Сәрсенбі күні 1/8 финалға шыққан тағы екі команда белгілі болды. «Ғ» тобында Аргентинамен бірге Нигерия құрамасы плей-офф кезеңіне шықты. Сол сияқты «Е» тобында Франциямен қатар, Швейцария командасы екінші орын алып, келесі айналымда өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Ал «F» және «Е» тобындағы Иран мен Эквадор құрамалары екінші орынға таласса да 1/8 финалға шыға алмады. Бұл жерде оларды кінәлаудың реті жоқ. Командалар жақсы ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе, Эквадордың алғашқы матчта Швейцарияға, содан кейін ең соңғы ойынында Францияға қарсы өткізген кездесулері талай жанкүйерді таң-тамаша қалдырды. Иран командасының ойынына қатысты да осыны айтуға болады. Олар да Аргентина мен Нигерияға қарсы жақсы ойнады. Біреуінде 1:0 есебімен жеңілсе, екіншісінде 0:0 есебімен тең түсті. Ал Эквадордың топтық кезеңнен шыға алмағаны шынымен де мыңдаған жанкүйердің жанына батты. Бұл команда әлем чемпионатына жақсы дайындықпен келгендерін көрсетті.
Егер Эквадор топтық кезеңнің соңғы кездесуінде Францияны ұтқанда келесі айналымға шығатын еді. Алайда, олар кешегі ойында Франциямен 0:0 есебімен тең түсіп, 1/8 финалға шығуға барлық мүмкіндікті жіберіп алды. Бірақ амал не, Эквадор Колумбия мен Коста-Риканың, Уругвай мен Аргентинаның және Бразилияның жолын қайталай алмай, еуропалық командаларға жол беріп қойды. Сөйтіп, осы топта Франция мен Швейцария 1/8 финалға жолдама алды. Швейцария кешегі ойында Гондурасты 3:0 есебімен ұтты. Ал Эквадор Францияны жеңе алмаса да нағыз шеберлердің ойынын көрсетті. Әсіресе, эквадорлық қақпашы Максимо Бангераның ойыны жанкүйерлерді тәнті етті.
«F» тобында жағдай мүлдем басқаша өрбіді. Бұл топта Аргентина фаворит болып саналған. Екінші орынды Нигерия немесе Иран екеуінің бірі алады деп есептелген. Топтық кезең біткенше өзі солай болды да. Аргентина қарсыластарының бәріне ешқандай мүмкіндік бермей, бірінші орынды иеленді. Дегенмен, Лионель Месси бастаған Аргентинаның қарсыластары да осал болған жоқ. Мәселен, осы топтан 1/8 финалға шыға алмаса да Иран Аргентина мен Нигерияға қарсы кездесуде жақсы ойнап, жақсы қырынан көрініп кетті. Бірақ бұл команда соңғы ойында Босния және Герцеговина құрамасынан 3:1 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Ал Босния болса, биыл алғаш рет әлемдік додаға қатысты. Соның өзінде Аргентина мен Нигерияға қарсы лайықты ойын өрнегін көрсетіп, соңғы матчта үш ұпай әкетті.
Енді «F» тобынан бірінші болып келесі айналымға шыққан Аргентина 1/8 финалда Швейцариямен кездеседі. Қазір көп адам Германия, Голландия, Бразилиямен бірге, Аргентинаның да әлем чемпионы болуға мүмкіндігі бар екенін айтады. Бұл құрамада Мессидің жалғыз өзі көп жағдайда матчтың тағдырын шеше алатынын көрсетіп жүр. Мұны ол соңғы үш ойында төрт гол соғып дәлелдеді. Аргентина құрамасында Мессиден басқа Анхель Ди Мария, Гонсало Игуаин, Серхио Агуэро, Хавьер Маскерано, Маркос Рохо, Макси Родригес сияқты қажет кезде керек жерден табылатын футболшылар да бар. Солар Мессиге көмекші болса, Аргентинаның біраз жерге баратыны сөзсіз.
Ал «Е» тобында бірінші орын алған Франция 1/8 финалда Нигериямен күш сынасады.
Кеше кешке «G» және «Н» топтарының соңғы ойындары өтті. АҚШ пен Германия, Португалия мен Гана, Алжир мен Ресей, Корея мен Бельгия құрамалары кездесті.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».