Сайлау • 16 Наурыз, 2023

Көшпелі кеңес жұмысы аяқталды

273 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

19 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутат­тарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу шеңберінде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Жамбыл облысында, ал комиссия мүшесі Шавқат Өтемісов Атырау облысында жұмыс сапарымен болды.

Көшпелі кеңес жұмысы аяқталды

Инспекциялық сапардың негізгі мақсаты – сайлау заңнамасының жаңа­шылдығын түсіндіру, сайлау комис­сияларының мүшелеріне әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ өңірлердің алдағы сайлауға дайындығын тексеру. Жамбыл облысына сапары аясында Мұхтар Ерман жергілікті атқарушы органдар, облыстық прокуратура, полиция департаментінің өкілдерімен, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдерімен, халықаралық байқаушылар және БАҚ өкілдерімен кеңес өткізді. Кездесуге сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақмерзімді мис­сия­сының өкілдері Мария Фаглевааг Варсинка-Варси (Норвегия) және Эндрю Юрковский (АҚШ) шақырылды.

Кеңесте сайлауды ұйымдастыру бо­йынша жүргізіліп жатқан жұмыстар тура­лы өңірлік мемлекеттік органдар­дың есептері тыңдалды. Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтеннің мәлімдеуінше, өңірдегі сайлаушылар саны – 717 090. Аймақта 499 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

«Барлық сайлау учаскелері қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ өңірде кандидаттардың үгіт баспа материалдарын орналас­тыру үшін 308 орын анықталып, 356 бил­борд және LED-экрандар бөлінді. Тараз қаласында және аудандарда халық­қа консультациялық қызмет көрсету мақ­сатында 11 Call-орталық құрылды. Сондай-ақ www.e-jambyl.kz ақпарат порталында ЖСН арқылы өз сайлау учаскесін іздеу бойынша онлайн-сервис көзделген, телеграмм-бот жұмыс істейді. Сайлаушыларды тіркеуді растау бойынша 260 онлайн-сервистің және тұрақты немесе уақытша тіркеуі жоқ азаматтардың дауыс беруін ұйымдастыру үшін 7 сервистің жұмысы ұйымдастырылады», деп хабарлады ол.

Сондай-ақ атқарылған жұмыстар туралы Жамбыл облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғалы Айдапкелов баяндама жасап, бүгінгі күні бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 692 кандидат тіркелгенін хабарлады. «Оның ішінде №15 және 16 сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына – 12, 18 сайлау округі бойынша облыстық мәсли­хат­қа – 70, 27 сайлау округі бойынша қала­лық мәслихатқа – 92, 147 сайлау округі бо­йынша аудандық мәслихаттарға 518 кан­ди­дат додаға түседі. Партиялық тізім­дер бойынша сайланатын облыстық мәсли­хаттың 18 депутаттық мандатына 72 кандидат тіркелді», деп мәлімдеді С.Айдапкелов.

Жұмыстың осы бағыты бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы­ның басшысы Еркін Келесовтің мәлім­деуінше, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. «Бү­гінде өңірде дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін 2 541 мүгедектігі бар сайлаушы тұрады. Олар үшін барлық сайлау учаскелерінде пан­дус­тар, кіреберістегі тактильді көр­сет­кіштер және ғимараттар ішіндегі так­тильді жолақтар қарастырылған. Сайлау күні онлайн режімде 27 сурдоаудармашы жұмыс істейді. Сондай-ақ 28 инватакси автокөлігінің қызметі ұйымдастырылмақ», деді ол.

Сондай-ақ кеңес барысында облыстық прокуратура мен полиция департаментінің өкілдері сөз сөйлеп, сайлау үдерісіне қатысушылардың заңдылықты сақтауын, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Семинардың екінші бөлімінде Мұх­тар Ерман аудандық және аумақ­тық сайлау комиссияларының мүше­лері­мен кездесу өткізіп, сайлау заңнама­сының жаңалықтары мен осы сайлау науқанының ерекшеліктерін түсіндірді, сондай-ақ комиссия мүшелерінің көптеген сұраққа жауап берді. Осыдан кейін «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны өткізіліп, комиссия мүшелері сайлауды өткізуді іс жүзінде үйренді.

