Қазақстан • 16 Наурыз, 2023

Жасампаздыққа жол ашқан Жолдау

359 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Тура бір жыл бұрын Қазақстан шынайы жаңғыру жолына аяқ басты. 2022 жылдың 16 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы Қазақ елінің жаңаруын айшықтап, қайта өрлеудің басты бір нышанына айналды.

Жасампаздыққа жол ашқан Жолдау

Кемедегінің жаны бір

Берік тұғыры, қуатты қолдауы болмаса және жан-жақты ойлас­тырылмаса, ұлы идеялар да жарға жығатынын ай­ғақ­тайтын тарихи бір тәмсіл бар. XVII ғасырда ай­наласындағы бай-бағлан­дар­дың өзін асыра дәріптегеніне ма­сай­рап, масаттанған Швеция королі Густав II Адольф әлем­дегі ең үлкен соғыс кеме­сіне қол жет­кізуге ынтығады. Оның сырт­­қы сипаты мен шама-мөл­ше­рін де өзі анық­тайды. Тіпті желкен­дері­нің биіктігі мен орнатылатын зеңбіректердің көлемін де өзі белгілеп береді.

Бұл жетістікті ешкім қайталай алмауы үшін кеме құрылысын тағы екі палубаға биіктетеді. Сын айтқанның барлығы «сыбағасын» алғасын, паң патшаға кім қарсы келсін? Кеме жасаушылардың икем­сіз құрылымды сәл де болса жеңіл­дету үшін жасаған ұсыныс­тары да еске­русіз қалады. Король әулетінің құрметіне «Васа» аталған осынау кемені жасауға екі жыл уақыт шығындалады, мыңнан ас­там мәуелі бәйтерек кесіледі. Ақы­ры 1628 жылғы тамызда Сток­гольм айлағында теңізге түсірілген алып кеме бар-жоғы 2 мың метрге зорға жүзіп барып, суға батып кетеді.

Теңгерімге келтірілмеген «ауыр­лық орталығы» жоғарғы палу­ба жаққа ауып кеткендіктен, бүйірден соққан дүлей дауыл кемені оп-оңай аударып жібер­ген болатын. Осылайша, аса қым­бат әрі король флотының ұлы жо­рықтарда жол бастар флаг­маны­на айналуға тиіс болған «Васа» конс­трукция­сындағы қателіктердің ке­сі­­рінен алғашқы сапарын абыройсыз аяқ­тап, теңіз тұңғиығына жол тартады. Оның тағдыры кейінгі ұрпаққа сабақ болды.

Осы тәмсілге сай «Айлағын анық­­­тай алмаған кемеге қума жел­­ден де қайыр жоқ» деген дана­лықты айтқан Сенека заманынан бері ғұламалар мемлекетті алып кемеге теңейді. Демек «мем­лекеттік құ­рылыс та, оның кейін әлемдік ай­дын­да еркін жүзуі де, дүлей дауыл­дарға төтеп бе­руі де ел тізгі­нін ұс­таған көшбасшыға тіке­­лей бай­ла­нысты болады», дей­ді философтар. Ол кеменің бола­шақта қай­да жүзіп, қай айлаққа, қалай тұ­рақ­тайтыны да сол тұл­ғаға байланысты.

Мемлекет мықты, мемле­кет­тілік мәңгілік болуы үшін оның ауырлығы да бір тұсқа шоғыр­ланбай, теңгерімді түрде тең бө­лінуі шарт. Қ.Тоқаевтың Қазақ­станды суперпрезиденттік басқару фор­ма­сынан Парламенті мықты президенттік елге айналдыруға бекінуі, «Күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкі­мет» формуласын жүзе­ге асыруы саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түсті.

Екі күннен кейін, 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауынан кейін жаңа депутаттық корпус қалып­тас­пақ. Соның нәтижесінде елі­мізде жү­ріп жатқан жан-жақты саяси жаң­ғыру үдерісі белгілі бір ме­же­сіне жетеді. Яғни қоғам да­муының жаңа кезеңі басталады.

