Спорт • 15 Наурыз, 2023

Анадолыда екі алтын алды

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркияның Конья қаласында WKF каратэден А сериясына кіретін халықаралық бәсеке мәресіне жетті. Осы маусымдағы екінші турнирде өнер көрсеткен еліміздің татами шеберлері толайым табысқа қол жеткізіп, екі алтын медаль жеңіп алды.

Анадолыда екі алтын алды

Спортты дамыту дирек­ция­сының мәліметі бойынша, Қа­зақстан құрамасы сапынан ку­мите бағдарламасында сынға түскен 55 кило салмақтағы Белла Самашева финалда Босния және Герцеговина спортшысы Нейра Шиповичті қа­пы қалдырып, жарыс жеңімпазы атанса, 68 килодағы Лаура Әліқұл да Түр­кия татамиінде қарсылас шақ кел­тірмей, алтыннан алқа тақты.

Өзге жерлестерімізден Ма­лика Әбжанова (-50 кг), Әсемгүл Ер­дәулет (-55 кг), Венера Жақ­сы­баева (-68 кг), Айдос Мұхат (-67 кг), Батырғали Әбілмансұр (-75 кг) өз салмағында 5-орынға тұрақ­тады. Анадолыдағы жарысқа ел құрамасынан жалпы саны 49 спорт­шы қатысқан болатын. Мұн­да ең көп спортшыны жарыс қо­жайыны Түркия (187 спортшы) қос­са, одан кейін Иран (136 спортшы) мен Италия (75 спортшы) тұр.

Жалпы, Түркиядағы турнирде әлемнің 76 елінен келген 1 100 ка­ратэші шеберлік байқасты. Се­рияның келесі турнирін Ричмонд-Ванкувер (Канада), Ларнака (Кипр) мен Матозиньюш (Португалия) қалалары қабылдайды. Мау­сымдағы алғашқы бәсеке Грекия астанасында өткен болатын.

Айта кетейік, А сериясындағы бәсекелерде ең көп ұпай жинап, өз сал­мағындағы рейтингте 32 мық­тының қатарына енген спорт­шылар жоғары санаттағы Премьер-лига сайыстарына жолдама алады.