Медицина • 13 Наурыз, 2023

МӘМС: Балалардың тісін емдету – тегін

598 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тісі тызылдап ауырған адамның жанын қоярға жер таппай мазасызданатыны – түсінікті жайт. Ал мұндай жайсыз сезім ба­уыр етің – балаңды шырылдатқанда еш аянып қалмастан дереу емдетуге тырысамыз. Бірақ тіс емдетудің ақысы қалтаға салмақ түсіретіні тағы бар. Бұл ретте Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) арқылы балалардың тісін тегін емдетуге болатынын қаперде ұстаған жөн.

МӘМС: Балалардың тісін емдету – тегін

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Кейінгі жылдары МӘМС есебінен белгілі бір санаттағы адамдарға стома­тологиялық қыз­­меттер тегін көрсетіліп ке­ле­ді. Алайда мұны әлі көп адам біле бермейді, білген күннің өзінде құнттай қоймайды. Аталған жүйе аясында тісін ем­детушілердің қатары енді-енді артып жатыр. Әсіресе 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі басым. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметі бойынша 2021 жылы МӘМС есебінен балаларға 20 млрд тең­геден аса сомаға 8 млн емша­ра жасалса, 2022 жылы 33 млрд теңгеге 11 млн-нан аса стоматологиялық қызмет көрсе­тілген.

Тегін стоматологиялық көмек тек мемлекеттік емханаларда ғана емес, жекеменшік медициналық ұйымдарда да көрсетіледі. Биыл 800-ден аса клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры­мен келісімшарт жасады, яғни сол мекемелерде МӘМС аясын­да стоматологиялық қызмет көрсетіледі.

«Біздің клиника 2020 жылдың желтоқсан айында ашылды. Сол кезден бастап пациенттерді МӘМС есебінен емдей бастадық. Басында тұрақты пломба ма, түсіп қалмай ма деп сұрайтындар болды. Қазір балаларын әкеліп емдететіндер көп. Жүкті әйелдер де көптеп жазыла бастады. Себе­бі олар біздің сапаға жұмыс істей­тінімізді және МӘМС-тің аясында қомақты қаржыны үнем­деуге болатынын түсінді. Стоматологиямызда 10 білікті дәрігер жұмыс істейді. Қазір күніне орташа есеппен 80 адамды МӘМС аясында қабылдаймыз. Шұғыл медициналық көмекке зәру азаматтарды кезекпен қа­был­дап жатырмыз», дейді сто­матологиялық бөлімшенің меңгерушісі, ортопед-дәрігер Ілияс Жариков.

Осы орайда жекеменшік кли­ни­каның стоматологі Бибі­нұр Уәлиева ата-аналар балала­рының тіс күтімін қаперде ұстау керек екенін алға тартты.

«Тәжірибе көрсеткендей, МӘМС аясында стоматологиялық көмекке негізгі жүгінетіндер – балалар. Олардың арасында тіс жегісі мен оның асқынған түрі көп кездеседі. Бұл ең әуелі ауыз қуысын дұрыс күтпегеннен болады. Жұмсақ тағамның да әсері бар. Тіс құртының алдын алмаса, буыны бекімеген баланың жақ сүйегіне дейін қисайып, тісі өспей қалуы мүмкін. Сондықтан тісі ауырған бойда стоматологияға бару қажет. Балаларды алты ай сайын тіс дәрігеріне тексеруге апарып тұру керек. Сондай-ақ оларға тістерін қалай дұрыс тазалау керек екенін көрсетіп, бақылап отырған жөн», деп кеңес берді Б.Уәлиева.

Осындай игілікті көріп, неме­ресінің тісін ақысыз емдеткен астаналық Мәриям апай зор ризашылығын білдірді. Бұл кісі алғашқысында МӘМС есебінен баланың тісін емдетуге болатынын білмеген екен. Ол немересін үйінің қасындағы жекеменшік стоматологиялық клиникаға апар­ған. Тіс дәрігері баланы қара­­ған соң, панорамалық сурет жасатуға 4 мың теңге төлеу керек екенін айтады. Мұны төлегеннен кейін маман зейнеткердің қолына емдеу жоспарын түсіндіріп, жалпы құнын айтады. Есептей келе, баланың 8 тісін емдеуге 200 мың теңгедей керек екені белгілі болды. Алдыңғы қос күрек тісті қалпына келтіруге – 50 мың теңге, екі үлкен азу тістің түбірін жұлу үшін әрқайсысына – 25 мың теңгеден, қалғаны күрделілігіне қарай тісжегіні емдеуге әртүрлі сомалар жазылған.

«Немеремді алдағы аптадағы бос уақытқа жазып, клиникадан шыққанымда бұрын бірге жұмыс істеген әріптесімді кездестірдім. Жөн сұрасып, жайымды айттым. Ол баласының еміне мүлдем ақша жұмсамағанын, барлығын МӘМС есебінен төлегенін айтты. Мән-жайды толық сұрап алдым да, үйге келісімен балаларымның көмегімен fms.kz ресми сайтынан стоматологиялық қызмет көрсететін медициналық ұйым­дардың тізбесін жүктеп ал­дық. Қалада медициналық сақ­тандыру қорымен шартқа отыр­ған клиникаларға көз жүгіртіп едік, көбі жекеменшік екен. Мекенжайларын қарасақ, алдында барған клиникадан сәл әрірек орналасқан стоматология да МӘМС аясында қызмет көрсе­тетінін білдік. Бірден көрсетілген нөмірді теріп, немеремді дәрі­гер қабылдауына жаздым. Осы­лайша, екі апта­ның ішінде немеремнің 8 тісін де МӘМС-тің аясында тегін емдетіп, 200 мың теңге үнемдедім. Шынымды айтсам, мен бұл ақшаны қайдан алатынымды білмей, балама несие алдыртам деп ойлағанмын. Ал МӘМС есебінен емдеуге болатынын естігенде қуанышымда шек болмады. Немереме сапалы пломба салып, тістерін жақсылап емдеп берді. Қазір туыстарыма, таныстарыма осы жайлы айтып жүрмін», дейді Мәриям апай.

Осы тұста МӘМС аясын­да қызмет көрсететін стомато­логиялардың тізімін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры­ның fms.kz ресми сайтынан алуға болатынын айта кеткен жөн. Аталған сайттың «Медициналық қызметтерді сатып алу» бөлімі­нен «КДҚ жеткізушілер» (консуль­тациялық-диагностикалық қыз­меттер) батырмасын басу ар­қы­лы «Стоматологиялық қыз­мет көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесін» жүктеп алу керек.

МӘМС есебінен 18 жасқа дейінгі балалармен қатар, жүк­ті әйелдер де жоспарлы стома­тологиялық ем ала алады. Яғни медициналық сақтандыру қоры­мен шарт жасасқан клиникаларға жазылып, жолдамасыз баруға болады. Өзімен бірге туу туралы куәлігі немесе жеке куәлігі болса жеткілікті.

Негізінде көрсетілетін меди­циналық қызметтердің қатары ауқымды. Стоматологиялық клиникалар амбулаторлық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер мен манипуляциялар ұсынады. Мұнда пломбалау, тісті жұлу және жансыздандыру қызметтерін алуға болады. Сондай-ақ МӘМС аясында жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға амбулаториялық деңгейде орто­донтиялық пластина орнатыла­ды. Егер пациенттердің стацио­нарлық жағдайда стома­толо­гиялық көмек алуға көрсет­кіш­тері болса, онда ол ауруларды диагностикалау және емдеу арнайы хаттамаларға және Қазақстан Республикасында сто­матологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес көрсетіледі.