Осыдан екі күн бұрын ғана, 13 наурызда әкімдермен және мем­лекеттік органдардың басшы­лары­мен кеңес өткізген Мемле­кет бас­шы­сы Мәжіліс пен мәслихаттар сай­­лауын «билік институттарын жаңарту жұмысының қоры­тын­ды кезеңі» деп атады. Бұл жұ­мыс 2022 жылдың 20 қара­ша­сын­­да өткен Қазақстан Пре­зи­­денті­­нің кезектен тыс сайлауы­нан бас­тау алып, Үкіметтегі жә­не әкім­дер арасындағы ауыс-түйіс­­пен жал­­­ғасты. Енді, міне, әз Нау­­рыз­­да пар­­­ламенттік дода­мен түйін­­­дел­­мек. Осыдан-ақ елдегі саяси ре­­­фор­­­­­малардың жоғары қар­қын­­мен ілгерілеп келе жатқаны аңғарылады.

Осылайша, жоспарлан­ған жан-жақты реформаларды ж­үйе­­­лі жалғастыру үшін билік Қазақ­стан халқының жаңа сенім мандатына ие болады. Бірақ бар өзгеріс осымен аяқталмақ емес, саяси жаңғыру алда прак­тика­лық жұмыстарға ұласа бере­ді. Халықпен кеңесе отырып, елі­мізді дамыту жолында тың бас­­тамалар көтеру, оның бә­рін табыс­ты жүзеге асыру – би­лік үшін басты міндет болмақ. Пре­зи­дент айтқандай, мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты жұ­мыс болашақта жалғасады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бір­қатар тың бастаманы ойластырып отырғанын және оны сайлаудан кейін жария ететінін мәлім етті.

 

Көшбасшының қайраты – елге қуат

Ғұламалар айтқандай, тарих­ты жасау – нар тұлғалар ғана көтере алатын ауыр жүк. Қазақстанда 2019 жылы басталған билік тран­зиті оңай өткен жоқ. Жаңа сай­ланған ел Президенті Қ.Тоқаев саяси сабақтастықты сақтау арқы­лы саяси трансформацияны барынша бейбіт жүргізуге тырыс­ты. Себебі дәл осындай саяси үде­ріс­тің соңы соғысқа ұласып кетіп, территориясының тұтас бір бөлігінен айырылып қалған, тұрақтылығы мен тыныштығы шайқалған елдер әлем түгілі, ТМД ай­мағында да жетіп артыла­ды. Олардың теперішті тағдыры­нан Қазақстан тиісті қорытынды шығарып, тағылымы мол сабақ алды. Ел бірлігін басты байлыққа балап, саяси тұрақтылықты эко­номикалық дамумен ұштастыра білді. Осының арқасында төрткүл дүниені дүрліктіріп, жаһандық дағдарыс туғызған пандемиядан Қазақ елі абыроймен өте алды. Азат ел, айдынды мемлекет ретін­де өркендеуін жалғастырды.

Саяси жаңғыру ісінде тұйық­талып тұрып қалмай, аңдап басып, алға жылжыды. Ұлт­­тық қоғамдық сенім кеңе­сі ая­сында пысықталып, Парла­мен­т­­те қабылданған оннан аса заң жобасы аясында сая­си рефор­малардың 4 топтамасы жүзе­ге асты. Соның арқасында қоғам­ды демократияландыруға бағыт­талған бірқатар маңызды бас­тама жүзеге асты. Мысалы, Қылмыстық кодекстегі «Жала жабу» деп аталатын 130-бап жойы­лып, бұл құрам Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекске ауыс­­тырылды. Яғни тәуелсіз жур­налистерді, өзге ойлы оппози­ция өкіл­дерін осы баппен қылмыстық қудалау, түрмеге отырғызу тәжі­рибесіне тоқтау салынды.

Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң қабылданып, ол қоғам бел­сенділеріне еш кедергісіз ше­ру өткізуге, сол жерде ой-пікір­лерін емін-еркін ортаға салу­ға мүмкіндік берді. Осы және басқа да жаңа­шылдықтар елімізде демо­кратия­ның күш алуына тың серпін беріп, жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғам­дағы өзара жауапкершілік пен сенім­нің артуына жол ашты.

