Аймақтар • 12 Наурыз, 2023

Балықтар ихтиологтар бақылауында

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Каспий теңізін мекен ететін балық түрлерін сақтау – маңызды мәселе. Зерттеулер бойынша Каспий теңізін қазір итбалық, Каспий тілтісі, Каспий албырты, ақбалық, Волга көп аталықты майшабағы сынды Қазақстанның Қызыл кітабына енген су жа­нуарлары мекендейді.

Балықтар ихтиологтар бақылауында

Жойылып кету қаупі туын­даған­дықтан, бұл балықтарды аулауға заңмен тыйым салын­ған. Тек Маң­ғыстау облысы­ның табиғат пайдаланушыларына «Жануарлар дүниесін қор­ғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңға сәй­кес ар­найы құжаттарды жинап, рұқ­сат қағаздарын алған соң, ба­лық аулауға рұқсат беріледі. Ал их­тиологиялық бақылау жұмыстары балықтардың саулығын білу үшін және аумақтағы көптүрлілікті анық­тау үшін маңызды.

«Жайық-Каспий» облыс­ара­­­лық бассейндік балық ша­руа­шылығы инспекциясы Маң­ғыстау облыс­тық басқармасы­ қызметкерлерінің айтуын­ша, қолданыстағы заңна­ма шең­­берінде Каспий теңізінде ихтио­логиялық зерттеу жыл са­йын жүр­гізіледі. Мысалы, былтыр облыс көлемінде 8 табиғат пай­даланушының учаскесінде бақылап-аулау жұмыстары нәтижесінде жағалауда құрылған ау-құралдарға бекіре, күтім, кефаль, көксерке, ақбалық және майшабақтар түскен.

– Ұсталған балықтардың сал­мағы өлшенген соң тірі күйде те­ңізге қайта жіберілді. Осылай­ша, Каспийдегі биоресурстар­дың қай учас­кеде қандай көлемде бар екені анықталады. Жинақ­талған мәліметтер мен фото­сурет­тер қазақстандық ғылы­ми-зерт­теу институттарына жібе­ріледі. Ихтиологиялық бақы­лау жұмыс­тарының нәтижесі балық аулауға мемлекеттен кво­та бөлінуіне ықпал етеді. Ал­дағы уақытта табиғат пай­да­ла­нушылардың сұранысы бо­йынша осы квота көлемін ұлғайту үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, дейді Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасының басшысы Жақсығали Іздібаев.

Бұған дейін жасалған ихтио­логиялық бақылау жұмыстары­ның нәтижесінде күтім балығы 2022 жылдың 16 қыркүйегін­де ми­нистрліктің қаулысына сәйкес Қазақстанның Қызыл кіта­бынан шығарылды, яғни аулауға рұқсат берілді. Сондай-ақ табиғат пайдаланушылардың сұра­нысы бойынша Ауыл ша­руа­шылығы министрінің №18-04/17 бұйрығына былтыр өзгеріс енгі­зіліп, балықтарды диаметрі 0,3 миллиметрлік ау-құралымен аулауға рұқсат етілді.

Теңіз жануарларының сау­лығы және молдығы – теңіз күті­мінің кепілі. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда Каспий теңізінің тартылуы, итбалықтар өлімі сынды эколо­гия­лық жағдайлар орын алып тұр­ған кезде су айдынындағы балық­тардың бабын жасап жүрген ихтио­логтардың еңбегі елеуге тұрарлық.

 

Маңғыстау облысы