Қаржы • 14 Наурыз, 2023

Банк банкроттығы жаһан нарығына қалай әсер етеді?

177 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

40 жылдық тарихы бар америкалық «Silicon Valley Bank»-тің (SVB) жабылуы әлемді елеңдетіп қойған тақырыпқа айналды. АҚШ тарихындағы ірі банктердің бірі саналатын SVB-ның құлдырауы өз басына ғана емес, бірнеше өңірлік банкке қатер төндіріп тұр. Қаржы ұйымы шаңырағының ортасына түсуіне басты себеп – кірістің төмендеп кетуі. SVB акциялары 9 наурыз күні 60 пайызға дейін құлдырап кетті. Бұл – 2016 жылдан бері тіркеліп отырған ең төменгі көрсеткіш.

Банк банкроттығы жаһан нарығына  қалай әсер етеді?

SVB Силикон алқабындағы ал­ғашқы кеңсесін 1983 жылы ашып, ә дегеннен венчурлық қар­жы мен стартаптармен жұ­мыс істеу бағытын таңдап алған. Банк стратегиясы сәтті жүзеге асып, алқаптағы өзге қаржы ұйымдарымен үзеңгі қағыстырып, қатар дамиды. Ал 2015 жылы Құрама штаттардағы стар­тап­тардың 65 пайызы осы банк­тің клиенті атанып шыға кел­ді. 2020-2021 жылдары ақша­сын SVB-да орналастырған стартаптарға инвесторлар белсенді түрде қаржы құйды. Соның нәтижесінде сақ­талу мерзімі көрсетілмеген са­лым көлемі үш есе өсіп, 128 млрд дол­ларға жетті. Банк осы қар­жы­ның бір бөлігін ұзақмерзімді мем­лекеттік қағаздар мен кіріс­ті­лі­гі төмен ипотекалық қағаз­дар­ға салып жіберген. Биыл жыл басында Фе­де­ралды резерв жүйесі базалық мөлшерлемені көтеріп жіберген мезетте SVB-ның инвестициялық портфелінің құны күрт төмендейді. Бұл кезде венчурлық индустрия да құлдырауды бастан кешіп жатты. Стартаптар инвесторлар қара­жатына аз ие болып, депо­зит­терін шешіп алуға көшті. 2023 жылдың 8 наурызында банк өзі­нің ұзақмерзімді, төмен кірісті об­ли­гацияларының бір бөлігін 2 млрд доллар шығынға сатуға мәжбүр болғанын жариялады. Осыдан бастап банк котировкасы тек төмен қарай құлдилай берді. Осыншама стартаптардың сенімі мен миллиардтаған долларға иелік етіп отырған қаржы ұйымы екі-ақ күнде құлады.

«Market Watch»-тың жазуынша, әдетте IT-компаниялар кірістілігі азайған кезде салымшы қаржысын шығарып, шығынды өтеуге тырысады. Өз кезегінде SVB кеткен депозиттің орнын толтыру үшін портфельдегі құнды қағаздарын шұғыл сатылымға шығарған. Нау­рыздың басында банк «өз балансын нығайту үшін» 1,75 млрд доллардың акциясына қосымша эмиссия жүргізген және 1,8 млрд доллар көлемінде шығындарды өтеген. Сол үшін актив портфелінің бір бөлігін сатқан. Сондай-ақ олар 2,25 млрд долларға жаңа акциялар орна­лас­тырғысы келген. Алайда бұл вен­чурлық инвесторлардың қау­пін күшейткен. Сөйтіп олар өз клиент­теріне банктегі қаражатын алуға кеңес бере бастаған. Банк шығарылып жатқан ақша ағыны­мен күресіп, капитал тартуға ты­ры­сып баққан, алайда бұл әре­кет­терінен нәтиже болмады.

Инвесторлар капиталдың орны толарына үлкен күмәнмен қарап (себебі банк несиелеген көптеген технологиялық стартаптың жағ­да­йы нашарлаған), «JPMorgan Chase», «Bank of America», «Citigroup» және «Wells Fargo» акцияларын сата бастаған. Өйткені бұл қаржы ұйымдарының да инвестициялық портфелі SVB-ға өте-мөте ұқсас болған, яғни олар да негізінен стартаптарды қаржыландырумен айналысқан.

Осыдан кейін Депозиттерді сақтандыру бойынша федералды корпорация несие ұйымына жеке конкурстық басқарушыны тағайындау туралы шешім қабыл­да­ды. АҚШ Қаржы министрі Джанет Йелленнің айтуынша, осы жағдайға қарамастан АҚШ-тың банк жүйесі орнықты болып қала береді. Қазір ел үкіметі банкті немесе оның бір бөлігін сату туралы ойластырып жатыр. «Bloomberg» ақпараты бойынша, банктің бас директоры Грек Беккер банкрот болғанға дейін екі апта бұрын компанияның 3,6 млн доллар көлеміндегі акциясын сатып жіберген.

Калифорния қаржылық қорғау және инновация департаменті 10 наурыз күні SVB-ні жауып, оны басқару міндетін депозиттерді сақтандыру бойынша федералды корпорацияға (FDIC) тапсырған. Салымшылардың қаржысын сақтап қалу үшін FDIC «Deposit Insurance National Bank of Santa Clara» (DINB) құрып, банктің бар­лық сақтандырылған қаржысын сонда аударған. Мұн­дағы қаржыға са­лымшылар қол­же­тімділікті 13 нау­рыздан ала бас­­тайды. Ал сақтандырылмаған са­лымдар бо­йынша төлемдерді жү­зеге асыру үшін «Silicon Valley Bank» активтері сатылым­ға шы­ға­рылады. SVB-нің Кали­фор­ния мен Мас­сачусетсте 17 бө­лім­ше­сі бол­ған.

