Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақстанда жыл сайын өндірісте еңбекті қорғау талаптарын бұзу салдарынан орта есеппен 1 400 жұмысшы жарақат алып, 200-ге жуық адам қаза табады. Бұл ретте жұмыста зардап шеккендердің ең көп саны Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында байқалады.
Былтыр «Мемлекеттік аннуитеттік компания «Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ (МАК) жұмыскерлерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша заңды тұлғалармен 1 660 шарт жасасты. Оның аясында 83 122 адам сақтандырумен қамтылды.
2022 жылы аталған компания жазатайым оқиғалардан зардап шеккен 1 069 қызметкерге 855 млн теңге сомасында ай сайынғы аннуитеттік төлемдер жүргізді. Бұған қоса 27 адам 3,5 млн теңге сомасына қосымша (медициналық) шығыстарды (500 АЕК-тен 1 000 АЕК-ке дейін, жерлеуге арналған біржолғы төлем – 100 АЕК) алды.
Сонымен қатар 1998 жылы ел жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен сәттен бастап зейнетақы аннуитеттері бағдарламасы іске қосылды. Зейнетақы аннуитеті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) қаражат жинақтауға балама ретінде қызмет етеді. Бағдарламаның мәні – азаматтарға зейнетақы жасына дейін басталатын өмір бойғы төлемдерді алу үшін жинақтауды БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымдарына аударуға мүмкіндік беру.
Бұл ретте 2022 жылдың қорытындысы бойынша МАК жеке тұлғалармен 153 зейнетақы аннуитеттік сақтандыру шартын жасасты. Өткен жылы зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша 1,3 млрд теңге сомасына сақтандыру төлемдері жүргізілді, мұны алушылар – 8 108 адам.