Саяси өзгерістер халықтың биліктегі шешім қабылдау үдерісі­не қатысу, жергілікті өзін-өзі басқару ісіне араласу мүм­кін­дігін кеңейтті. Енді аудандық ма­ңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл­дық округтердің әкімдерін жер­гілікті жұртшылық өздері тікелей сайлап алатын болды. Келесі жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін де халық өзі таңдауы мүмкін.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату, сол ар­қылы замана талабына бейім­делген үйлесімді мемлекет қа­лып­тастыру үшін Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесі құрылды. Ол өт­­кен жылы Ұлттық құрылтайға транс­формацияланды. Мұның өзі бір жа­ғынан халықтың пікі­ріне құлақ қоюға, екінші жағынан аза­мат­­тық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әле­уетін нығайта түсуге ықпал етеді.

Ал қоғам еліміздің саяси жү­йесін ішінара емес, кешенді жаң­ғыр­ту бағдарламасын қажет етті. Ұзаққа созылған билік тран­зиті­нің аяқталып, саяси жаң­ғыруды батыл, серпінді жүргізуге «Қасіретті қаңтар» оқиғалары түрткі болды. Зобалаң, зұлмат, дүрбелеңге то­лы болған, еліміздің 11 өңірін қамты­ған сол оқиғалар ескі мен жаңаның тартысындай, Қазақ еліне үлкен сынақ болғаны, жұртты екіге жарғаны белгілі.

Осынау сын сағатта мемле­кеті­міздің болашағы, еліміздің кемел келешегі билік басындағы көшбасшы тұлғаға тікелей байланысты болды. Жаза басса, қате шешім қабылдаса немесе болбырлық танытып бұғып қалса, онысы қыл үстінде тұрған қазақ­тың мемлекеттілігінің тағдырына нұқсан келтіретін еді. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зор зардабын тигізетін еді.

Әрине, біткен іске сыншы көп, түрлі пікір айтылады. Алай­да дәл сол қанды қаңтар күн­дерінде Президенттің аса қауіпті дес­труктивті күшпен бетпе-бет кел­гені анық. Дәл сол сәттегі әре­кет­­сіз­діктің салдары тіптен ауыр зардапқа соқтырары да анық болатын.

Тәуелсіздігінің бұғанасы қат­паған елді жан-жақтан анта­лаған, аузынан жалын атқан қаскөй күш­тер қаумалап тұратыны белгілі. Осындай алмағайып заманда, геосаяси күрделі жағдайда Қасым-Жомарт Кемелұлы ел мен жердің тұтастығын сақтап қалуға қажетті шараларды батыл қолға алды.

Әйтпесе әлемде аяусыз қан төгуден тайынбайтын қарсыласқа халқын тастап, бас сауғалап, шетел асқан көшбасшылар аз ба? Қазақ елінің Президенті тап сол тай­таласқа толы тар уақытта елі­мен бірге қалатынын, бар қиын­дықты халқы­мен бірге көре­тінін мәлімдеді. Олай болма­ған­да ел халқының тағдыры қан­дай күйге түсетінін қазір көзге елестетудің өзі қорқынышты.

 

Әділдік үстем елді дау алмайды

Наурыздағы Жолдау игілігі мен тиімділігі бір жылдың шең­берінен асып, ұзақ жылдарға ұзай­тын, ұрпаққа ұласа­тын ауқымы кең, мазмұны да ерек құжат болды. Дегенмен онда қойылған бас­ты міндеттер бір жылдың ішінде-ақ негізінен орындалғанына куә болып отырмыз.

Біріншіден, Конституциялық кеңес жойылып, оның орнына 90-жылдардағы халықтық демократияның бір элементіне айналған Конституциялық сот қайтадан құрылды. Мұның не айыр­машылығы бар? Конститу­циялық кеңес негізінен биік лауазымды тұлғаларға, ығай мен сығайға ғана қызмет етті. Ата Заңы­мыздың 2022 жылғы 6 мау­сымдағы референдумға дейінгі ескі редакциясының 72-бабына сәйкес, Конституциялық кеңеске тек Президент, Үкімет басшысы, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, соттар, сондай-ақ әрі кетсе, жалпы санының кемінде бестен бір бөлігі біріксе, Парламент депутаттары ғана өтініш жолдай алатын.

