27 Маусым, 2014

Көмір тозаңы да кәдеге жарайды

535 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Екібастұз – еліміздегі экологиялық ахуалы аса төмен өңірдің бірі. Өйткені, қала сыртында жанып жататын күл үйінділері, МАЭС-тер мұржаларынан будақтаған түтін – осының бәрі қатерлі дерттер көрсеткіштерінің артуына себепші жайттар. Электр стансалары тарапынан соңғы жылдары мұржаларға зиянды газдарды ауаға жіберуге тосқауыл болатын сүзгілер орнату мәселесі қолға алынғанымен, кеніштерде өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату әлі ойластырылмай жүрген-ді. Енді бұл жағынан «Гамма» ЖШС-іне қарасты «Сарыкөл» кеніші (директоры – Қайрат Мусин) көш бастап, өндірісте инновациялық технология қолдана бастады. Географиялық орналасуы жағынан «Сарыкөл» кеніші «Майкөбе» кені­шіне іргелес. Сондықтан қос кеніш­те өндірілетін көмір жыныстық құрамы жағынан бірдей, тек өндірілу жолдары қолданыстағы технологияға қарай әрқилы. Қазіргі уақытта кенішке кіреберіс жолдың екі жағындағы алқаптар жаңадан игеріле бастады. – Алқапта кен қабаты біркелкі емес, көмір қабаттарымен топырақ қабаттары кезектесіп араласып отырады. Яғни, бұл алқапта геология­лық проблема бар. Мұндай аралас қыртыстан көмірді тазартып алу көп шығынды талап етеді. Дегенмен біз тұтынушылар сұранысын толық өтеп, көмір сапасын олардың талабына қарай қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді. «Гамма» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Жангелді Асмиев. Құрылысы бір жыл ішінде аяқтал­ған көмірді қайта өңдеу кешені – Екібастұз кеніштері арасын­дағы қоршаған ортаны ластамай, қалдықсыз өнім шығаруға бағытталған жобалардың алғашқы қарлығашы. – Кешен күлділігі жоғары, құрамы сазбен, кен жыныстарымен аралас көмірді өңдеуге пайдаланылады, – деп түсіндіреді Жангелді Боранбайұлы. – Бұл жерде құрамы нашар көмір тазартылып, сапасы жақсартылады. Одан қалған ұсақ қалдықтар бұрын үйіндіге айналатын. Енді көмір тазартудан қалған шаңның өзінен қатты отын – брикеттелген көмір шығарып жатырмыз. Ал брикеттен қалған қалдық «Вершина» ЖШС-іне қарасты кірпіш зауытына жөнелтіліп, кірпіш жасауға қолданылады. Осылайша, біз ешбір қалдықты сыртқа шығарып, ауаны ластамаймыз. Яғни, қалдықсыз өндіріске қол жеткізіп отырмыз. Қайта өңдеу кешенінде көмір қалдықтары бункер арқылы кеп­тір­гіш барабанда құрғатылып, межелі температураға жеткенше араластырылады. Одан соң конвейер арқылы ұсатқышқа түседі. Бұл жерде көмір қалдықтары тозаңға айналып, жинағыш-бункер шнек­терімен жоғары көтеріледі де, оған біріктіргіш компоненттер мен жан­ғыш катализаторлар қосылады. Қоспа әбден дайын болғанша аралас­тырылып, қалыптарға құйылады. Брикеттелген көмірдің артық­шылығы жаққанда көп күл-қоқыс қалдырмайды, жағымсыз иіс шығар­майды және түтіндемейді. Сондай-ақ, тым жылдам жанып кетпейді. Брикеттердің қапталуы оларды сақтау орнын үнемдеуге мүмкіндік береді. – Бүгінгі таңда Қазақстандағы жолаушылар пойыздарында кәдім­гі көмір пайдаланылып жүр. Ол тасымалдауға да, бұрқыратып пеш­ке салуға да қолайсыз. Мәселен, шетел­дік жолаушылардың алдында жолсеріктердің көмірді бұрқыратып, күйелеш-күйелеш болып жүруі ыңғайсыз ғой. Сондықтан біз жолау­шылар вагондарын брикеттер­мен қамтамасыз етуге қол жеткізгіміз келеді, – дейді Жангелді Асмиев. Қазіргі уақытта тоннасы 4500 теңге тұратын бұл өнімді Қазақстан мен Ресейдің бірқатар кәсіпорындары пайдаланып та жатыр. Екібастұздағы «Теміржолжылу», «МАК-Екібастұз» ЖШС-лерінде өнім тәжірибелік сынақтан өткізілген. Кешенде ал­ғаш құйылған 20 мың тоннадан ас­там брикеттің химиялық құрамы зерт­теліп, жетілдіріліп, сапасы жарамды деңгейге жеткізілген 6 мың тоннасы тұтынушыларға өткізілген көрінеді. Ендігі жұмыс кешенде өндіріліп жатқан брикеттер сапасын арттыруға, оны сатуға бағытталып отыр. Қазір кешен сағатына 25 тонна брикет өндіре алады, сұраныс жоғары болса, өндіріс қуатын сағатына 50 тонна­ға жеткізуге мүмкіндік бар. Мұнда брикеттердің сапасын қада­ғалайтын зертхана да жұмыс істейді. Өнім сапасына еліміздегі отын сапасын қадағалайтын беделді мекеме – қарағандылық «НИЦ уголь» ЖШС мен Ресейдің Кемеров облы­сындағы «Уголь-С» ААҚ-тың тәуел­сіз зертханасы қорытынды жасаған. «Сарыкөлде» қолға алынған бастамадан өзге кеніштер мен өндіріс орындары үлгі алса игі. Жалпы, шетелдерде кез келген қалдық іске жаратылады. Ел келешегі – жастардың осы жағын зерттеп-зерделеуге мән бергені жөн-ау. Жанаргүл ҚАДЫРОВА. ЕКІБАСТҰЗ.