Басылым • 13 Наурыз, 2023

Мерзімді басылымдардың келешегі не болмақ?

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкентте журналист Төлен Тілеубайдың «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты жаңа кітабы таныстырылды. Кітаптың тұсаукесеріне арналған мәдени іс-шараның өтуіне ұйытқы болған – «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен Әл-Фараби кітапханасы. Қаламгердің туын­дысы болашақ журналистерге, осы салада тер төгіп жүрген мамандарға, жалпы көпшілікке арналған.

Мерзімді басылымдардың келешегі не болмақ?

«Көп оқитын адамдарда ойлау қабілеті күшті болады. Кітапқұмар жандар сарап­та­малық, яғни аналитикалық тұрғыда ойлай алады. Сондықтан кітап атаулы адам­­ның санасындағы пікірді жүйе­леп жет­кі­зу­ге көмектеседі. Сондай-ақ оқуға ын­тық жандардың сөйлеу мәнері жоғары, сауатты әрі тілі бай болып келеді. Бұл ретте қоғамда кітап оқи­тындар саны артып тұрғанда мерзімді басылымдар ешқашан орнын жоғалтпайды. Есесіне, мә­дениет те биікке өрлейді. Сөз барда, пікір алуан­дығы жоғалмаған қоғам барда баспасөз ешқашан өлмейді. Әсіресе газет ісі халықпен бірге мәңгі жасай береді. Статистикалық деректерге зер сал­сақ республика халқының бар-жоғы 23 пайыздайы газет-журнал оқиды екен. Ал қалған пайызы – әлеуметтік желі қолданушылардың үлесінде. Тіпті бүгінде 6 жасар баладан жасы жетпістен асқан қарияларға дейін әлеуметтік желінің тұрақты оқырмандарына айналып үлгерген. Дейтұрғанмен, заман технологиясы газет-журналдарға кері әсерін тигізбейді. Тек әр нәрсені орнымен пайдалансақ, жеткілікті. Кітапты жазудағы мақсатым да сол бүгінгі ұрпақ дәстүрлі баспасөз бен озық технологияны бірге ұштастырып отырса екен», деді Төлен Тілеубай.

Өз кезегінде жаңа кітап жайында өз ойын ортаға салған «Astana aqshamy» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр дәстүрлі БАҚ-тың цифрландыру үдерісіне сай икемделуі бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі екеніне тоқталды. «Соның ішінде аталған оқулықта цифрлық технология дәуірлеп тұрған заманда көнеден келе жатқан мерзімді басылымдар бәсекелестікке қалай шыдамақ, жұрт жаппай әлеуметтік желіге көшсе, баспасөзде ұлт мүддесін кім көздейді немесе сайт пен қағаз нұсқасындағы газет-журнал бір-біріне бәсекелес пе, әлде бірлесіп дами ма деген сауалдарға әдемі жауап­­тар берілген», деп ойын қорытты.

«Цифрлық жолайрық: Қазақстан газет­те­рінің бүгіні мен ертеңі» еңбегінен бөлек автор бұған дейін де бірнеше кітап жазып үлгерген. 2006 жылы журналистің қаламынан туған «Аласапыран Америка» атты тұңғыш кітабы жарық көрсе, араға он жыл салып «Тәуелсіздік – тұмарым» атты жаңа еңбегін жариялады.