26 Маусым, 2014

«Тыныштық үшін Президентке сенімдіміз»

421 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ел және Елбасы

03-2-24-04

16-1Людмила МАКАРЧУК , Екібастұз қаласындағы «Достық үйінің» директоры: Екібастұз қаласындағы «Дос­тық үйінде» 11 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Өткен жылы өзбек, армян этно­мәде­ни бірлестіктері ашылды. Эт­но­мәдени бірлестіктерді жігер­лі, шығармашыл, ынталы адамдар басқарады. Бәріміз бір мақ­сатты қолдаймыз және Елбасы сая­сатының бірлік, татулық жолын­дағы еңбегін жоғары бағалаймыз. Қаламызда Нұрсұлтан Назар­баевтың тікелей қолдауымен заманауи жаңа жарқыраған музыка мектебі салынды. Қазір мек­тепте 600-ге жуық өнерлі бала­лар білім алуда. Сәулеті қала көркін ашып, көз тартады. Өнерлі балалар жыл сайын өтетін «Достық. Бірлік. Тәуелсіздік» деп аталатын облыстық этномәдени фестиваліне қатысады. Ұлттық бір­лік бұл бәріміздің де таңдауы­мыз, тыныштық бәрімізге керек. Бәрінен де қуанатынымыз, «Достық үйіндегі» мәдени жиын-шаралардан өзге ұлт өкілдерінің ұл-қыздары, әсіресе, қарттарымыз ешқашан қалыс қалып көрген емес. Өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тіл – қазақ тілін де оқып-үйренуде. Қай мереке, қандай шара өткізбейік, біздің бұл мақсаттағы ән-шашуымыз ел бірлігіне, Отанды сүюге, патриоттық рухты көтеруге, шынайы белсенділікті көтеруге, қазақ халқымен бірге келе жатқан достықты дәріптеуге арналады. Этномәдени бірлестіктердің қатарын бұл күндері жастарымыз толықтыра бастады. «Дулкын», «Гюзал-ай», «Славяночка», «Світанок», «Маршо», «Бояхад» «Зодоринка» сияқты ән-би ан­самбль­­дері үлкендердің ізін басты. Бүгін «Достық үйіне» олардың ата-әжелері келетін болса, ертеңгі күні әке-шешелері жас балаларымен келіп, орта толтыратынына көзіміз жетті. Мемлекеттік тілді оқып үй­рену этномәдени бірлестік мүше­­­лерін патриоттық рухта тәр­­биелеуге ықпал етеді. Театр­­­лан­­дырылған көріністері бар «Назерке», «Масленица», «Сабантой» мерекелері дәстүрге айналды Ана-әйелдер, апаларымыз «Қымызмұрындық», «Мүшел той», «Шашбаулы ару» мерекелеріне шақырады. «Иван Купала», «Рождестволық кездесулер», «Славян жазуы мен мәдениеті күні», еврейлердің «Рошашана» сияқты жаңа жылды қарсы алуы мерекелер өтеді. Сонымен қатар, біз «Достық үйіне» өскелең ұрпақты: балалар мен жастарды шақырып, жастар қанатын нығайтуды қолға алдық. Бүгінгі күні жастар қанаты әр этномәдени бірлестікте бар. Біз «Үміт» балалар үйімен, орта арнау­лы және жоғары оқу орындармен бірлесе шаралар өткізіп келеміз. Өткен жылы «Достық үйі» бір ай бойы «Шіркін, Лайф» этно-жобасының іске асуына қа­тысты. Соның барысында әр этно­мәдени бірлестік «Қайнар» білім беру-бос уақытты қамту кешені­не келген балаларға ұлт­тық ас түрлерін, дәстүрді, мәде­ниет пен өнер ерекшіліктерін көр­­се­тті. «Полония» атты поляктар бір­лестігі балалар ансамблі құрылды. «Возрождение» немістер мәдени орталығы немiс тiлiне көңіл бөледi. Немiс тiлiн үйретуге жұмсалатын шығын­дарды Гете атындағы Немiс мәдениет орта­лығы төлейдi. «Братство» атты славян орталығы жыл сайын «Славян жазбасы мен мәдениетінің күндерін» өт­кі­зеді. Татар-башқұрттардың «Шат­лық» бірлестігі «Сабантой» ойын-сауық кештеріне шақырып тұрады. Чешен-ингуштардың «Вайнах» және әзербайжандардың «Азербайжан» бірлестіктерінде Ораза айында мүмкіндіктері шек­теулі балаларға «Достық үйін­де» қайырымдылық асы бері­ле­ді.Ук­раиндардың «Світанок» бірлес­ті­гінің жанында «Дударыки» балалар ансамблі мен «Світанок» хоры ән салады. Кәрістердің «Чосон» және еврейлердің «Бэяхат» бірлес­тік­тері ауылдарды ара­лап, қазақ хал­қының әдет-ғұрыптары мен салт-дәс­түр­лерін дәріптейді. «Назерке» телеклубы эфирге шығады. Біздің қала тұрғындары үшін үлкен мәнге ие «Достық үйіне» бүгін­гі күні әртүрлі ұлт өкілдері ке­ліп, бірлестіктермен бірге ортақ іс­ке жұмылған. Әр этномәдени бір­­лестікті өзіндік ерекше халық­тық фольклоры, қайталанбас ерек­шеліктері мен болашақ ұрпақ ал­дындағы жауапкершілік пен парыз, болашаққа нық қадам жасап отырған біздің халқымызға тән қазақстандық патриотизм біріктіреді. Павлодар облысы.  

