Қысқы спорт • 14 Наурыз, 2023

Немістер дес берген жоқ

197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде қысқы спорт түр­лерінің даму қарқыны көңіл қуантарлықтай жағ­дай­да емес. Бүгінде тек шорт-трек пен конькимен жүгіру спортында ғана бір­шама табысымыз бар деп айтуға болады. Оған жер­лестеріміздің Әлем ку­богі кезеңдерінде арагідік үздіктер қатарынан көрініп, ел қоржынына жүлде салып жүргені дәлел бола алады. Сондай-ақ кейінгі жылдары биатлон спортында ілгерілеу байқалады. Соның айғағы ретінде жуырда Щучинскіде тұң­ғыш рет биатлоннан жас­өс­пірімдер мен жастар ара­сындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылды.

Немістер дес берген жоқ

Щучинск қаласындағы қыс­қы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау ор­талығының базасында өткен жарысқа жер-жаһанның 39 елінен келген 600-ге жуық спорт­шы қатысып, бір аптаға жал­ғасқан әлемдік додада 18 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Биатлон жарыстарының көш­басшысы саналатын Гер­мания спортшылары бәсекенің алғашқы күнінен бастап жарыс тізгінін өз қолдарына алып, жаһандық сайыстың соңына дейін жалпыкомандалық есепте ешкімге дес берген жоқ.

Мәселен, Олимпия ойын­да­рының жеңімпазы, Әлем кубогі жарыстарының бірнеше дүркін чемпиондары Арнд Пайффер мен Магдалена Нойнердің ізба­сарлары тоғыз қашықтық бо­йын­ша оқ бойы озық шықты. Атап айтқанда, жасөспірімдер ара­сындағы ұлдар сайысында Бенджамин Менц 15 шақырымға жекелей жарыста әлем чемпионы атанса, қыздар бәсекесінде Селина Гротян 7,5 шақырымдық спринтте және 10 шақырымға із кесуде мәре сызығын бі­рінші кесті. Сонымен қатар Гер­ма­ния­ның жасөспірім қыздар құ­рамасы эстафетада топ жарса, аралас эстафетада Франция және Норвегия спортшыларын артқа тастап, алтыннан алқа тақ­ты.

Ал жастар арасындағы жарыста Германияның ерлер құ­рамасы үздіктер қатарынан көріне алмаса да, қыздары бар­лық қашықтық бойынша же­ң­імпаз атанды. Юлия Кинк 10 шақырымға жекелей жарыста тұғырдың ең биік сатысынан көрінсе, Юлия Таннхаймер 6 ша­­қырымдық спринт пен 7,5 ша­қы­рымдық із кесуде алдына жан сал­мады. Эстафета сайысында да неміс қыздарының бағы жанды.

Осылайша, жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионатында 9 алтын, 6 күміс медаль жеңіп алған Германия биатлоншылары жалпыкомандалық есепте бірінші болды. Екінші орынға 5 алтын, 3 күміс және 9 қола медаль олжалаған даңқты Уле-Эйнар Бьёрндаленнің отан­дастары жайғасса, үшінші орынды бір-бірден алтын жүл­дені қоржынға салған Че­хия, Жаңа Зеландия, Словения және Словакия спортшылары түйін­деді. Жалпы, әлем чемпионатын­да 15 елдің спортшылары жүл­дегерлер қатарынан көрінді.

Ал Қазақстан спортшыларынан ең үздік нәтижеге жас­өспірімдер арасында сынға түскен Данил Червенко қол жеткізді. Ол 15 шақырымға жалғасқан жарыс­та мәре сызығын 41 минут 58 секунд ішінде кесіп, 11-орынға жайғасты. Жерлесіміз төрт оқ ату айлағында бір мәрте ғана мүлт кетіп, жеңімпаз Бенджамин Менц­тен 1 минут 45 секундқа қалып қойды. Ал қыздар сайысында ең үздік нәтижені Милана Генева тіркеді. Ол жастар ара­сындағы 7,5 шақырымдық із кесуде мәреге 15-ші болып жетті. Оның уақыт көрсеткіші – 29 минут, 31 секунд. Нысана көздеу сә­тінде үш мәрте мүлт кетті.