Сайлау • 19 Наурыз, 2023

Таңмен таласа келген еңбек ардагеріне сый-құрмет көрсетілді

216 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкентте №24 орта мектептегі№142 сайлау учаскесіне таң атпай тұрып бірінші болып дауыс беруге еңбек және тыл ардагері Өркен Әбдіреев ақсақал келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таңмен таласа келген еңбек ардагеріне сый-құрмет көрсетілді

Жасының тоқсанды алқымдап қалғанына қарамастан сайлау учаскесіне өз аяғымен жүріп келген қарияның ісі әлбетте көпке үлгі. Сондықтан ақсақалдың осынау саяси белсендігілі мен өзгелерге көрсеткен үлгісі үшін оған үлкен сый-құрмет көрсетіліп, естелікке арнайы сыйлық табысталды.

«Өз басым еліміздегі қандай сайлау болады соның барлығына қатысып, саяси доданың бірінен қалмауға тырысамын. Себебі саяси-экономикалық бастамаларды іске асыратын, халықтың мұң-мұқтажын жоқтайтын депутаттар болғандықтан оларды ел болып сайлап алу қажет. Егер саяси өмірде немқұрайды болып ешкімді таңдамасақ, өзімізбен-өзіміз болып жүре берсек, сайлауға кім барады, дауысты кім береді?! Ертең еріншектігіміз өзімізге кесір болып тимей ме?! Сондықтан сайлаудан қалмау керек. Бала-шаға, немерелерімді де елдің көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болуға талпындырамын. Ал өзімнің өмірдегі ұстанымым елдегі саяси-экономикалық қандай да бір өзгерістердің барлығынан шет қалмау. Соның ішінде мемлекет үшін маңызды науқан сайлау да бар. Бүгінгі сайлаудың басты ерекшелігі әділ болуында. Саяси додаға бір емес, бесеуден көп партиялар түсіп жатыр. Сонымен бірге азаматтар партиялық тізім бойынша емес, өзін-өзі депутаттыққа үміт ретінде ұсына алады. Нағыз демократиялық саяси жүйеге қадам басып келе жатқанымыз осы емес пе?! Еліміздің саяси өміріндегі осындай бастамаларды әрине қолдаймын. Әділ сайлау болатынына сенгендіктен адамда азаматтық белсенділігі де күшті болады. Мені сайлау учаскесіне таң сәріден жетелеп алып келген осы ой, мемлекеттің саяси жүйесіндегі тың өзгерстердің орын ала бастауынан оянған қуаныш сезімі. Менің замандастарымның қатары сиреді. Тірі жүргендерінің көпшілігінің өзі қазір үйлерінен бір қадам аттап басып шыға алмайды. Сол үшін бойыма күш-қайратымды жинап сайлау учаскесіне келіп дауыс беруге мүмкіндік бергені үшін Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын. Өмірде талай қызмет атқардым. Ауыр бейнетті бір кісідей тарттым. Бірақ менде осының бәрін келешек ұрпақ үшін жасап жатырмын, қызығын мен көрмесем де келешек солар көрсін деген ойда болдым. Міне, осындай пікірмен тағы да дауыс беруге келіп тұрмын. Не дейін, тіршілікте көрген-түйгенім көп. Енді сол мол тәжірибемді ұрпағыммен бөлісіп қалдырсам деймін. Президент сайлауынан кейінгі маңызды саяси доданың бірі партиялардың, Парламент пен мәслихат депутаттарының сайлауы болып тұр. Бұл орайда мен өз таңдауымды жасадым. Сол секілді барлық шымкенттіктерді белсенді болып, болашақ үшін таңдау жасауға үгіттеймін», деді қария.

Айта кеткен жөн, бүгінгі саяси науқанда Шымкент қаласының тұрғындары үшін 512 сайлау учаскесі есігін айқара ашты. Ал шаһардағы дауыс беру құқығына ие сайлаушылар саны 639 663 адам.