«Елімді, Елбасымды, елордамды мақтан етемін»

Еркін АҚЫЛБЕКОВ, Арыс стансасындағы сұрыптау цехының операторы: Елімді, Елбасымды мақтан етемАрыс – тоғыз жолдың торабы, Орталық Азияның  қақпасы.  Мұнда ежелден тұратын халықтың көпшілігі әкеден балаға мұра болып келе жатқан теміржолшы мамандығын иеленген. Мамандығын  мақтаныш санайтын, оның жемісін көріп жүрген теміржолшыларымыз көп-ақ. Еңбекпен жетілген  біз қашан да мамандығымызды мақтан тұтамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елді, елорданы көркейтудегі еңбегі ерекше. Әрбір кірпішінің қалануына ықпал еткендіктен, Астанамыз Елбасының төл баласы секілді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында бүгінде  елордамыз Астана жылдан-жылға көркейіп, әлемге әйгілі орталыққа айналды. Әлем сәулетшілеріне таңдай қақтырған Бейбітшілік және келісім сарайы, «Хан Шатыр», «Бәйтерек» секілді  теңдесі жоқ ғимараттар орын тепкен   оған таңдана да тамсана  қарайтындар күннен-күнге артып келеді. Бүгінде миллионға жуық халық тұратын Астананың болашағы бұдан да жарқын болмақ. Бұған мен қалтқысыз сенемін.  Ғасырлар тоғысында іргетасы қаланған Астананың   асқақ  аты әлі талай өлең-жырларға арқау болары сөзсіз. Қызығы мен қиындығы мол темір­жолшы мамандығын иеленген адамның еңбек демалысына шығуы да ерекше мереке.  Уақытымды барынша көңілді өткізуге тырысамын. Еңбектің зейнетін көру, еліңді, Елбасыңды, өзіңнің Арыс сынды қалаңды, теміржолыңды, әрине, айрықша Астанаңды мақтан ету, айтып жүру де  бір ғанибет!  Сондықтан  да  2017   жылы Астанада өтетін  ЭКСПО-2017  мамандандырылған халықаралық   көрмесіне міндетті түрде қатысамын. Бұл – менің  ел   патриоты ретінде қабылдаған шынайы шешімім. Уақыт  талабынан оза  жұмыс істейтін Президенті мен әлемдегі әсем қалалардың қатарына қосылып келе жатқан еңселі елордасы бар еліміздің болашағы қашанда жарқын болмақ. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы.

«Құрдасыма құрметім жоғары»

