немесе обырды емдеудегі онкологияның жаңа бағыты
Биыл араға 13 жыл салып, Қазақстан онкологтары мен радиологтарының V съезі өткені белгілі. Оның жұмысына халықаралық онкологиялық қызметтің элитасымен қатар, республикамыздың алдыңғы қатарлы мамандары түгел қатысты.
Тағдыршешті мәселелер талқыланған съезді Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты және «Қазақстан онкологиясы мен радиологиясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып, оған 700-ден астам маман жиналып, обырды диагностикалау мен емдеудің ең озық, заманауи табыстары туралы сөз қозғады.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуаныш Нұрғазиевтің айтуынша, бұл жиын қай жағынан алып қарасақ та маңызды болды. Өйткені, бұл аралықта республиканың онкологиялық қызметінде шын мәнінде төңкерістік өзгерістер жүрді.
– Съезге отандық онкологияның негізін қалаған алдыңғы буын мамандарды, өңірлерде обырды емдеп жүрген дәрігерлерді шақырдық. Және Австралия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония, Германия, Ресей, ТМД елдерінен келген мамандармен бірге қатерлі ісікті анықтап, емдеудің тиімді инновациялық технологиялары туралы талқылаулар жасадық, – дейді Қ.Нұрғазиев.
Сонымен жиында Қазақстандағы онкологиялық қызметтің айтарлықтай дамығаны жоғары бағаланып, ракты диагностикалау мен емдеу нәтижелері шетелдік онкологтардың ризашалығын тудырғанын айтуға тиістіміз.
Қазір Денсаулық сақтау министрлігі жатыр мойны, емшек безі, асқазан және ас қорыту жолдары, колоректальды ракты ерте бастан анықтау үшін 6 бірдей скринингтік бағдарламаны жүзеге асыруда.
Және соңғы жылдары қатерлі ісіктерді емдеуде айтарлықтай табыстар бар. Ең бастысы, бұрын «рак» деген диагноз бірден өмірмен қоштасуды елестетсе, қазіргі медицина жетістіктері онымен күресуге жетелейді.
– Жасыратын несі бар, бүгінгі таңда онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа құрал-жабдықтары да, мамандары да ірі қалаларға шоғырланған. Әлі де алыс аймақтардағы науқастардың соңғы медицина жетістіктерімен емделуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қазіргі басты міндетіміз – оларға осы мүмкіндіктерді туғызу болып тұр, – дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты маммология бөлімінің жетекшісі Шынар ТАЛАЕВА. Сондай-ақ «Қазақстан онкология және радиология» қоғамдық бірлестігі басқармасының төрайымы болып табылатын Ш.Талаева аталмыш институт аймақтағы онкоклиникалар мен ауруханаларға, онкодиспансерлерге ракты емдеуде жаңа технологияларды енгізетін ғылыми-әдістемелік орталық екендігін де айтып отыр.
– Басқаша айтқанда, біздің институт облыстар мен аудандарға медициналық инновациялардың баруын жүзеге асырады. Мәселен, биыл үш облыста сүт безін қалпына келтірудің бір мезеттік оталарын жасауды жоспарлап отырмыз. Мәселен, мен Ақтөбе қаласында өткен шеберлік дәрістерін өткізіп, 18 онкологты осыған үйреттім. Жақын арада біздің мамандар Орал қаласы мен бірқатар облыс орталықтарына баратын болады, – деді ол.
– Қазір қатерлі ісікті заманауи емдеу әдістерінің өзі кейде айтыс-тартыс туғызып жүр. Съезде осы жайттар қозғалды ма?
– Съезд жұмысы көптеген секцияларға бөлінді. Шындығында, онкологияның негізгі мәселелерін қамтуға тырыстық. Ең үлкен залдарда обырдың кең тараған түрлері – белең алуы жағынан бірінші орында тұрған – сүт безі рагы, колоректальды рак пен онкогинекология мәселелері талқыланды. Дегенмен, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония, Нидерланды, Италия елдерінен келген әріптестеріміз Қазақстанда қатерлі ісіктерге шалдығу кейбір елдермен салыстырғанда төмен дейді. Ал әлемдік тәжірибеге қарасақ, онкологиялық дертке шалдығу сол елдің экономикалық көрсеткішіне пара-пар екендігін айғақтауда. Мемлекеттердің экономикасы жоғарылаған сайын рак ауруына шалдығу да артып отыр екен.
