Қостанай облысында биыл әлеуметтік жобалар өмірге жолдама алатын болады. ERG (Eurazian Resources Group) компаниясының бас атқарушы директоры Бенедикт Соботка мен Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов облыс өңірінде 2014 жылғы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Өткен жылдың аяғында ENRC-ді (Eurasian Natural Resources Corporation PLC) сатып алған ERG компаниясы өз кәсіпорындары орналасқан өңірлермен көп жылдық әріптестік дәстүрін жалғастырып отыр. Биыл облыстың дамуына салған топтың қаржысы 850 миллион болып отыр. Меморандум аясында жүзеге асырылатын әлеуметтік және мәдени жобаларды қаржыландыру «ENRC Көмек» корпоративтік қоры мен ERG-дің еншілес компаниясы болып табылатын ENRC құрамындағы «Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігі» акционерлік қоғамы арқылы жүргізіледі.
– Жеті жылдың ішінде Қостанай облысы әкімдігімен 7 миллиард теңгеге меморандум жасалды. Тек өткен жылдың өзінде жұмсалған қаражат 1 миллиард теңгеден асты. Соның арқасында облыста жылу желілері, спорт кешені, мешіт бой түзеді. Денсаулық сақтау саласына, мәдениетке, спортқа көмек берілді. Ал енді жаңа меморандум Елбасымыздың Жолдауында айтқан әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға жұмсалады, – деді «ССКӨБ» акционерлік қоғамының президенті Мұхамеджан Тұрдахунов.
Сонымен, биылғы меморандум шеңберінде облыста маңызды жобалар жүзеге аспақ. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Арқалық қаласын көркейтуге, облыстың медициналық және білім беру мекемелеріне көмек көрсетіледі. Қызылжар кентіндегі Киров мектебі жөнделеді. Новотроицк ауылында мәдениет үйі қалпына келтірілмек. Меморандумға қол қою рәсімінде сөйлеген ERG компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич топтың құрылғанына 20 жыл, кен алыбы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіне 60 жыл толатынын тілге тиек етті.
– Жиырма жыл ішінде өңірлердегі әлеуметтік, мәдени жобаларды қолдау компанияның корпоративтік саясатының басым бағыттарының бірі болды. ERG компаниясы осы дәстүрді жалғастыруды мақсат тұтып, Қазақстан компаниялары арасындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі көшбасшы ұстанымын күшейте түседі. Біз өз адамдарымыздың игілігі үшін әлеуметтік жобаларға көмек береміз. Мысалы, Рудный қаласындағы перзентханаға дәрігерлердің өтінішімен медициналық заманауи құрал-жабдық алуға, тұрғындардың өтінішімен жаңа шіркеу салып беруге келісім бердік. Мұның барлығы да биылғы меморандумнан тыс жүзеге асады, – деді Александр Машкевич.
Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов жеті жыл ішінде бизнестің әріптестігі арқасында облыста өзекті деген әлеуметтік жобалардың халық игілігінен айналғанын айта келіп, меморандумға қол қойған топ жетекшілеріне алғыс сезімін білдірді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.