Ал Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавқат Өтемісов Атырау облысында осындай көшпелі семинар-кеңес өткізді. Онда кейбір сайлау учаске­леріне барып, олардың алдағы сайлауға дайындығын тексерді.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Болат Исақов сайлаушылар тізіміне 412 165 адам енгізілгенін баяндады. Халықтың белсенділігін арттыру мақсатында облыс әкімдігінің сайтында сайлаушылар тізімінен өзін іздеу сервисі, телеграмм-бот іске қосылған. Сондай-ақ өңірде сайлауға қатысты барлық мәселелер бойынша азаматтарға кеңес беру үшін 8 Call-орталық жұмыс істей бастады. Бұдан басқа, сайлау науқаны кезеңінде 174 сайлау учаскесінде сайлаушылардың тіркеу мекенжайын анықтау үшін сервис қолжетімді. Ол сондай-ақ облыс бойынша 269 сайлау учаскесі бар екенін хабарлады. Барлық учаскелер материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілген. Облыстағы үгіт-насихат қызметі бөлігінде үгіт-баспа материалдарын орналастыруға арналған 158 орын және сайлаушылармен кездесуге арналған 92 үй-жай айқындалды. Сонымен қатар сайлау туралы ақпараттық билбордтарды орналастыру үшін 528 орын бөлінген.

Кеңесте Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төле­ғариева мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету туралы хабарлады. Оның мәлімдеуінше, ерекше жағдайларға мұқтаж сайлаушылар саны – 2091. Атырау қаласы мен аудандардағы барлық дауыс беру пункттері ғимараттардың бірін­ші қа­батында орналасқан. Сайлау учас­келері пандустармен, тактильді жолақтармен, ақпараттық белгілермен жабдықталған. Бұдан басқа, сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар жабдықталған, онда лупалар, Брайль шрифтімен орындалған ақпараттық материалдар, қосымша жарықтандыру және сайлау учаскелері сурдоаудармашылармен қамтамасыз етіліп, инватакси автокөліктерінің қызметі ұйымдастырылады.

Облыстың аумақтық сайлау комис­сия­сының төрағасы Азамат Аймана­құмовтың хабарлауынша, өңірде 365 сайлау комиссиясы (9 аумақтық, 87 округтік, 269 учаскелік) жұмыс істейді, онда 2 429 комиссия мүшесі қызмет атқарады. Барлығы 445 кандидат тіркелді, оның ішінде Мәжіліске – 12, облыстық мәслихатқа 6 партиялық тізімде – 61, облыстық мәслихатқа 15 бірмандаттық сайлау округі бойынша – 40, Атырау қалалық мәслихатына – 71, 7 аудандық мәслихатқа 261 кандидат сайлауға түседі. Сондай-ақ сайлау науқанын өткізу кезінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды, сондай-ақ қо­ғам­дық тәртіп пен азаматтардың қауіп­сіздігін сақтауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы облыстық прокуратура мен полиция департаментінің өкілдері сөз сөйледі.

Семинар-кеңестің екінші бөлі­мінде аумақтық сайлау комиссия­ларының мүшелері үшін іскерлік ойын түріндегі тренингтер өткізілді, сайлау комиссияларының мүшелері дауыс берудің барысын қамти отырып, учаскелерде дауыс беру үдерісін көр­сетті. Олар учаскелік сайлау ко­мис­сияларының дауыс беру күні қалай жұмыс істейтінін, соның ішін­де учас­келерді ашу, бюллетеньдер беру, дауыс беруді ұйымдастыру, байқау­шы­ларды тіркеу, есептен шығару куәлік­тері бойынша дауыс беру, дауыстарды санау және учаскелер бойынша нәти­желер шығару үдерісін көрсетті. Осы­лайша, ОСК мүшелері алдағы сайлауды өткізу бойынша сайлау комиссиялары­на әдістемелік және практикалық көмек көрсету үшін барлық 20 өңірге инспек­циялық сапарларын аяқтады.

Өңірлерге инспекциялық сапарлар барысында Ортсайлауком мүше­лері аумақтық және округтік сайлау комиссияларының жұмысымен танысып, сайлау учаскелерінің дайындығына көз жеткізді.