– Мұны қалай түсіндіруге болады?
– Оның көптеген себептері бар. Әрине, экология, гендік модификацияланған өнімдерді пайдалану мен тұқым қуалаушылық та бар. Қуанышымызға орай, біздер көбінесе табиғи тамақ жейміз.
– Шынар Жақсыбайқызы, съезге келген шетелдік мамандар үйрету үшін ғана емес, үйрену үшін де келгендерін айтып отырсыз. Рас па?
– Шындығында солай. Қазір елімізде онкологиялық қызметті дамытуда көп шаруа жасалынып жатыр – бағасы қымбат құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алынуда. Қатерлі ісікті бастапқы кезеңде анықтайтын скринингтік бағдарламалар жұмыс істейді. Ең бастысы, қымбат онкологиялық ем түрлері біздің елімізде ғана мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Қазақстаннан басқа елде мұндай мүмкіндік жоқ.
– Обырды емдеуде жаңа дәрі-дәрмектермен қатар, персоналды емдеу әдісі пайда болды. Елімізде бұл бар ма?
– Әр науқастқа жеке ем жүргізу – бұл онкологиядағы мүлде жаңа бағыт. Өйткені, ісіктер де адамдар сияқты әртүрлі болып келеді. Біреу белсенді, біреуі жайбасар, енді бірі холерик болса, келесісі меланхолик, қатерлі ісіктер де сондай – бірі белсенді, бірі баяу өршиді. Сондықтан ісіктердің нақты түрлеріне қарай препараттар тағайындалады.
«Персоналды ем жүргізу» дейтін сөз таргеттік препараттар пайда болғалы бері айтылып келеді. Ағылшын тілінен «target» деген сөз «нысана» деп аударылады. Яғни, ісік жасушаларының белгілі бір түрлеріне қарай дәл бағытталған ем. Осы арада ең бірінші сүт безі рагының алғашқы жасуша-нысаналары анықталған айта кетуге болады.
– Айтқандай, өткен жылы Амстердамда өткен онкологтардың еуропалық форумына қатысудың сәті түскен болатын. Сол кезде таргеттік терапия туралы көп айтылды.
– Мұндай нысананың бірі – қатерлі ісіктің белсенді өршуін туғызатын HER-2 эпидермалды факторы өскінінің мембрандық ақуыз рецепторы. Дәл осындай антителаның гиперэкспрессиясы жағдайында біз таргеттік препараттарды (трастузумаб) қолданамыз. Ол адам өмірі үшін қауіпті жасушаларды, яғни нысананы өлтіреді. Дегенмен, трастузумаб өте қымбат болса да, қазақстандық онкологтардың қолында бар препарат. Ресейлік әріптестеріміздің биыл ғана бұл препаратты ақылы түрде қолдана бастады. Яғни, таргеттік терапия ісіктердің өсуі мен жайылуын болдырмайды. Бірақ, бұл препараттардың әсер ету механизмдері әртүрлі.
Айталық, қазір ісіктердің өсуін өршітетін – HER-1, 3, 4 антителаларының түрлеріне әсер ететін жаңа препараттар жасалынуда.
Жалпы Қазақстанда химиялық препараттардың барлық түрі – эрлотиниб, эверолимус, трастузумаб, бевацизумаб, лапатиниб бар. Бұл аталғандардан бөлек, қатерлі ісіктерді емдеудің халықаралық хаттамасында көрсетілген таргеттік препараттардың барлығы да қазір бізде бар. Мәселен, бір ғана бевацизумабты алып қарайық, бұл онкологиялық дерт әбден асқынғанда қолданылатын жалғыз антиангиогендік препарат. Бұрын рактың меңдеген түрі емге көнбейтін. Статистика бойынша осы кезеңде жыл сайын 2,5 миллион адам көз жұматын. Бүгінгі таңда антиангиогенді терапия ракты емдеудің негізгі бір өзегіне айналды. Қазірдің өзінде 1,4 миллионнан астам науқас бевацизумабпен емделуде.
