Қазақстан • 16 Наурыз, 2023

Ұлбосын Есенбекова: Ұлттық телевизияны ғылымға сүйеніп жасау қажет

714 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлбосын Есенбекова: Ұлттық телевизияны ғылымға сүйеніп жасау қажет

Конференцияның негізгі ғылыми баяндамасын ЕҰУ профессоры Ұлбосын Есенбекова «Цифрлық дәуірдегі телевизия: жаңа кезеңдегі қызметі мен аудитория талғамының эволюциясы» тақырыбында жасады. Ғалым цифрлық дәуірдегі бұқаралық коммуникация құралдары бұрын адамның қиялы жетпейтін трансформация тудырғанын, ақпараттық қоғам мен жоғары технологиялар дәуірінде ұлттың тілін, мәдениеті мен рухани болмыс-бітімін сақтау, оны жаңа жағдайға бейімдеу күрделі проблемаға айналғанын айтты. 

XX ғасыр мен XXI ғасырдың тоғысында басталған технологиялық серпіліс жылдан жылға күшейіп, жойқын ақпараттық тасқынға ұласты. Оған қарсы болар тосқауыл да жоқ, одан жасырынып та қала алмайсың. Ақпараттық дауылда жұтылып кетпес үшін жаңа технологиялық ортаға бейімделіп, өркениет көшінен қалмай, дамудың сапалы баспалдағына көтерілу керек. Басқаша таңдау жоқ.

в

«Бүгінгі қоғамның талабы – көрерменге ой салып, санасына ұлттық бояулармен әсер ететін ұлттық телевизия. Ұлттың, қоғамның гуманитарлық сұраныстарына сәйкес, әртүрлі социумның қызығушылығын туғызатын, ұлттық мүдденің жанашыры болатын телевизия жасауға болады. Ол үшін отаншылдық рухтағы кәсіби мамандар мен жаңа идеяларды тоқтаусыз генерациялайтын шығармашыл топтың біріккен ұжымдық қызметі қажет», деп Ұ. Есенбекова орамды ойын ортаға салды. 

Профессор ұлттың үздік телевизиясын ғылыми зерттеулерге арқа сүйеген, ғылыми негізде жұмыс істейтін, цифрлық әлеуеті мен мәдениеті жоғары қоғам ғана жасайтынын, бізде бұндай әлеует қалыптасып келе жатқанын жеткізді.

Басқосуда университет ректоры Ерлан Сыдықов жаңа замандағы телевизияның орнын, қоғамдық үдерістерге ықпалына, жаһандану заманында жан-жақтан ақпараттарды сұрыптап,  ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде телевизияның орны ерекше екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол әр жылдары Қазақ телевизиясын басқарған тұлғалардың, шығармашылық ұжымның ерен еңбегін ерекше атап өтті.  

а

Конференцияда айтылған тағы бір тың ой – Қазақ телевизиясы атауы тұтастай жалпы ұлттық ақпарат кеңістігінде жұмыс істеп жатқан барлық қазақстандық телеарналарға тән екендігі. Қазақ елінің эфирінде 1958 жылы басталған хабар тарату – барлық отандық телеарналарға ортақ мереке. Өйткені ең алғаш телесигнал тарату күні барлық телевизия саласының мамандары мен тележурналистерге ортақ айтулы мейрам болуы тиіс. Қазақ телевизиясының мерейтойы – елдегі барлық телеарналардың мейрамы.

Халықаралық конференцияны жүргізген ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы профессор Қайрат Сақ өзінің қорытынды сөзінде Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойына арналған жиынның мазмұнды өткенін айтып, конференция жұмысына онлайн қатысқан шетелдік ғалымдарға алғысын білдірді.

Еуразия Ұлттық университетінде ұйымдастырылған іс-шара төрт секция бойынша жалғасты. Секцияларда модератор болған Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы және кафедраның оқытушылары конференцияның қорытынды ұсынымдарын әзірледі.