Қоғам • 15 Наурыз, 2023

Мәулен Әшімбаев: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсетудің маңызы зор

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мүгедектігі бар азаматтардың жұмыс істеуіне және шығармашылықпен айналысуына тиісті жағдай жасау қажет. Мұндай қадам мүмкіндігі шектеулі адамдардың ортаға бейімделіп, өмірден өз орнын табуына оң әсерін тигізеді. Бүгін Сенат отырысында Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі жобасын қарау барысында Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев осы мәселеге назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсетудің маңызы зор

«Кодекс жобасында жәрдемақыны көтеру, басқа да атаулы әлеуметтік көмекті арттыру жөнінде нормалар бар. Осы ретте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тағы екі бағыт бойынша қолдау көрсетудің маңызы зор деп есептейміз. Біріншіден, еңбек еткісі келетін мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесуіміз қажет. Бұл олардың өз-өздерін қамтамасыз етуге және ортаға бейімделуіне оң ықпалын тигізеді. Сондықтан осы бағыттағы заңнамаларды пысықтап, Еңбек кодексіне, басқа да тиісті заңдарға қажетті өзгерістерді енгізу мәселесін қарастыруымыз керек. Себебі қазіргі таңда жұмыс берушілердің көбі мүгедектігі бар азаматтарды алуға онша құштар емес екенін көріп жүрміз», деді Сенат Спикері.

Сонымен қатар Палата Төрағасы бұған дейін Парламент депутаттарының бастамашы болуымен Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданғанын, оның негізгі мақсаттарының бірі мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру екенін, алайда қазіргі таңда бұл норма өз деңгейінде жұмыс істемей жатқанын атап өтті. Сондықтан ол бұл бағыттағы мәселелерді де Парламент пен Үкімет бірлесіп, ақылдасып шешу керектігін тілге тиек етті.

Мәулен Әшімбаев бүгінде шығармашылықпен айналысып жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтардың аз емес екенін, оларға осы бағытта жүйелі қолдау көрсету керектігін де сөз етті.

«Қазіргі таңда мүгедектігі бар азаматтар, әсіресе, жастар шығармашылықпен айналысып, сол арқылы өмірден өз орнын табуға ұмтылады. Кейбір өнер ұжымдары оларды жұмысқа алғанымен, шешуді қажет ететін мәселелер туындап отыр. Өйткені Еңбек кодексінде бұл бағыттағы кейбір мәселелер көрсетілмеген. Осындай түйткілдерді оңтайлы шешіп, мүгедектігі бар адамдарға шығармашылықпен айналысуға мүмкіндіктер жасап беруіміз керек», деді Сенат Төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің жобасын және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» үш заң жобасын бірінші оқылымда қарады.