Қаржы • 14 Наурыз, 2023

Миллиардтаған қаржыны игермеген министрліктер аталды

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында миллиардтаған теңгені игермеген министрліктер мен әкімдіктерді атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Миллиардтаған қаржыны игермеген министрліктер аталды

Қаржы министрінің айтуынша, мемлекеттік бюджет шығыстары 95,8%-ға, республикалық - 96,5%-ға, жергілікті бюджеттер - 96,6%-ға орындалды.

«Республикалық бюджет бойынша 3,4 триллион теңге шығыстар жасалды. Орындалмағаны 123 миллиард теңгені құрады. Оның 22 миллиард теңгесі үнемдеу. Сонда 101 миллиард теңге игерілмей қалды. Игерілмеудің ең көп сомасы Ішкі істер, қаржы, ғылым және жоғары білім, ақпарат және әлеуметтік даму министрліктерінде қалыптасты», деді Ерұлан Жамаубаев.

Министр игерілмей қалған қаржының себебін түсіндірді:

Көрсетілген қызметтердің нақты көлемі үшін төленген төлем;

Ұзақ конкурстық процедуралар;

Шарттарды, қосымша келісімдерді жасаудың ұзақ рәсімдері;

Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің уақтылы қабылданбауы;

Орындалған жұмыс актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау;

«Жергілікті бюджет шығыстары 1,3 триллион теңгені құрады. Орындалмағаны - 45 миллиард теңге. Биыл өңірлерге 1,2 триллион теңге нысаналы трансферттер қарастырылған. 1 наурыздағы жағдай бойынша оларға 56 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 80,1% игерілді, 11 млрд теңге игерілмеді», деді министр.

Қаржы министрінің айтуынша, Астана, Алматы, Павлодар мен Абай облыстарында үлкен көлемде қаржы игерілмей қалған.

Оған себеп - қадағалау органдарының нұсқауы, конкурстық рәсімдердің ұзаққа созылуы, орындалған жұмыс актілерінің уақтылы ұсынылмауы.

Осыған байланысты Премьер-министр Әлихан Смайылов бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бюджет қаражатын уақтылы игеру бөлігінде қаржылық тәртіпті күшейтуді тапсырды.