Қоғам • 13 Наурыз, 2023

Ломбардтан қайтарылмаған алтын несие тарихына кіреді

563 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ломбард – бізге жат емес. Қаржыдан тарығып, қалтамыз жұқарып қалған сәтте алтын бұйымдарын ломбардқа екінің бірі апарады. Бірі қайта сатып алса, бірі бұйымына кері оралуды қажет деп таппайды. Ломбард сегменті микроқаржы ұйымы болып есептеледі. Сол себепті ондағы мәмілелердің тарихы несие тарихында таңбаланып қалады.

Ломбардтан қайтарылмаған алтын несие тарихына кіреді

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бірінші несие бюросының мәліметінше, банк несие беруге шешім қабылдайтын кезде лом­бард­тардың несие тари­хын­да­ғы жазбаларды тексереді.

Сондай-ақ несие бюросы «лом­бардтағы өтелмей қалған қа­рыз салымшының несие тари­хына қалай әсер етеді» деген сұраққа да жауап берді.

«Әр қаржы институтында несие беру туралы шешім қа­был­даудың өзіндік жүйесі бар. Бірінші кезекте кредиторлар ал­дындағы міндеттемелерді орындау кезінде төлем тәртібіне назар аударылады. Банк микро­қаржы ұйымдарының кез келген басқа жазбалары сияқ­ты лом­­бардтардың да несие та­ри­хын­­дағы жазбаларды қ­а­рай­ды. Банк ішкі кредиттік комитеттер дең­гейінде қарыз алушының тө­лем қабілеттілігін бағалаудың басқа да факторларын ескере отырып, ломбардтардың кредит тарихындағы жазбаларды қалай есепке алу керектігін шешеді», деп хабарлады.

Демек ломбардқа барып, алтынды қайтарып алмауыңыз не­сие тарихыңызда міндетті түрде көрсетіледі. Бірақ бұл ақпа­рат клиентке несие беруге ке­дергі келтіре ме, жоқ па, оны әр банктің ішкі бөлімдері дербес және өз ережелері бойынша шеше­ді. Себебі екінші деңгейлі банктерде өтініш тәуекел бөлімі маман­дарының сүзгісінен өтіп барып, мақұлданады. Авто­мат­тан­дырылған скоринг жүйесі әр­бір банкте бар. Мақұлдау немесе бас тарту параметрі сол жерде автоматты түрде орнатылады. Оның қалай жұмыс істейтінін тап басып айту қиын. Ондаған жылдар бұрын алтынын кері сатып алмағаны туралы дерек те несие тарихына кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұның бәрі өтініш берушінің содан кейінгі несие­леріндегі төлем тәртібіне бай­ланысты. Мысалы, несиені мерзімінен бұрын жапқаны туралы деректер ломбардқа қа­тысты тарихты «жуып» жібе­руі мүмкін.

Осылайша, ломбардта өтел­ме­ген алтын кез келген жағ­дайда несие тарихында көр­се­ті­леді. Бірақ жоғарыда айтыл­ған­дай, бұл несие беру туралы ше­шім­ге әсер ете ме, жоқ па, оны әр банк өзінше шешеді.

 

АЛМАТЫ