2022 жылдың 31 желтоқса­нын­дағы жағдай бойынша банк активтерінің құны – 209 млрд доллар болған, ал депозиттің жиын­тық көлемі – 175,4 млрд дол­лар­ға жуықтайды. FDIC 250 мың дол­ларға дейінгі сомадағы депо­зит­ті сақтандырмақ.

«Silicon Valley Bank» – АҚШ-тағы ірілігі бойынша алтыншы қаржы институты. Клиенттерінің басым бөлігін стартаптар құраған. Бұл банктің құлдырауы 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезіндегі «Washington Mutual Inc.» банкінің банкрот болуынан кейінгі аса ірі коллапс болып саналады.

Бір банктің шайқалуы нарықта алапат жел тұрғызып, басқаларды да сүйкеп өтетін сыңайлы. «Finan­cial Times» дерегіне сүйен­сек, «Silicon Valley Bank» оқиға­сы­нан кейін активтер көлемі бо­йынша аса ірі саналатын төрт аме­ри­калық банк бір күнде 52,4 млрд доллар нарықтық құнынан айырылған.

АҚШ-тағы банк дағдарысына байланысты арнайы мәлімдеме жасаған Президент Джо Бай­ден салымшылардың бүкіл қаржы­сы­ның қайтарылатынын айтты. Оның сөзінше, SVB және «Signature Bank» (айтпақшы бұл банк те жабылып қалды) басшылары қызметінен қуылады, олардың инвесторларын ешкім де құтқармайды.

Қаржыгер Ғалым Құса­йы­нов­тың айтуынша, SVB банк­рот­ты­ғы­ның басты себебі – ФРЖ тарапынан пайыздық мөлшерлемелердің күрт көтеріліп кет­кендігінде.

«Банк пайыздық мөлшерле­мелерді көтергеннен кейін құн­сызданып кет­кен бағалы қағаз­дар­да өз ак­тив­терін ұстап отырған. Банк­рот­­­тықтың себебі осында жа­тыр. Қысқа депозиттер есебі­нен ұзақмерзімді бағалы қағаз­дар сатып алынды. Банктер ба­ға­лы қағаздарды өтеуге дейін ұс­та­майтындықтан, олар нарыққа сәйкес қайта бағаланады және сәйкесінше шығын ағымдағы кезеңде капитал шоттары арқылы танылады. Мысалы, банк өтеу мерзімі 5 жыл болатын облигацияны жылдық 2 пайызбен сатып алса, ал жыл бойында кірістілік жылдық 6 пайызға дейін артса, онда банк 4 пайыз * 5 = 20 пайыз деп, 100 млрд доллар үшін шығын 20 млрд-ты құрайды деп есептейді. Әрі қарай, бұл қағаз бухгалтерлік есепте 6 пайыз кірістілікпен танылады, ал егер сіз қағазды сатпасаңыз, онда шығыныңыз жылына 4 миллиард қосымша пайыздық кіріс есебінен өтеледі. SVB кассалық айырманы жабу үшін ұзақмерзімді бағалы қағаздарын дисконтпен сата бас­тады. Олар қағаздардың бір бө­лі­гін өтеуге дейін ұстап қалған сияқты, сондықтан сату кезінде шығынға батқандарын мойындады. АҚШ-та банкроттық санаулы күндер ішінде тәмам болады және депозиторлар өз салымдарын жоғалтпайды. Қаржылық реттеуші барлық салымшының ақша алатынын мәлімдеді. Тек акционерлер мен облигация ұстаушылар алмайды», дейді қаржыгер.

SVB банкроттығынан кейін бір­қатар америкалық және еуро­па­лық банк акцияларының котировкасы құлдырай бастады. «First Republic Bank» қағаздары Нью-Йорктегі алдын-ала сауда кезінде өз құнының 65 пайызын жоғалтса, PacWest Bancorp, Western Alliance Bancorp сияқты өңірлік банктер 40 және 53 пайызынан айырылған. Bank of America Corp. қағаздары 3,9 пайызға арзандапты. Акциясы арзандап сала берген компаниялар қатарында JPMorgan Chase & Co. (1,2 пайызға), Wells Fargo & Co. (3,4 пайызға) да бар. Еуропада Credit Suisse Group AG бірден 11 па­йызға құлдыраса, HSBC қағаз­да­ры өз құнының 3,3 пайызын жоғалтқан.

Бұл жағдай біздің қаржы секторына тікелей әсер ете қоймайды. Дегенмен «сақтансаң – сақтаймын» дегенді естен шығармаған абзал. Сарапшылар, әсіресе ірі банктердің сауда-саттықта аса мұқият болуы керектігін айтады. Бұл ретте банк мен­шік капиталының, өтім­ді­лік қорының жеткілікті болуы, са­лымшылар қаражатын пай­да­ла­нуда дұрыс стратегия таңдай білуі, инвесторлардың үре­йін ұшырып алмайтындай нұс­қаға қарай қадам басуы да өте ма­ңызды. Өйткені қандай да бір қатер төне қалса, онда салымшы­лар алдындағы міндеттемесін толы­ғымен орын­дау­ға тура келмек.