– Медицина ісіктердің де адамдардың мінезі сияқты сан алуан болып келетінін анықтады. Дегенмен, дәл диагностика қалай қойылады?
– Дәл диагностика – иммуногистохимия бізде де бар. Мұндай зерттеу әдісі жасушалар мен тіндердегі антигендерді одан әрі қалай өршітпеуге болатынын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл үшін науқастан трепанопистолетпен бірнеше жерінен кішкене атқылап, ісіктердің бөліктері алынады да, бұл ерекше тәсілмен микроскоп арқылы зерттеледі. Қысқасы, қатерлі ісіктерді диагностикалаудың жаңа әдістері дәрігерлерге барынша тиімді ем тағайындауды айтарлықтай жеңілдетті.
– Қазір классикалық хирургияның өзі үлкен өзгерістерді бастан өткеруде. Ағзаға өте аз зақым келтіретін, тіпті қан шығармай-ақ жасалынатын ота түрлері бар. Онкологияда осы әдіс қолданыла ма?
– Мысалы, съезд кезінде Оңтүстік Кореядан келген бір профессор дәрігер тік ішектегі ісікті эндоскопиялық отамен алды. Және жай ісікті ғана алып тастаған жоқ, оны түбірімен жойды. Бұл онкологиядағы ең маңызды нәрсе екенін білесіз.
Сол сияқты жаңа технологиялар аймақтарға да бара бастады. Біздің институтта жыл сайын өңірлерге жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін жоспарлар жасалынады. Айталық, мен сүт безін қалпына келтіретін бір мезеттік ота жасаймын. Өйкені, әйел адам үшін омырауын жоғалту – бұл үлкен қайғы. Ал съезд барысында сүт безінің реконструктивті хирургиясы бойынша арнаулы сателлит жүрді. Қазіргі таңда медицина адам өзін кемтар сезінбеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.
– Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандар өркениетті елдерге қарағанда төмен екенін айтып, қуантып отырсыз. Қандай мемлекет обырмен күресуде өзгелерге үлгі бола алады?
– Қазір Еуропа мен АҚШ бұл мәселеде алдымызда тұр. Алайда, оларда сүт безі рагына шалдығу көрсеткіші өте жоғары. Бірақ, оларда көбінесе бұл ауру ерте бастан анықталатындықтан, емдеу нәтижелері де тиімді.
Мәселен, съезд барысында Сингапурда науқастардың өмірін бес жылға ұзарту 85 пайыз болса, бізде бұл көрсеткіш 52 пайыз. Соның өзінде олар бұл нәтижеге көңілдері толмай отыр. Сондықтан да алғашқы медициналық-санитарлық көмексіз біз алға жылжи алмаймыз.
– Біздің елімізде де обырға көбірек душар болып жатқан өңірлер бар ғой?
– Обыр дертіне ұшыруда өндірістік кәсіпорындар көп шоғырланған Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстанның статистикасы жоғары. Ал, оңтүстік пен солтүстіктің орташа өмір сүру ұзақтығының айырмашылығы он жылды құрайтынын білесіз бе? Оңтүстікте әйелдер көбінесе сүт безі рагынан көз жұмады. Өйткені, рак дегініміз – «ақылынан адасқан» жасуша, бұл мутацияланудың басы, бұл регенерация процесінің бұзылуы. Ағзада мутацияланған жасуша пайда бола салысымен ол өзі тектестерді көбейтіп, мутацияланған жасушаларды шығара бастайды. Қатерлі ісіктің емге көнбей, бақылаудан шығып кететін жері де осы.
– Ал араға бір мүшел салып барып ұйымдастырылған съезді табысту өтті деп есептеуге болатын шығар?
– Қазақстан онкологтары мен радиологтары бірлестігінің жетекшісі ретінде съезді барынша тиімді, пайдалы тәжірибе алаңына айналдыруға мүмкіндік туығызып берген демеушілерге, әлемдегі жетекші рөлге ие – Roche, Varian, Baxter, Merck, Sanofi сияқты фармкомпанияларға алғыс айтқым келіп тұр. Мұндай аса ауқымды шаралар үлкен қолдауды қажет етеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.