27 Маусым, 2014

«Үшінші сектор» белсенділік танытуда

422 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
1DSC_0007Тәуелсіз мемлекетіміздің даму жылдарында азаматтық қоғамның демократиялық қатынастарды өрістетудегі қызметі белсенді сипаттағы маңызға ие болуда. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекет пен азаматтар арасындағы жарасымды жалғастықты қамтамасыз етуші ғана емес, әлеуметтік жаңғыртулар үдерісінің елеулі жауапкершілігін де мойнына алып отыр. Бұл істегі нәтижелер назар саларлықтай. Оны Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар ШӨКЕЕВАМЕН болған әңгімемізден де аңғарғандаймыз. – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің алғашқы Жолдауларында-ақ Үкіметке «үшінші секторды» дамытудың заңдық тұтқаларын қалыптастыру шараларын қа­былдауды тапсырған еді. Мұның өзі елімізде азаматтық қоғам институтын құрудың ма­­­ңыздылығын көрсетеді емес пе? – Әрине, ол 2000 жылғы Жолдауда жария етілген нұсқау болатын. Қазақстан Президенті одан кейінгі әрбір Жолдауында үкіметтік емес ұйымдар қызметін жандандыруға басымдық берумен қатар, атқарылған іске тиіс­ті бағасын да беріп келеді. Стра­тегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген ҮЕҰ-ларға қатысты мемлекеттік саясат та­бысты атқарылуда дей аламыз. Мұны біздің облысымыздағы үкіметтік емес ұйымдардың сандық және сапалық өсу деңгейінен де байқауға болады. Өңірде 526 азаматтық қоғам институты тіркелген, оның ішінде қоғамдық өмірдің әрқилы саласын қамтитын 150 ұйым белсенді қызмет атқарады. Бұлардың құрамында 2 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс істесе, 7 мың адам науқандық сипатта тартылып жүр. Осының өзі ҮЕҰ-лардың тұрғындар арасындағы беделінің өсе түскендігін көрсетеді. – Гүлжанар Болатқызы, мем­лекет пен үкіметтік емес ұйым­дар ынтымақтастығын ­дамы­­ту­­да мемлекеттік әлеу­мет­тік тап­сы­рыс­тың маңызы зор. Бұл­ ба­ғыт­тағы қызмет нені көздейді? – Мұндағы негізгі мақсат – әлеуметтік процестерге мем­ле­кеттік басқарудың тиімді­лігін күшейту. Сондай-ақ, әлеумет­тік блоктың міндеттерін біртін­деп аза­маттық сектордың жауап­кер­ші­лігіне көшіру де түпкі нысана саналады. Осыған байланыс­ты жыл санап ҮЕҰ атқаратын әлеуметтік маңыздағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған мемлекеттік шығындар ауқымы өсе түсуде. Мәселен, бүгінгі күні аталған құрылымдарды қаржыландыру 2007 жылмен салыстырғанда 5 еседен артық деңгейге жетті. Егер 2006 жылы 4 жобаны іске асыруға 7 миллион теңге бөлінсе, 2012 жылы 49 миллион теңгенің 34 жобасы қаржыландырылды. Былтыр әлеуметтік маңызды жобалар конкурсын өткізуге облыстық бюджеттен 135 миллион 255 мың теңге бөлінді. Бұған қосымша, ауылдық жердегі азаматтық бастамашылдықты қолдауға қалалар мен аудандар бюджетінен қаржы қарастыру тәжірибесі енгізілді. Осы ретте, ортақ істі жандандыруға Көкшетау қаласының, Аршалы, Астрахан, Егіндікөл, Ерейментау, Жарқайың аудандарының жергілікті атқарушы органдары елеулі үлес қосқанын айтып өткім келеді. Сондай-ақ, ішкі саясат басқармасы тарапынан да біршама жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етсек, артықтығы болмас. Бір ғана дерек келтірейін: 2011 жылы әлеуметтік маңыздағы конкурстарға 23 лот бойынша 39 ұсыным тіркелсе, 2013 жылы 29 лотқа қатысты 67 өтініш қаралды. – Ауқымды жұмыстар атқа­рылғаны көрініп тұр. Бірақ, көзделген мақсат пен бері­ле­тін баға түпкі қайтарымға тәуел­д­і. Оқырмандарымыз осы жөніндегі мағлұматтарға да құлақ түре отырсын. – Іске асырылған жобалар бойынша көптеген жұмыстардың игілігін көріп отырмыз. Мәселен, «Жастарды жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру» лоты­мен облыстық жастар мен сту­дент­тердің еңбек отрядтары қоғамдық ұйымы 343 адамды уақытша жұ­мыс орындарына орналастырып, әртүрлі оқу орындарының 110 студентін сыршы-сылақшы, тракторшы-машинист, тағы басқа жұмысшы мамандықтарына қо­сымша оқуға тартты. «Жасыл ел» акциясы шеңберінде, жергілікті питомникте өсірілген 335 ағаш көшеттері отырғызылып, күтімге алынды. rukopozhatie «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық ұйымы жүзеге асырған «Қазақ тілі мен ұлттық мәдениетті насихаттаудың кешенді шаралары» жобасының жеңімпаздары Астана қаласындағы байқаудан алтын және күміс кубоктармен оралды. Ал, ішкі саясат басқармасының 2013 жылғы лотын жеңіп алған «Луч надежды» қоғамдық қоры әлеуметтік қауіпті кеселдермен күрес жобасымен өте маңызды шаруаға жұртшылықтың назарын аудара білді. Кең көлемді түсінік жұмыстарының нәтижесінде туберкулез ауруынан толық емделмей түрмеден