Ал Конституциялық сот ха­лық­қа мейлінше жақын. Оған заң­ның әлдебір бабы өзінің конституциялық құқығын бұзды деп санайтын кез келген азамат жүгіне алады. Бұдан бө­лек, Бас прокуратура мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл де ел Конституциясына қайшы келе­тін заңдарға, заңды күшіне енген сот акті­леріне, нормативтік-құқықтық акті­лерге, әкімдердің шешімдеріне наразы­лық танытып, осы соттан әділдік іздеуге мүмкіндік алды.

2023 жылдың ақпан айының соңын­дағы жағдай бойынша Конститу­циялық сотқа азамат­тардан 1,5 мыңдай өтініш түсіпті. Мыңнан аса өтінішке түсініктеме берілген, тағы 400-дейі қарас­тырылып жатыр. Өтініш беру­шілердің 49%-ы соттардың ше­шім­­дерімен келіспейді. Тағы 23%-ы нормативтік-құқық­тық актілерді немесе олар­дың жекелеген ережелерін консти­ту­ция­лық емес деп тануды сұрай­ды. 3%-ы ақпаратқа қол жет­кізу, 2,5%-ы еңбек және зейнет­ақы­­мен қамсыздандыру, 1,7%-ы қыл­­мыстық-атқару жүйесі және өзге де мәселелер бойын­ша ша­ғымданған. Ең көп өті­ніш Астана және Алматы қалаларының, Қостанай, Сол­түстік Қазақстан және Жам­­был облыстарының тұ­р­ғын­дарынан келіп түскен. Алғашқы шешім­дер де бар: 6 наурызда Конс­титуциялық сот «Қазақстан Респуб­ликасының мем­лекеттік қызметі туралы» заңының нормасын Ата Заңға сәйкес емес деп таныды. Енді жаңа сайланатын Мәжіліс аталған заңды қайта қарап, Конституциялық соттың құқықтық позицияларына сәйкес келтіруге бағытталған тиісті заң жобасын енгізуге тиіс.

Жолдауды жүзеге асыру аясында ел Президенті 2022 жыл­ғы 26 қара­шада «Қазақстан Респуб­ликасы Жоғары аудиторлық пала­тасының кейбір мәселелері тура­лы» Жарлыққа қол қойды. Осы ар­қылы құзыры кем, қызмет өрісі тар Есеп комитетінің орнына Жо­ғары аудиторлық палата құрылды.

Таяуда, 6 наурызда Жоғары аудитор­лық палата төрағасы Наталья Годунованы қабылдаған Мемлекет басшысы оған осы мемлекеттік органды әрі қарай трансформациялау және мем­ле­кеттік аудит жүйесін дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Жолдау аясында дүниеге келген жаңа құрылымның алғашқы аяқ алысы жаман емес: 5 триллион теңге көлеміндегі бюджет қаржысы бойынша 124 нысанда 20 аудиторлық тексеріс жүргізілген. Жоғары аудит органы биыл жылу энергетика кешенінде, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінде және басқа да мекемелерде аудит жүр­гізіп, олқылықтардың орнын толтырып, жөнсіздікке жол бермеуге бағытталған сараптамалық-талдау шараларын қабылдайды.

Яғни президенттік бұл баста­ма­ның да игілігін ел көріп отыр. Палата республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтті. Соның арқасында бюджеттің әрбір теңгесі нысаналы жеріне жұмсалып, ел дамуына үлес қосуға тиіс.

