Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Едіге деген ер еді, халықтың қамын жер еді» депті халық. Алып ұлын аңыз еткен сол халық алғадайын көкке көтеріп, дәрежесін асырыпты. «Артынан келіп қарасам, қаһардан пайда болғандай, алдынан келіп қарасам, лапылдан пайда болғандай» депті сом халық. Едіге ердің өзі де ошақтай кеуделі, паңдығы жұрттан асқан патша көңіл екен. Кезі келсе өзін хан Шыңғысқа теңгерген-ді кескекті ердің сойы.
Мен, мен – дүрмін, мен – дүрмін!
Мен, мен деген, тоба қылған ер дүрмін!
Дұспаным отын жандырман,
Өзім деген нәмартқа,
Тоғыздан шаңқан боз ат міндірмен,
Мұнан әрі мақтанбан,
Мен мақтансам
Он екі тұтам оқ тартқан,
Мұрнағы өткен ер Шыңғыстың
өзіменен теңдермін!
Мырза ұлдарға ғана жарасар зау мінез хас асылдан ғана кезігер, ішін тырнаған арыстаны бұрқ-сарқ қайнаған тау мінезінен байқалар.
«Ер Едіге» жыры — түркілердің жыры. Қазақ, ноғай, татар, башқұрт, қарақалпақ, өзбек, түрікмен және басқа түркі халықтарына ортақ жыр. «Қырымның қырық батырының» ішіндегі ең аспаны биік, алапасы асқан жыр. Едіге жырын толғау арқылы ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа батырлық өнеге, семсердей сертке беріктік, ұлтқа қорған боларлық болмыс өсиет болып жетіп отырды. Кешегі Алтын Орда іргесі дәуірлеген тұста бір тұяғы Бағдатқа, бір тұяғы Днепрге жеткен баһадүр бабалар дабылы Едіге, Алпамыс, Қобыланды үнімен жалғасып отырды.
Зерттеуші ғалым Жұбаназар Асановтың айтуы бойынша Едіге өмірде нақты болған адам.
– Ер Едігенің үлкен еңбегі сол — іргесі сөгіле бастаған Алтын Орданы қалпына келтірген. 1398 жылы Литваның, Польшаның, Батыс Ресейдің біріккен әскері Алтын Орда аумағын бөліп алмақ болған. Алтын Орданың ханы Темір жаумен Борсықты деген жерде, қазіргі Қазақстанның батысының Ресеймен шектес аумағында кездескен. Еділ мен Жайық арасында ұлысты басқарып отырған Едіге осы соғыста керемет ерлік көрсеткен. Үш жыл бойы дайындалып келген еуропалық әскерді тас-талқан етіп, Киевке дейін қуып барады. Мұны тарихшы Карамзин «Мұндай жеңісті Бату да, Шыңғыс хан да көрген жоқ» деп жазады. Бұл түркілер үшін шешуші майдан болған еді, – дейді ғалым.
Қазақта жырдың 14 нұсқасы бар. Шоқан, Нұрым, Нұртуған нұсқалары халық арасында көптеп таралған. Шоқан нұсқасы 1400 жол. Ең көлемдісі қарақалпақтағы нұсқасы, ол 16328 жолдан тұрады. Мұны Қияс нұсқасы деп атайды. Ал Өтенияз нұсқасы 14 мың жолға жақын. Нұсқаның көлемі ғана емес, саны жөнінен де «Едіге» жыры бірінші орында. Түркі халықтарында жырдың 50-ге тарта нұсқасы бар.
«Ер Едіге» – өзінен кейінгі көптеген эпосқа сәулесін түсірген көлемді дүние. Тіпті жырмен таныса отырып жыраулар поэзиясының шұрайлы тілін, батырлық, лиро-эпостық дастандардың әсемдігін, олардың бастау бұлағын көруге болады. Рух алдаспанынан ақтарылған алғадай жыр түркі халықтарының бауырмалдығын арттырып, бірлігін нығайтып алғы ұрпаққа жалғаса берері сөзсіз.