босаған азаматтарды арнайы есепке алу 100 пайыз орындалды. Оқшаулау мекемелеріндегі осы кеселден қайтыс болушылар саны 8 еседен астам қысқарды. Сондай-ақ, «Жұлдыз» қоғамдық ұйымының ұйытқы болуымен қоғамдық мұражайлар саны былтыр 2011 жылғы 78-ден 170-ке өсті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. – Бұл ұйымдар биылғы жылы қандай шаруаларға басымдық беруде? –Уақыт буырқанған оқиға­ларға толы. Соның ішінде, аза­мат­тық қоғам құрылымдары да Қазақстанның жұлдызды шақ­тарындағы маңызды істердің бел ортасында болатыны анық. Әсіресе, облыс аумағындағы ішкі және жастар саясатын жүргізудегі азаматтық белсенділік күшейіп келеді. Республикалық VI Аза­маттық форум ұсыныстарын жүзеге асыру мақсатында 2014-2015 жылдары жергілікті өзін өзі басқару мәселелеріне айрықша назар аударылуда. Мұндағы нысана Қазақстанның жергілікті өзін өзі басқару жөніндегі Еуропа хартиясына ену мүмкіндіктеріне барынша ықпалдасу болмақ. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар мен ҮЕҰ арасында бірлескен жұмыс жоспары түзіліп, басшылыққа алынып отыр. Жылдың басты ұстанымы ұлт­тық жоба саналатын алдағы халықаралық ЭКСПО-2017 көр­месіне дайындық мәселелеріне аударылған. Мұндай кең ауқымды шараларға қатысу «үшінші сек­тордың» мүмкіндіктерін ашуға елеулі ықпал етпек. Сондықтан, біз үкіметтік емес ұйымдардың «жасыл экономика», «жасыл көпір», «жасыл көрме» және «g-global-exo.org» инновациялық бағ­дарламаларына қатысуына барынша қолдау көрсетудеміз. Бүгінгі күні үкіметтік емес құрылымдар грант бөлуші халық­аралық ұйымдармен ынты­мақты байланыстар орнық­тыру­да. «Бұлақ» қоғамдық қоры БҰҰ-ның­ ауылдар мен ша­ғын қала­лар­ды қуат көздерін үнем­деу, «Эко-Көкше» орталығы TEMPUS-IV ұйымының ауыл шаруа­шы­лығындағы жаңа технологиялар негізінде қоршаған ортаны қорғау, Аршалы ауданындағы «Ақбота» қоғамдық қоры БҰҰ-ның білім беру мекемелері мен Арнасай ауы­лы тұрғындары арасында қуат көздерін үнемдеу әдістемесін тү­сіндіру мен енгізу, Атбасар ауда­нындағы «Целина» қоры АҚШ елшілігінің балаларға ағылшын тілін үйрету, осы аудандағы «Ангел» қоғамдық ұйымы Әлемдік қайта құру және даму банкінің «Ақбұлақ» бағдарламасын іске асырудағы қоғамдық бақылау жобалары бойынша жемісті жұмыс істеуде. Облысымыздағы «үшін­ші сек­тордың» өкілдері респуб­лика­лық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздары атанды. VI Азамат­тық форум аясында өткізілген ­«Та­ным» байқауының қорытынды­сы­мен Атбасардағы «Ангел» (жетекшісі – Л.Петрова) қоғамдық бірлестігіне «Қазақстандық сый­лық лауреаты» атағы берілсе, Аршалы ауданындағы «Намыс» қоғамдық қорының директоры Ирина Исаева «Іскер әйел» конкурсының дипломымен марапатталды. Ал, «Томирис» әйел­дер клубы республикалық байқаудың «Шебер» аталымында бірінші орынға көтерілді. Өңір жұртшылығының құрметіне бөленген «Үміт сәулесі» (Луч надежды) қоғамдық қорының директоры Любовь Рубежанская Еуропадағы жоғары награда­ның бірі – сапа дипломы мен ғылы­ми-өнеркәсіптік палатаның Еуропа алтын медаліне ие болды. Мұн­дай мысалдарды көптеп келтіруге болады. – Мемлекет өзінің әріптесі ретінде үкіметтік емес ұйымдарға қолайлы мүмкіндіктер тудырумен бірге, ҮЕҰ жүзеге асырып жатқан жобалардың барысына бақылау жасайтыны түсінікті. Осы мәселеге қатысты не айтар едіңіз? – Жоғарыда айтылған Аза­маттық фору талаптарына сәйкес, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы келісімшартта атқа­рылған жұмыстар туралы БАҚ бетінде жылдық есептер жариялануы қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырысты орындайтын ұйымдар қызметінің барысына мониторинг жасалады. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметін дамыту мәселелері мемлекеттік өкілетті құрылымдардың назарында болады. Ішкі саясат басқармасының жанында арнайы кеңес жұмыс істейді. Азаматтық қоғам өкілдері мен облыс басшылығының кездесулері тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың жанынан қоғамдық сарапшылар кеңесі құрылған. Ондағы 25 мүшенің 12-сі ҮЕҰ жетекшілері, үшеуі этномәдени орталықтардың өкілдері. Үкіметтік емес ұйым­дар­дың мүшелері облыс әкімі жа­нындағы кеңестердің, облыстық ақпараттық-насихат топтарының мүшесі болса, 10 адам барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаты болып сайланған. Мұның өзі екіжақты бақылау мен ортақ істің тиімділігін арттыруға септік жасайды. Бұл бағыттағы қызметтің жауапкершілігін күшейтуде әртүрлі тақырыптағы сұрау салулардың да ықпалы зор. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК,  «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.