 пр

Батыл шешімдер – баянды бастамалар

Жолдаудағы іргелі өзгерістер мемле­кет­ті орнықты әрі басқаруға икемді етуге бағыт­талды. Мемле­кет басшысы бү­кіл құзы­реттің бір қолда болуына негіз­дел­ген бас­қару жүйесі өз тиімді­лі­гін жоғалт­­қанын баса айтқан еді. Өйт­­кені мұн­дай жүйе көзқарасы мен ұс­таны­мы әрқилы қоғамды топтас­тыра да, ұйысты­ра да алмайды. Сондықтан ел Президенті Қазақ­станды дамытудың саяси моделін өзгертуге кірісті.

Қаңтар оқиғаларына дейінгі кезеңде де мұқият ойлас­тырыл­ған бұл қадам­дар­дың ішін­дегі бастысы – басқару­дың супер­президенттік үлгісінен мық­ты Пар­ла­менті бар президенттік республи­каға біржола көшу бастамасы болды. Мұн­дай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді.

Осы мақсатта жаңадан сайланатын, VIII шақырылымдағы Парламенттің рөлі бұрынғыларға қарағанда айтарлықтай күшей­тіледі. Бұл «еститін мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Себебі жаңа Мәжі­­лісте тікелей халық сайлаған тәуел­сіз депутаттар пайда болады. Яғни оның 29 депутаты – бір мандатты аумақ­тық сайлау округтері бойынша сайлана­ды. Қалған 69 депутат – біртұтас жалпы­ұлт­тық сайлау округінің аумағы бойын­ша пропорционалды өкілдік ету жү­йесінде таңдалады. Басқаша айтқанда, пар­тиялық тізімдер негізінде іріктеледі.

Сөйтіп, Қазақстан демократия дүмпуі дүрілдеп тұрған 90-жыл­дардағы төл тәжірибесіне қайта жүгініп отыр. Мыса­лы, 1999 жылдың күзінде Орталық Азия өңірінде алғаш рет парламенттік сайлауда аралас тәсіл қолда­нылды. Нәтижесінде, ІІ сайла­нымдағы Мәжілістің 67 депутаты бір мандатты округтерден, ал қалған 10 депутаты біртұтас жал­пыұлттық ок­руг бойынша партиялар атынан сайлан­ды. Кейін суперпрезиденттік билікті кү­шейту аясында Қазақстан 2007 жылы конс­титуциялық реформа жүргізіп, бір ман­датты тәуелсіз депутаттарды сайлау­дан бас тартты. Мәжіліс тек партия өкіл­дерінен ғана қалыптастырылатын болды.

Мемлекет басшысының бастамасы аясында биыл Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депу­татқа дейін азайтылды. Мәжі­лісте Ассамблея атынан сайланатын 9 депутаттық мандат квота­сы жойыл­ды. Ең бастысы, енді заң қабыл­дау құқығы жаңа қалыптасатын Мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал Сенат қабылданған заңдарды ма­құлдайды. Мақұлдамаса, вето қою құқығы жоқ: Мәжіліс оның наразылығын еңсере алады. Жо­ғар­ғы палата әр өңірдің мүдде­сін қорғайтын палатаға айналады.

Наурыздағы Жолдау тарихи бетбұ­рыс­қа бастады. Қазақстанда саяси монополиямен күрес белең алды. Бұған дейін бар билік бір қолда шоғырланғандықтан, барлық мәселенің шешімі де Президентке келіп тірелетін. Бұл жасампаздық пен бастама­шыл­дықты алға бастырмас тосқауыл болды. Министрлер де, әкімдер де Мемлекет басшысы міндет қоймаса, өз бетімен жаңа іске, тың жобаға мұрындық болмай, бас шұлғып, бұйығы отыратын. Себебі әкімнің шешімі көңіліне жақпай қалса, Президент оның шығарған актісін жоя алатын еді. Салдарынан жергілікті билік дербестігін жойды. Бұл Қазақ­станның қарқынды өрлеуін тежеп, дамыған елдер көшіне қосылуына кедергі келтірді.