Нұрымгерейұлының суретіҚазбек НҰРЫМГЕРЕЙҰЛЫ, зейнеткер: Мен – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен түйдей құрдаспын, бір жылдың төліміз. Өзім көп уақыт алыс ауданда дәрігер болып, денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл еңбек еттім. Қазір еңбегімнің зейнетін көріп отырмын. Шыны керек, Мемлекет басшысымен құрдас екенімді мақтаныш етемін әрі ұдайы егемен елімізді басқарудағы қадамдарын қадағалап отырамын. Нұрсұлтан Әбішұлы, шын мәнінде, халқының бағына туған дара тұлға, біртуар Мемлекет басшысы. Тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін ұстағаннан бергі туған халқы үшін, егемен елі үшін жасаған жұмыстары ұшан-теңіз. Тарихи қысқа уақытта Қазақстанды әлемге мойындатты. Одақтың боданынан босаған әлжуаз мемлекетті экономикалық дамудың сара жолына түсірді. Ауылдың ажары тайып, ел арасында күңкіл-сүңкіл көбейгенде де алған бағытынан таймай, мұның уақытша қиындық екеніне, ажарлы күндердің алда екеніне халқын сендірді. Айтқандайын-ақ, қазір ауылдарда тұрмыс жақсарып, үдере көшу тоқтады, адамдар өз шаруа­сын жүргізуге дағдылана бастады. Мал өсіруге, егін салуға, шағын және орта бизнеспен айналысуына мемлекеттік қолдау көрсетудің бірнеше бағдарламалары жұмыс істеуде. Қазір үйірлеп жылқы, отарлап қой, табындап сиыр және келелеп түйе өсіріп отырғандарды көріп сүйсінесің. Олар өз жағдайын да жасап, ел экономикасын нығайтуға да үлес қосып жүр. Елбасы Астананы Сарыарқа төріне көшіріп, ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін ғасыр ғажайыбын жасады деп ойлаймын. Астана арқылы елімізді әлемге танытты, Қазақстанды дамыған елу елдің қатарына енгізді. Жыл өткен сайын экономикамыз нығайып, жаңа алып кәсіпорындар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазір жұмыс жоқ дегендердікі бос сөз, еңбек етемін дегенге жұмыс жетеді. Тіпті, жұмыс таңдайтын дәрежеге жеттік. Мұнда да жұмыссыздарға «Балық емес, қармақ бер» дегенді басшылыққа алған Елбасының көрегендігінің қайтарымды болғанын айтпасқа болмайды. Мен зейнетке шыққаннан кейін Президент сайлауларына белсене қатынасып, халықты дұрыс таңдау жасауға үгіттедім. Алғашқылардың бірі болып «Отан» партиясына мүше болып, құрдасымның жүргізіп жатқан саясатын халыққа түсіндіруге атсалыс­тым. Қазір де «Нұр Отан» партиясына мүшемін. Мен бұл кісінің жай адам емес екеніне, тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын бекітетін сарабдал саясатшы, дара тұлға екеніне о бастан-ақ сенгенмін. Оған Нұрсұлтан Әбішұлы­ның егемендіктің елең-алаңында-ақ халқының болашағы үшін жасаған қадамдарының халыққа қалтқысыз қызмет етуге бағытталғаны да әсер еткені сөзсіз. Қазақстанды әлемге танытатындай көптеген шаруалардың басын қайырды. Әр алуан дін өкілдерінің басын Астанада әлденеше рет қосуының өзі неге тұрады? Қазақстанды ядролық қарусыз елге айналдыруы, соңғы жылдардағы экономикалық бастамалары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу құқын жеңіп алуымыз кез келген елдің иығы көтеретін шаруалар емес. Мұндай істер іргесі берік, ынтымағы мықты, саяси тұрақтылығы жоғары, экономикалық жағдайы жақсы елдердің ғана қолынан келеді. Міне, біздің Қазақстанымызды Елбасы осындай әлем таныған мемлекет қатарына жеткізді. Бұған қуанбағанда, осындайда Елбасының ерен еңбегі мен сарабдал саясатының жемісі екенін айтпағанда қайда айтамыз деп қолыма қалам алып, ризашылығымды білдіру құрдастық та, азаматтық та парызым деп ойладым. Елбасының ел үшін жасаған жақсы­лығын аңғару үшін алысқа барып керегі жоқ. Күнделікті өз өмірімізде болып жатқан оң өзгерістерді айтсақ та жеткілікті. Жыл сайын зейнетақы, шәкіртақы өсіп келеді. Білім беруде, денсаулық сақтауда ілгерілеулер бар. Күні кешегі жабылып қалған мәдениет үйлері халыққа қызмет етуде. Әлеуметтік жағдайымыз жылдан-жылға жақсара түсуде. Мемлекет басшысының бастама­ларының баяндылығын өзім тұратын Ойыл өңіріндегі өзгерістерден де байқауға болады. Егемендік алған аз ғана уақытта ауылымыз адам танымастай өзгерді. Кеңес Одағы үстемдік еткен жетпіс жылда атқарылмаған тың шаруалар жасалғанын өткенмен салыстырған адам бірден біледі. Облыс орталығы Ақтөбеге дейін 300 шақырым жолға асфальт төселіп, бұрын тәуліктеп жүретін жолды қазір 2-3 сағатта еңсеретін болдық. Жаңадан салынған спорт кешені, аурухана, мектептер халыққа қызмет етуде. Бұрын саябақ дегеннің не екенін білмейтін ойылдықтар бір емес, екі саябаққа ие болып отыр. Көшелер асфальтталып, түнгі Ойылдың самаладай жарқырап тұрғаны Нұрсұлтан құрдасымның еңбегінің жемісі деп білеміз. Бұл арада бостандық алған жылдарда Елбасының командасында бірлесіп жұмыс атқарып келе жатқан Елеусін Сағындықовқа, оның жұмысын жалғастырушы, қазіргі облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке де алғысымыз шексіз. Осы азаматтардың арқасында Ойыл халқы бір-екі жылдың шамасында газдың да қызығын көріп қалуы мүмкін. Лайым, солай болғай. Осындай жағымды өзгерістер еліміздің кез келген өңірінде болып жатуы құрдасымның салиқалы саясатының арқасы. Ол кісі мақтау-марапаттарға кенде емес шығар. Дегенмен де, мен Елбасына ұйқысыз өткен түндердің, күлкісіз өткен күндердің жемісін көріңіз, халқыңыздың құрметіне бөлене беріңіз деген тілегімді жеткізгім келеді. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы.

