Өнер • 20 Наурыз, 2023

Орамды ойдың Омары

411 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл артына баға жетпес мол рухани қазына қалдырған Сырдың даңқты шайыры Омар Шораяқұлының туғанына 145 жыл толып отыр. Осыған орай Қызылордада аймақ­тың жас термешілері жыр додасына түсті.

Орамды ойдың Омары

Ақынның бай мұрасын наси­хаттап, ұрпақ жадында жаң­ғыртуды көздеген «Орамды ойдың Омары» атты байқау Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік ор­талығы, қалалық мәдениет және спорт бөлімі, Айтыс ақын­дары мен жыршы-терме­шілердің халықаралық одағы Қы­зылорда облысы бойын­ша филиалының бірлесе ұйым­дастыруымен өткізілді. Жырға сусаған жұртқа рухани кеш сыйл­аған шараның өтуіне шайыр ұр­пақтары демеушілік танытыпты.

Жыршылар байқауында қа­ла әкімінің орынбасары Жан­мұрат Сейілов талапкер жас­тарға сәттілік тіледі.

– Бабадан қалған рухани қазынаның орны қашанда бөлек. Соның ішінде «Сыр елі – жыр елі» деп танылған осы топырақтан түлеген ұрпақтың қанға сіңген жыраулық өнерден алшақ болмасы тағы анық. Омар Шораяқұлының бай мұрасын насихаттау арқылы жас ұрпақ жа­дында жаңғыртуды мұрат еткен бұл байқаудың берері мол деп білемін, – деді ол.

Шайырдың ұрпағы, Мәде­ниет саласының үздігі, танымал ақын Серік Ыдырысов жас жыршыларға бата­сын беріп, өнердегі жол­дарың даңғыл бол­сын деген тіле­гін білдірді. Ша­йырдың тер­ме­лері мен дас­тандарынан үзін­­ді орындалған облыстық бай­қауға белгілі жыршылар, Мә­дениет қайраткері Рус­лан Ах­метов, облыстық ха­лық шы­ғар­машылығын дамыту және мәдени-продю­сер­лік ор­талығының сектор мең­геру­ші­сі Майра Сәрсен­бае­ва мен Ма­рат Сүгірбай қазылық жасады.

Байқау нәтижесінде қызыл­ордалық Аңсаған Ділдәбекқызы, Жанұзақ Рысбек, Досымжан Құрманғалиев, қармақшылық Арай Оңғарқызы арнайы жүлде алса, Жалағаш ауданынан кел­ген Бақытбек Дәулетбек, қар­мақшылық Айдана Амантай, қызылордалық Қарақат Әбді­керім жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті. Аралдық Ина­бат Толғанбекова мен қар­мақ­шы­лық Талант Балтабай екінші орынды иеленді. Байқаудың бі­рінші орыны қармақшылық Мә­ди Елдес пен қызылордалық Аяу­лым Абдумажитке бұйырса, бас жүлде мен «Жыршы бала – 2023» номинациясын қызыл­ордалық жас жыршы Нөсер Айдосұлы жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүл­дегер­лерге Омар Шораяқ­ұлы­ның ұрпақтары атынан сый­лықтар табысталды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА