ЕЛ және ЕЛБАСЫ
Жанат ЕРМАНОВ, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үрмелі және соқпалы аспаптар кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Жаңа елорда қалыптасуының алғашқы жылдарында біздер, музыканттар, Астананың сахна алаңдарында мүмкіндігінше көбірек өнер көрсетуді өздеріміздің кәсіби парызымыз деп есептедік. Өйткені, біздің ойымызша, елорданың рухани өмірін де толықтыру қажет болды. Мәдениет және өнер өкілдері үшін рухани өмір қаланың дамуы факторында айтарлықтай рөл атқаратыны анық. Енді, міне, жыл өткен сайын елорданың рухани өмірі де толыға және молыға түсіп келе жатқаны қуантады. Бас қаланың осындай жоғары деңгейде дамығанын да заңдылық деп білеміз. Бұған «Астана Опера» опера және балет театрының ашылуы дәлел бола алады. Еуразияның тоғысында орналасқан елорда бүгінде түрлі мәдениеттер үйлесім тапқан орталыққа айналып отыр десек, артық айтпайтынымыз анық. Осыдан бірнеше жыл ғана бұрын менің басшылығыммен Еуропадан келген жетекші музыкалық ұжымдардың концерті ұйымдастырылды. Олардың барлығы да үлкен аншлагпен өтті. Сол орайда Музыка академиясында шеберлік сыныптары да сәтті ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Менің әріптестерім, мансаптарын енді бастаған кәсіби музыканттар мен жай ғана өнерсүйер қауым осынау шығармашылық байланыстарды үлкен ризашылықпен қабылдады. Жоғары өнерді бағалайтындар негізінен Алматыда ғана тұрады деген стереотипті бүгінде астаналықтардың бұзғаны да көңілге қуаныш ұялатады. Қазіргі кезде елордамызда өздерінің қолтаңбаларын қалдырғысы келетін көптеген белгілі сәулетшілер бар екенін сезінудің өзі ғанибет. Бұған қоса, әлемге әйгілі сахна жұлдыздарының да Астанада өнер көрсетуге құмартып тұратынын ерекше атап көрсеткен жөн. Таяуда ғана мен халықаралық симпозиумға қатыстым. Оған ТМД елдері мәдениетінің көрнекті өкілдері қатысты. Олардың сөйлеген сөздерінен, жасаған баяндамаларынан ұққаным, бәрі де біздің елордамызға үлкен құрметпен қарайды екен. Мұның себебі де бар. Қазақстанның жас астанасы бүгінгі таңда мәдениетаралық үнқатысудың үлгі тұтар алаңына, толеранттылықтың бесігіне айналып отыр. Осының бәрі қазақстандықтар тарапынан тек мақтаныш туғызатыны айтпаса да түсінікті. Қорыта айтқанда, біздің елордамыз уақыт өткен сайын рухани тұрғыдан байи түсіп келеді. АЛМАТЫ.«Өзгерістерге ілесе алар емеспіз»
Бауыржан БАЙТАНАЕВ, Ә.Марғұлан атындағы Археология және этнография институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы: Таяуда ғана Астанадан қызметтік іссапардан оралдым. Елордаға әр барған сайын көз алдымызда болып жатқан өзгерістерге таңғалудан жалыққан емеспін. Жаңа заманауи ғимараттар, әдемі алаңдар, тақтайдай тегіс жолдар көз қызықтырады. Тарихпен тығыз қарым-қатынасы бар біз сияқты адамдар үшін белгілісі – мемлекеттің осыншама тез қарқында дамуын көне тарих әлі білмесе керек. Міне, соның ең басты көрсеткіші – біздің жаңа елордамыз. Ол күн сайын жақсарып, жаңарып келеді. Өткенсіз бүгінгі күн мен келешектің де жоқ екені белгілі. Біздің Президентіміз тарихи мұраны сақтау идеологиямыз бен мәдениетіміздің негізі екенін жақсы түсінеді. Өйткені, солар арқылы барлық бастамалардың іргетасын берік қалауға болады. Қазақстан басшысының даналығының өзі осында жатса керек. Өзінің маңызы жөнінен баға жеткізгісіз «Мәдени мұра» бағдарламасының да Нұрсұлтан Әбішұлының бастамашылығымен жүзеге асқанын жақсы білеміз. Сөйтіп, археологиялық зерттеулер жаңа мазмұнға ие болып қана қоймай, бабалар мұрасы белсенді зерттеле бастады. Өткен мамыр айының соңында біз Қазақстан археологиясының атасы К.Ақышевтің 90 жылдығына арналған халықаралық конференция өткіздік. Аталған ғалымның археология ғылымына сіңірген еңбегі орасан. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық символына айналған Алтын адамның табылуы, бірінші кезекте, сол кісінің еңбегі. Орта ғасырлық Бозоқта алғашқы қазба жұмыстарын жүргізу – оның жемісті жұмысының нәтижесі. Аталған қалашық іс жүзінде бүгінгі елорданың шегінде жатыр. Бозоқтың ашылуы мен зерттелуі арқасында қала тарихының тамыры бір мыңнан астам жылға кететіні анықталды. Осылайша, К.Ақышев бүкіл әлемге біздің бабаларымыздың осы өңірді ерте замандардан мекен еткенін айғақтап берді. Шығыста мынандай тәмсіл бар: «Ең терең деген құдықтың өзі сарқылады, ең қатты деген тастың өзі шаңға айналады». Жер бетінде мәңгілік ештеңе жоқ. «Тек тарихи жады жоқ адамдардың ғана жоғалтатын ештеңесі болмайды», дейді біздің заманымыздың бір классигі. Ал біз болсақ, еш нәрсемізді де жоғалтайын деп жатқан жоқпыз. Сондықтан жаңа елорда салып, заманауи тәуелсіз Қазақстан құрып жатырмыз. Туған күнің құтты болсын, Астана! Зор денсаулық және мол бақыт тілейміз, Нұрсұлтан Әбішұлы! АЛМАТЫ.«Келісім мен тұрақтылық бесігі»
Марат ЖҰМАБЕКОВ, «Ақмола облысы кәсіпкерлер қауымдастығы»қоғамдық ұйымының төрағасы: Осыдан отыз жылдай бұрын біздің қазіргі елордамызда менің студенттік кездерім өтті. Целиноград ауыл шаруашылығы институтында оқыған едім. Қазіргі кезде жұмыс бабымен Астанаға жиі келіп тұрамын және осында тарихи қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан ауқымды өзгерістерге таңғалуымды еш жасыра алған емеспін. Әлі есімде, 1997 жылдың желтоқсан айында Алматыға барып, «Қазақстан-2030» Стратегиясы қабылданған форум жұмысына қатысқан едім. Сол кезде-ақ мені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отыз жылдан астам уақытты болжаған кеуделі бастамасы қайран қалдырған-тын. Оның үстіне, сол шақта арман ғана болып елестеген астананы ауыстыру туралы шешімі, тіпті, бәрімізді де есімізден тандырғандай еді. Бүгінгі күні бұл арман ақиқатқа айналды. Осында келген кезде мен студенттік шақтарымда жүрген жерлерімдегі орасан өзгерістерге тап боламын. Достарыммен және курстастарыммен жиі баратын қалалық саябақтың үлкен өзгеріске түскені де қуандырмай қоймайды. Мен елордада өзімнің шетелдік әріптес бизнесмендеріммен кездесіп тұрамын. Олар негізінен Ресейдің, Германияның, Түркияның азаматтары болып табылады. Олар да әр келген сайын өздерінің елорда туралы әсерлерімен міндетті түрде бөлісіп жатады. Дүниенің көптеген бұрыштарын аралаған адамдар Астананы басқа қалалармен салыстыратын сәттер де аз емес. Қуанышқа орай, салыстырулар көп жағдайда біздің пайдамызға шешіледі. Мәселен, біздің бұрынғы отандасымыз Артур Даутвест Германиядағы аса ірі станок жасау зауытында жұмыс істейді. Ресейдің Қорған қаласында тұратын Борис Петров болса, құрылыс материалдарын шығаратын холдингті басқарады. Олар біздің елордамыздағы Азия мен Еуропаның архитектуралық үлгілерінің тамаша үйлесім тапқанын ерекше атап көрсетеді. Осы тұста елорда өзінің әсемдігімен тек бизнесмендерді ғана емес, кез келген мейманды қызықтыратынын айта кеткен жөн. Түйіп айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерік-жігерінің арқасында дүниеге келген біздің елордамыз бүгінде тек әсемдігімен көз тартатын қала ғана емес, сондай-ақ, Қазақстанның тұрақтылығы мен экономикалық әлеуетінің символына да айналып отыр. КӨКШЕТАУ.«Елбасының қамқорлығын айқын сезінудеміз»
