27 Маусым, 2014

Жұлдыздар күнде тумайды

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Астана күніне арналған іс-шаралардың ішінде ІІ «Астана жұлдызы» кәсіби музыка бәйгесінің өзге шараларға қарағанда орны бөлек. Жобаның ұйымдастырушылары дауыс берудің бірінші кезеңі өз мәресіне жеткенін хабарлады. Кәсіби сарапшылар 11 аталым бойынша жеңімпаз болуға лайық деп табылған мықтыларды таңдап алды. Енді, үздік үштікке іліккендер Қазақстан шоу-бизнесінде ең үздік атанып, алтын жұлдыз үшін өзара бақ сынайды. ІІ «Астана жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесінің» жеңімпаздары Бейбітшілік және келісім сарайында қала күні қарсаңында марапатталады. Айтулы өнер байқауына орай біз Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат МАЖАҒҰЛОВҚА жолығып, әңгімеге тартқан едік. – Болат Бауыржанұлы, «Ас­тана жұлдызы» бәйгесі биыл ­осымен екінші рет өтіп отыр­ғаны­на қарамастан жұрт­шылық бұл ша­раға қатты қызығушы­лық танытуда. Жоба несімен жан ­баурайды? – Менің ойымша, жұрт бұл бәйгеге біріншіден, оның қазақ­­стандық музыка индустриясы болашағына қосатын үлесі үшін, екіншіден, маңыздылығына байланысты қолдау білдіруде, ал үшіншіден, мұндай идея ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Қазақ топырағы талантқа ешқашан кенде болған емес, оның дәлелі, қазақ эстрадасында өнер көрсетіп жүрген жарық жұлдыздарды атасақ, соның өзі жеткілікті. Сондықтан әртістер, композиторлар, жалпы барша өнер иесі өздерінің еңбегіне лайық тиісті бағасын алуы керек деп ойлаймын. Әрине, Қазақстанның кәсіби музыкалық бәйгесін өткізу идея­сы мұнан әлдеқайда көп бұрын қозғалған болатын. Сол ойы­мыз тек былтыр ғана Астана күні­нің 15 жылдығы мерекесінде жүзеге асты. Біз үшін ең алдымен не ­ма­ңыз­­ды десек, алдымен аузымыз­ға оның сапалық деңгейі ілігуі заң­ды. Мысалы, АҚШ-та ең таны­мал бренд және сапалы бәйге «Грэмми» болса, Қазақстанда «Астана жұлдызы» болуы керек. Алға қойған мақсатымызды орындау үшін қолдан келгенше тырысып-бағудамыз. Алғашқы «Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесінен кейін бұл жоба үлкен танымалдыққа ие болды. Оған сарапшылар мен сыншылардың, өнер иелерінің оң пікірлері дәлел бола алады. – «Астана жұлдызы» бәйге­сінің басқа байқаулардан айыр­машылығы неде? – «Астана жұлдызы» жеңім­пазды таңдауда қателікке жол бермеуімен ерекшеленеді. Мұнда мықтыларды көрермен де, жан­күйер де емес, кәдімгі кәсіби сарапшылар анықтайды. Отандық музыканың дамып, жаңғыруына айтарлықтай үлес қосатын өнер­паздар құрамында жүз кәсіби маман бар. Олар – белгілі әртістер, продюсерлер, композиторлар, ақындар, музыка және fashion-өндіріс мамандары, БАҚ өкілдері. Мұны Қазақстанның музыкалық академиясы таңдайды. Дауыс берудің бұл жүйесі әлемдік дең­гейде қолданылып жүр. «Астана жұлдызы» тек өнер жұлдыздарының дәрежесін анық­тап қана қоймай, музыканың жаңа бағыттарын анықтап, ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қоса алуымен қымбат саналады. – Екінші «Астана жұлды­­­зы-2014» додасы өнер көгінде жаңа есімдердің жануына жол ашып отыр. Бұл кімнің идеясы? – «Астана жұлдызы-2014» атауымен жаңа жұлдыздың атын тіркеу бәйгені ұйымдастырушылардың ортақ идеясы. Біз Қазақстан жұл­­­дыздарына аспан төрінен жұлдыз сыйлайық деген шешімге келдік. Себебі, «Астана жұлдызы» атауы, заңғар көкке қанат қаққан мүсіннің өзі осындай ойға жете­лейді. Жұлдыз Солтүстік жарты­шарда «Астана жұлдызы» атауымен Халықаралық «Ғарыш-Жер» жұлдыздар каталогына тіркелді. – Бәйгеге қатысу үшін не істеу керек? – Бір жыл тер төгіп дайындалу керек. Үміткерлер өз еңбектерінің (ән, бейне баян) сапалы болуын қадағалауы тиіс. Себебі, ол сарапшылардың назарында болады. Бәйгенің ұлттық деңгейін ескерсек, «Астана жұлдызы» статуеткасына қол жеткізу әр әртістің алға қойған басты мақсатына айналуы керек. – Қатысушыларға тағы қандай тілек айтасыз? – Әртістер ерінбей, үнемі ізде­ністе жүрсе екен деп тілек айтқым келеді. Кімді алға шығарарын білмей жыл сайын сарапшылардың бас­тары қатып жатуы керек. Музыка мен ән мәтіндерінің, бейне-баяндар сапасының артқаны қуантады. Ал, адам еңбегі ешқашан бағаланбай қалмайды. Сондықтан, жүлделі орындарды мен тек мықтылардың ғана иеленеріне сенемін. Осындай қысқа уақыт аралығында бәйгені Қазақстанның музыка өнеріндегі бренді жасай алғанымызға қуа­ныш­тымын. Ал кез келген сайыстың болашағы өзіміздің шоу-бизнеске, жұлдыздардың еңбектеріне және оны көрсете білуіне байланысты. Отандық музыка индустриясы үшін жаңа есімдерді тауып, сахна майталманына айналдыру аса маңызды іс. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.