Поэзия • 15 Наурыз, 2023

Айдын бетіндегі пәк бейне

257 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл өлеңді сонау жылдары аттың жалында, түйенің қомында дегендей жағдайда бір-ақ рет оқығанбыз. Содан есте қалыпты. Әсері де тарқай қоймапты. Әуені мен сиқырлы сазы арбаса керек. Анда-санда ақын жырларын оқығанда осы өлеңін тауып оқитын әдетіміз бар. Әйтеуір «алыстан сермеп, жүректен тербейтін» бір ғаламаты бар шығарма. Мүмкін айсыз қараңғы түні теңіз жағалап келе жатқанда ғайыптан аппақ сәуле төгіліп, айдын мен аспан арасындағы бар ғажайыпқа көз суарып үлгерген бойда әлгі жарық жоғалып үлгергендей әсер. Қас қағым. Бірақ сол қас қағым бұған дейін сезіп-білмегеніңді көз алдыңа құндақтап, көкейіңе орнатып жоқ болып кетсе... Несі бар, ондайды өмірі көрмей өтетіндер де бар емес пе? Ғажабы, Дәуітәлі Стамбековтің бұл өлеңі бірінші сыныпты бітірген жылы Балқаш көліне кетіп қалған баласы туралы болса да, қайғы-қасірет күйінен бөлек басқаша әсерге бөлейді.

Айдын бетіндегі пәк бейне

Өлең де ептеген өкініш пен маза­сыздық сезілгенімен, періштедей бей­күнә болмыс күн ашық-жарықта суға да батпай, айдын бетімен жүгіріп, тол­қындарды сапырып жүргендей. «Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтыннан» бөлек, ақ шуаққа оранған нәп-нәзік пәк бейне. Айдынның ақ толқынымен ойнап, күннің күміс сәулесіне сіңіп кеткенде артынан қарап қаласыз. Қарап қаласыз да сол сүйкімді бейнені іздеп нешеме барасыз айдынға. Ашық күні ақ шуақтың суға шағылысқан сәулелері арасынан елес береді. Бірде бұлт пен дауыл, нөсер мен найзағай арасынан жалғыз-ақ сәтке жалт еткен сәулемен бірге көрінеді де жоғалады.

«Кіп-кішкентай керемет ғұмыр еді,

Есіме алсам көңілім бүлінеді.

Анасының қолынан шығып кетіп,

Көл жағалай бір бала жүгіреді.

Жүгіреді, бір құлап-сүрінеді,

Анда-санда бұлдырап кідіреді.

Зырлап бара жатады, тоқтай қалып,

Судың терең түбіне үңіледі»,

деп басталады жыр.

Жас сәбидің тынысындай жеп-же­ңіл оқылады өлең және еліктіріп ала жө­неледі. Мына дүниенің былғаны­шынан безіп, сылдыраған судың тұмасы мен күннің күміс сәулесіне жетелейді. Сонда соңынан жүгіре басып жетуге тырысқанымен, ақ жарыққа сіңіп жо­ғалған әлгі бейнеден көз жазып қалған ақын­ның алқынған демі білінеді. Ақын бәлкім өзі ғана көреді ол ақ сәулені. Солай бола тұрса да, жанының ең аяулысы жоғалып кеткенімен, өлдіге баламайды. Өліп қалды деп тіпті де аза тұтпайды. Өлеңнің ғажабы да осы тұсында сияқты.

Кеудесі оның толы еді армандарға!

Қолын бұлғап осынау ән-жалғанға –

Кете барды айдынның тереңіне...

Не бар көлдің түбінде?

Маржан бар ма?

Не бар көлдің түбінде? Біле алмадым,

Қалды жетім менің де сұрауларым.

Маржан қуған баламен көл түбінде

Кете барды менің де армандарым».

Ештеңеден тайынбайтын, қулық-сұмдығы жоқ жас сәбидің кіршіксіз таза жанындай таңғажайып не бар? Су түбіне, күн түбіне үңілсе де құмартқанына қол жеткізу үшін көзсіз ерлікке тек солар ғана бара алады. «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» дегеніндей Мағжанның. Дәуітәлі ақынның бұл өлеңінде де сондай тап-таза мұң балаша жүгіреді. Судан таза, сүттен ақ сол жаратылыс бұл дүниедегі тіршілігін тоқтатқанымен, қасиетті рух және жанды бейне ретінде қалып қойған. Өлмеген. Өлмек тұрмақ, ол біз өмір деп мазмұн беріп жүрген тіршіліктің үстінен, яғни жоғарыдан қарап отырғандай сезіледі. Түптеп келгенде, пендеуи пиғыл араласқан жерден адамзат баласының толыққанды адалдық пен әділет ұшыратуы қиын ғой. Бәрі салыстырмалы түрде ғана шындықты дәлелдеуге тырысады. Ал ақ көңіл, ізгі ниет пен алғаусыз мұрат жолында көзсіз ерлікке бару – тұншығып өлерін білсе де, су түбіндегі маржанға ұмтылу. Сонда жас сәбидің жаны мөлдір, таза ғана емес, өткір һәм көзсіз батыл болып шығады. Ақынның адамдардан гөрі әлгі сәбиді көл мен желден сұрап жүргені сондықтан.

Қалай десек те Дәуітәлі Стамбековтің бұл өлеңі Мағжан ақынның кейбір шығармаларымен үндеседі. Рух тұрғы­сынан бір-бірімен сырлас жандар сияқты. Мағжан Жұмабаевтың да жас баласы қайтыс болғаны тарихтан мәлім. «Өлім күйі тәтті күй» деген Мағжан. Оның үстіне «шайқайды жас баладай желдің лебі» деген «Япырай» әнінен туған образдар ақын тағдырымен шектесіп, біз талдап отырған шығарманың болмысына сіңісіп тұрғандай мұң тербейді.

«Көлден оны сұраймын күнде-күнде,

Мазам кеткен ұйқысыз түндерімде.

Құлағыма көл жақтан жетеді үні –

Жылағанын естимін, күлгенін де.

Кейде жылап жүреді көл жағалай,

Кейде келе жатады белге қарай.

Ақ көйлегі желбіреп жүгіргенде

Жеткізбейді, білмеймін, желге қалай?

Кейде көлден әріден қаптап бұлт,

Найзағайын атады шақпақ қылып.

Осы кезде толқынның ортасында

Менің балам жүреді сақ-сақ күліп...».