«Астана жол көрсетер шамшырағымыз»

Римма бектургановаРимма БЕКТҰРҒАНОВА, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы: Мен Астананы Целиноград, сондай-ақ, Ақмола кезінен білемін. Бүгінде біз оған өткен күндер көзімен қараймыз да таңғаламыз. Өйткені, оның үйлерін, көшелерін, өзге де ғимараттарын салыстырамыз. Айырмашылықтың жер мен көктей екеніне көңіл тоғаяды. Мен елордада жиі болып тұрамын. Онда ту­ған-туысқандарым жеткілікті. Әр барған сайын  үл­кен өзгерістерге тап келемін. Тіпті, бір айдың ішін­де жаңа ғимараттардың бой түзеп үлгергеніне таң­ғалысымды жасыра алмайтын кездерім жиі кездеседі. Әсіресе, мені Астананың сәулеті ерекше әсер­ге бөлейді. Ол мүлдем ғажайып! Мұнда бір­де-бір ғи­марат екіншісіне мүлдем ұқсамайды. Елор­да­ның құрылысына Англияның, Жапония­ның сәу­летшілері қатысқанын жақсы білемін және олар­­дың ерекше үйлесімділікке қол жеткізгеніне бү­гін­де бүкіл әлем куә десем, қателеспейтін шығармын. Астанада әлемге ортақ сәулет өнері молынан пайдаланылса, ұлттық, қазақи нақыш та ұмыт қалмаған. Түрлі мамандар осы күнге дейін Астана үлгісін анықтауға қанша ұмтылса да нақты бір ұстанымға тоқтай алған жоқ. Сондықтан олар елордада Еуразия үлгісі көрініс тапқан деген ортақ пікірге келді. Қазақстанның патриоты ретінде мұның бәрін мен ерекше мақтан тұтамын. Осының барлығы – Пре­зидент Нұрсұлтан Назар­баевтың арқасында мүм­кін болғанын атап көр­сеткім келеді. Мемлекет бас­шысы өте қуатты ерік-жігерге, рухани күшке ие. Сондықтан ол Ақмола астана болады деген кез­­де бұл идеяға илан­бағандар да аз болған жоқ. Бі­­рақ Н.Назар­баев­та жаңа елорда салуға күш-жі­гер де, себеп-дәлел де жеткілікті деңгейде табылды. Бүгінгі күн биігінен қарағанда, осының барлығы табиғи және өзін өзі ақтағандай болып көрінеді. Шын мәнінде, мұның үлкен күш-жігер мен табандылықты талап еткені шығар күндей ақиқат. Бұған қоса, Президентіміз Астанада жасалып жатқанның барлы­ғы облыс орталықтарында, ал облыс орталық­тарында жасалып жатқан шаруалар аудан орталықтарында   істелуге тиісті деген болатын. Осылайша, Астана облыстар мен аудандарға да өзгеше бір серпін беріп отыр. Сөйтіп, бүкіл елді мекен елордамен бой түзеуге ұмтылыс танытуда. Осының барлығы, түптеп келгенде, ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуіне әкелетін катализаторға айналуда. Қорыта айтқанда, Астана еліміз үшін елорда ғана емес, өзіндік бір көшбасшы, жол көрсетер шамшырақ рөлін де атқарып отыр. Мұнда ең басты еңбек, әрине, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. ҚОСТАНАЙ.