Мүсірәлі АРАПБАЕВ, «Наурыз» шаруа қожалығының төрағасы: Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығын алыстағы ауылда жүріп айқын сезінемін. Қазіргі кездері біздің облыстың да аудандары мен ауылдары көркейіп, өркендеп келеді. Нұқ пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауының атымен аталатын аудан да жыл өткен сайын жаңашаланып, жаңғырып, адамдарының тұрмысы бақуаттана түсуде. Мен өзім «Наурыз» шаруа қожалығын ұйымдастырып, бүгінде жылыжайда көкөніс өнімдерін өсіремін. Алғашқыда 0,15 га жерге жылыжай салсам, қазір бірте-бірте кеңейтіп, 1 гектарға жеткіздім. 12 адамды жаңа жұмыспен қамтыдым. Жылдан-жылға табысым да еселене түсті. Өткен 2013 жылды жылыжайда екі рет қияр мен қызанақ өсіріп, 1,5 млн. теңге таза табыспен қорытындыладым. Айта кеткен жөн, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, соның ішінде жылыжайда өсірген көкөніс үшін де субсидия беріліп келеді. Мен өткен жылы 1 млн. 250 мың теңге субсидия алдым. Биыл да жылыжайда қызанақ өсіріп, алғашқы өнімді маусым айында саудаға шығарып отырмын. Өнім түсімі көңілдегідей. Өсірілген өнімді тиісті жерге өткізетін орындармен арнайы келісімшартым да бар. Мұның бәрін, сайып келгенде, Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне жасаған шынайы қамқорлығы деп түсінемін. Сондықтан менің бүгінгі жеткен жетістігім мен еткен еңбегім Елбасының туған күніне, Астана күніне тартуым деп есептеймін. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы.«Осындай басшысы бар ел бақытты»
Рүстем КЕНЖЕБЕКОВ, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның оқушысы: Адам бұл өмірге мәнді ғұмыр кешу үшін келеді. Мәнді ғұмырдың сыры мен мағынасы адам бойындағы қасиеттер мен игі істерге негізделеді. Егер бар талпынысымен, ынтасымен инемен құдық қазғандай еңбектенсе, ол жемісті болып, тамыр жаяды. Бұл еңбек адамзат тарихында алтын әріппен жазылып қалады. Менің ойымша, біздің Қазақстанымыз – кие мен қасиетке толы мемлекет. Бойы рухқа толы ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен кең-байтақ жерімен біз әрқашаңда мақтанамыз. Оны қасиет тұтамыз. Қазақ халқы ежелден бері туған жер қадіріне ерекше мән береді. Себебі, туған жеріне байланысты адам тұлға болып қалыптасады, түрлі қасиеттер дариды. Туған жерінен нәр алып, сусындаған, сол жеріне өмір бойы ерен еңбек сіңіріп жүрген перзентінен атамекені ештеңесін аямайды: игілік ісі бар халқына тиеді. Адамның еңбегі сөзбен емес, іспен бағаланады. Осы ұлы істің халқының мақтаныш сезімін оятатындай болуы – әркімнің қолынан келе бермейтін қасиет. Елордамыз Астана қаласының мерейлі мерекесі келе жатыр. Бүгінгі күні осы мерекені тойлауға барша қазақстандықтар дайындалуда. Әр баланың көңілінде ғажайып әсер қалдыратын бас қаламыздың сәулеті мен орналасқан орнының ерекше мағынасы бар. Осындай елордамыздың болғаны үшін біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа қарыздармыз. Президенттің көрегендігі мен асқан саяси тәжірибесінің арқасында қысқа уақыт аралығында мемлекетіміздің астанасы тұрғызылды. Бас қала болып қалыптасу жолында Астана түрлі сынақтан өтті. Елбасымыздың қаланың бас сәулетшісі болуының өзі оны нұрға бөлеп тұрады. Себебі, Астананың қай жеріне бармаңыз, архитектураның заманауи озық үлгілерімен қазақтың салт-санасы ұштасып жатады. Менің ойымша, осындай елордасы бар мемлекет бақытты, осындай мемлекеті мен осындай Елбасы бар халық бақытты. Елбасымыздың әлем төрінде еңсеріп жатқан әр белесі – мемлекет пен халық игілігі. Елбасымызға амандық, деніне саулық, отбасына береке тілеймін. Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы мәртебелі қызметі табысты болсын! АЛМАТЫ.