындары өз мәресіне жетті. Үш күнге жалғасқан бәсекеде еліміздің 11 өңірінен (3 қала мен 8 облыс) 100-ге тарта спортшы бақ сынады.

Ел үздіктері анықталды

Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, ересектер арасындағы жарыста халықаралық байрақты додаларда ел намысын қорғап жүрген ұлттық құрама өкілдері жүлдені өзара бөлісті. Мәселен, ерлер санатындағы «Спорт шебері» разрядында ел чемпионы, Мәскеудегі Рустер кубогі мен Ыстанбұлдағы Босфор кубогі және Гданьскідегі Гран-при сайысында күміс, Болгарияда ұйымдастырылған «Sofia Trophy» турнирінде қола жүлде алған Михаил Шайдоров жеңіске жетті. Ол екі бағдарлама қорытындысы бойынша 254,98 ұпай жинап, өз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Екінші және үшінші орындарға халықаралық жарыстарда бақ сынап жүрген талантты жастарымыз – Диас Жиренбаев (209,71 ұпай) пен Рахат Бралин (200,94 ұпай) ие болды.

Ал дәл осы санаттағы бұрымдылар бәсекесінде елордалық Анна Левковец топ жарды. Нұрия Сүлеймен (Астана) күміс жүлдегер атанса, София Фарафонова (Алматы қаласы) үздік үштікті түйіндеді.

IV қысқы жастар спорт ойындар­дың жеңімпазы Михаил Шайдоров бұл жарысқа әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалу үшін қатысқанын айтты.

«Бұл ойындарға 2 аптадан кейін Жапонияның Сайтама қаласында алауы тұтанатын әлем чемпионаты қарсаңында өз шеберлігімді байқап көру үшін келдім. Өз өнеріме көңілім толды. Бағдарламама бірқатар күрделі элементтерді қостым. Бұдан да жоғары ұпай алуға болатын еді, бірақ алда маңызды жарыс күтіп тұрған соң бар өнерімді ортаға салған жоқпын», дейді Михаил Шайдоров.

Сондай-ақ қысқы жастар спорт ойындарында «Спорт шеберлігінен үміткер» санатында Никита Козлов (ерлер) пен Зере Сарбалина (қыздар), «Бірінші спорт» разрядында Тимур Әділханов (ерлер) пен Нұрия Қамысбай (қыздар), «Екінші спорттық» разрядында Жахонгир Абылқасымов (ерлер) пен София Петрова (қыздар) үздік шықты.

Жарыс қорытындысы бойынша, жал­пы­командалық есепте Астана қала­сы­ның спортшылар топ жарса, Алматы қаласының өкілдері екінші, Қарағанды облысының өрендері үшінші орынға ие болды. Марапаттау рәсіміне Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев, Ұлттық коньки тебушілер федерациясының вице-президенті Эльмира Турганова қатысты.

Айта кетейік, 20-26 наурыз ара­лығында Жапонияның Сайтама қала­сында ұйымдастырылатын мәнерлеп сыр­ғанаудан әлем чемпионатында Қа­зақ­­станның намысын үш спортшы қор­ғайды. Атап айтсақ, Михаил Шайдоров мұздағы би бәсекесінде бақ сынаса, Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев жұптық сайыста өнер көрсетеді. Сондай-ақ қосалқы құрамда Диас Жиренбаев есімді жас өрен бар.