7-8 наурыз күні Байғанин, Темір, Ойыл, Қобда аудандарында ауа температурасы бірден 10 градусқа дейін көтеріліп, оған қоса екі күн бойы толассыз жауған жаңбыр қардың тез еруіне әкелді. Далалықтағы қардың қозғалысы жылдамдап, еріген қар суы сай-салалар мен өзендерге құйыла бастады. Жердің тоңы қалың болғандықтан еріген қар суы жерге тез сіңіп кетпеді. «Биыл тоң қалың. Ақтөбе облысының кей жерінде тоңның қалыңдығы 1 метр болса, кей жерінде 1,20 метрден де асып кетеді. Күн бірден жылынғандықтан, қар суы өзектер арқылы өз арнасымен өзенге құйылып, Темір, Ойыл, Қобда, Жем, Қарақобда, Үлкен Қобда өзендерінің деңгейін күрт көтерді. Бастауын Мұғалжардан алатын Темір, Ойыл аудандарының аумағынан өтіп, енді Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарай жылжып барады. Үлкен Қобда, Қарақобда өзендерінде жүрген сең енді Батыс Қазақстан облысы аумағына қарай қозғалып жатыр», деді Марғұлан Аманбаев.
Айта кету керек, бастауын Мұғалжар қыраттарынан алатын Ақтөбе облысының далалық сегіз өзені жыл сайын кезегімен тасиды.
Су тасыған мезгілде Елек өзені арнасынан асып кетсе, Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй алаптары тұрғындарына қауіп төндіреді. ТЖД басшысы Елек өзеніне құятын Жіңішке, Бұлақ, Қара Қарғалы, Песчанка өзендерінің бойындағы су өткелдері қоқыстан тазартылып, бөгеттер көтеріліп, арналарын тереңдету жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.
Өткен жексенбіде еріген қар суы Мұғалжар, Байғанин, Темір, Ойыл аудандарындағы автокөлік жолдарының кей бөліктерін басты. «Ойыл – Қайыңды» тасжолының 7-шақырымында көтерілген ағынды су бір жарым тәулік бойы тасжолдың үстінен ағып жатты. Сондай-ақ Саралжын мен Көсембай елді мекендерін байланыстыратын ауылішілік жол да еріген қар суының астында қалды. Көсембай ауылы тұрғындары екі күн байланыссыз отырды. Ауылда төрт үйге су кірген.
Ембі – Шалқар тасжолының бойындағы үш учаскеде су жолдың бетінен өтіп жатыр. Қаракемер – Ақшатау, Ойыл – Қарасу, Шұбарқұдық – Ойыл – Қобда – Соль-Илецк, Ақырап – Жиренқопа бағытындағы бірнеше жол бөлігін де су шайып кетті. Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевтың хабарлауынша, бүгінгі күні ауданда жағдай тұрақтанған. «Су басу қаупі бар елді мекендер жанына инертті материалдар салынған 10 мың дана қапшық дайындап қойдық, жанар-жағармай қоры да жеткілікті. Ойыл өзені бойында су басу қаупі жоғары 3 жер бар. Соның бірі Ойылдың бір арнасы – Қарасу бойындағы елді мекендер. Өткен жылы Екпетал елді мекеніндегі дамбаны көтеріп, бөгет салдық», деп брифингте жағдайды баяндады.
Биылғы жылы ең бірінші болып тасыған Ойыл өзені Мұғалжар, Темір аудандары аумағынан өтіп, Ойыл ауданының Қайыңды ауылдық округіндегі шабындыққа жайылып жатыр. Әрі қарай Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарай кетеді. 12 наурыз күні Темір ауданындағы Бабатай, Қайыңды ауылдық округтерінде көлік жолының үстіне жайылған су азайды, ауылмен байланыс қалпына келді. Ойыл сабасына түссе, есесіне Темір өзенінің деңгейі көтеріле бастады. Қазіргі уақытта Саркөл ауылдық округіне Темір өзенінен су келіп жатыр. Саркөл төңірегінде су деңгейі көтерілген жағдайда өзен арналарын бұзып, көтерілген суды жыраларға қарай ағызуға мұнай компанияларының техникасы дайын тұр. Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаровтың айтуынша, Сағыз, Ноғайты өзендерінің көтерілуінен Алтай батыр, Оймауыт, Ноғайты елді мекендерінің жанындағы көлік жолдарын бір жарым тәулік су басты. Қазір жолдар қалпына келтірілді.
Ақтөбе қаласына жан-жақтан келген суды қабылдайтын үш қойма бар. Ең ірісі Қарғалы су қоймасы болса, екіншісі – Ақтөбе су қоймасы. Бүгінде 53%-ға толған Ақтөбе су қоймасы қосымша 115 млн текше метр су қабылдай алады. Көлемі жағынан үшінші су қоймасы – Сазды су арнасы 40%-ға толған. Сазды қоймасы тағы да 4,5 млн текше метр су қабылдай алады», дейді «Қазсушар» РМК филиалының директоры Мырзабай Нұртазин. Сазды су қоймасының айналасы бөгесіндер мен қамыстан тазартылып, Жіңішке өзеніндегі ескі көпір бұзылып, су өткелі қалпына келтірілуде. Жіңішкенің арнасы таза болса, еріген қар суы мен мұз Елек өзеніне кедергісіз өтіп кетеді де, өзен арнасына таяу орналасқан бау-бақша ұжымдарын су басу қаупінен сақтайды.
Ақтөбе облысы