Сондықтан да мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесін биліктің қосымша мүмкіндіктерінен, уақытша ықпалынан биік қойған Қ.Тоқаев өз өкілеттіктерінің бір бөлігінен өз еркімен бас тартты. Атап айтқанда, Мемлекет бас­шысы облыс, мегаполис әкім­дері шығарған актілер мен шешім­дердің күшін жоя алмайды, оның қолданысын уақытша тоқтата да алмайды. Егер ол шешім заңсыз болса, Бас прокуратура наразылық білдіріп, сот арқылы жоюы мүмкін. Президент аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босату құқығынан айырылды. Оларды халық сайлайды, ендеше орнынан да халық алып тастай алады.

Сонымен қатар Қ.Тоқаев билік партия­сының төрағалығынан кетті. Ұлттық заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай Қазақстанның болашақтағы барлық президенттері өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде пар­тияға мүшелігін тоқтата тұру­ға міндетті. Жолдау аясында қабыл­данған заңнамалық түзетулерге сай, Конституциялық Кеңестің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының төрағалары және мүшелері де партиялардан шықты. Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салынды.

Нәтижесінде, біріншідін, бұл кез кел­ген партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермейді. Екіншіден, елде жалғыз ғана саяси күштің үстемдік етуіне барынша шектеу қояды. Үшіншіден, бұл жаңашылдық елдегі саяси бәсекені арттырып, барлық партияның тең дамуына бірдей жағдай жасайды. Төртін­шіден, осы арқылы болашақтағы көшбас­шы­лары­мыздың негізгі саяси инс­титуттарды өзіне бағындырып алуына тосқауыл қояды.

Наурыз бастамаларын әрі қарай өрістеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы бір батыл қадамға барды: Прези­дентті 7 жылға тек бірреттік мерзімге сайлауды ұсынды. Былтырғы президенттік сайлау аясында бұл бастама жүзеге асты. Осының арқасында екінші кезеңге үміт жойылғандықтан, іс басындағы Президент бар күш-қуатын, білік-білімі мен іскерлік қабілетін өмірінде бір рет қана берілген мүмкіндікті лайықты пайдаланып, тарихта жақсы атымен қалуға барынша жұмсайды. Пре­зиденттікке қайтара түсуді көздеп, түрлі саяси айлаға бармайды.

Ел тізгінін ұстаған тұлғаға жақын шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол бермеу үшін Пре­­зиденттің жақын туыстарына сая­си мемлекеттік қызметші болу­­ға және квазимемлекеттік сек­­торда басшылық лауазымдарды ие­ленуге заң жүзінде тыйым салынады.

Мұның сыртында қаңтар оқиғасы­ның туындауына себеп болған келеңсіз­діктерді жою, соның ішінде эконо­мика­лық қызметтің монополиялануын болдыр­мау, экономика салаларын олигар­хиядан тазалау, олар заңсыз иеленген мемле­кеттік меншікті кері қайтару, шетелге заң­сыз шығарылған капиталды елге қай­тару сияқты сан түрлі салаға мультип­ликативтік әсері бар Жолдаудағы бастамаларды жүзеге асыру жалғасып келеді.

 

Ғасыр жүгін көтерген ғаламат кезең

Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек. Ел Президенті олар­ды ұсынып қана қоймай, жедел қарқынмен, толымды түрде жүзеге асы­рып келеді. Ал былтырғы наурыз Жол­дауындағы бастамалардың жаңа міндет­терге, соны жобаларға арқау болуы озық идеяларға деген ізденістің, кемелдікке ұмты­лыстың жалғасқанын паш етеді.

Қазақстан осы бір ғана жыл ішінде күрделі де тарихи жолдан өтті. Бұл, шын мәнінде, ғасыр жүгін арқалаған ғаламат кезең болды. Оны Қазақстан елден, жерден айырыл­май, алауыздыққа ұрынбай, абы­роймен өтті. Бұл бізді алда тұр­ған ас­қаралы асулар­ды еңсеруге рух­тан­ды­рып, сер­пінді сенімділік пен қуат­ты күш береді. Осы жолдан айны­ма­сақ, бірлігіміз бен бере­келі тірлі­гімізден жаңылмасақ, талай биік­терге еліміздің басы аман, бауыры бүтін болып жетері сөзсіз.

 

Серікқали МҰҚАШЕВ,

Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары