Бокс • 20 Наурыз, 2023

Қыздардың қарқыны қатты

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Үн­діс­танның бас ша­һары – Делиде бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жер-жаһанның 60 елінен барған 300-ден аса бұрымды бокс­шы бақ сынап жатқан жарыста Қазақстанның былғары қолғап шеберлері сәтті өнер көрсетіп жа­тыр.

Қыздардың қарқыны қатты

Үндістанда осымен үшінші мәрте жалауы желбіреген әлем­дік доданың алғашқы күнінде Шәміл Сафиуллин жаттықты­ра­тын Қазақ­­стан қыздар құра­масы сапынан бірінші болып рингке 52 кило салмақта өнер көрсететін Жазира Орақбаева көтерілді. Былтырғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері Дели шаршы ала­ңындағы бірінші жекпе-же­гінде тайпейлік Чан Чиа-Хсун­мен жұ­дырықтасты. Бәсе­ке бас­­талған бетте ринг орта­сын иеленіп, қар­сыласын соқ­қы­ның астына алған отандасымыз екінші раунда тайвандық қар­сыласын екі мәрте нок­даунға жі­­беріп, кейін­нен жек­пе-жекті но­каутпен аяқ­тады.

Әлем чемпионатының екінші күнінде Қазақстан жанкүйерлері екі отандасымыздың жекпе-жектерін тамашалады. 60 кило салмақта жұдырықтасатын отандасымыз Римма Волосенко «ә» дегеннен мықты қарсыласқа тап болды. Ол алғашқы айналымда өзбекстандық екі дүр­кін Азия чемпионы Ситора Турди­бековамен қолғап түйістірді. Екі мықты арасындағы кездесуді Делидегі спорт кешеніне жи­нал­ған жанкүйерлер асқан қы­зы­ғушылықпен тамашалады. Өйткені екі боксшы да үш раунд бойы бір қарыс артқа шегінбей, шаршы алаңда жеңіс үшін бар өнерлерін ортаға салды. Аса тар­тысты өткен жекпе-жекте тө­ре­шілер Қазақстан боксшысы бір бас жоғары нәтиже көрсетті деп есептеп, 4-1 есебімен же­ңіс­ті Римма Волосенкоға берді. Рим­­ма екінші айналымда сер­бия­лық Наталья Шадринамен жұ­ды­рықтасады.

Волосенконың ізін ала рингке жарақатына байланысты ұзақ уақыт ұлттық құрама қатарынан шығып қалған 81 килодағы Фа­риза Шолтай көтерілді. Был­тыр­ғы ел чемпионатында өз мық­­­ты­лығын дәлелдеп, құрамаға қайта оралған ауыр салмақтағы жер­­лесіміз бірінші кездесуінде Три­нидад және Тобаго өкілі Лиан Будраммен кездесіп, тех­никалық нокаутпен жеңіске жетті. Фариза ширек финалда кениялық Эли­забет Адямбо Андиегомен күш сынасады.

Үндістандағы жарыстың үшін­­­ші күнінде үш қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығып, барлығы да қарсыластарынан басым түсті. Атап айтқанда, жеңіл салмақта (48 кг) жұдырықтасатын Алуа Балқыбекова әлем чем­пио­натының 1/16 кезеңінде син­гапурлық Кей Ван Чи Ваймен шеберлік байқасып, қарсыласын ай­қын басымдықпен тізе бүк­тірді – 5:0. Ол келесі айналым­да Ресей боксшысы Юлия Чум­галаковамен кездеседі. Айта ке­тейік, Алуа Балқыбекова былтыр Ыстанбұлдағы әлем чем­пио­натында күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.

Сондай-ақ Олимпиада бағ­дар­­ламасына енетін 54 және 66 килодағы Жайна Шекербекова мен Надежда Рябец әлем бірін­шілігін сәтті бастап, доданың ке­­лесі кезеңіне жолдама алды. Үш дүркін әлем чемпионатының жүл­дегері Жайна Шекербекова ал­ғашқы айналымда Оңтүстік Корея өкілі Э Чжи Имді жарыс жолынан ығыстырса, жас­тар ара­сындағы Олимпия ойын­да­рының қола жүлдегері, ересектер арасындағы Токио Олимпиа­дасының қатысушысы Надежда Рябец те бірінші кезеңде Оңтүс­тік Корея боксшысы Сён Суд­жиннен төрешілердің аралас ше­шімімен басым түсті.

Айта кетейік, биылғы қыз­дар арасындағы әлем чемпио­натының жүлде қоры қомақ­ты. Мәселен, жарыс жеңім­па­­зы атан­ған боксшылар Ха­лық­ара­лық бокс қа­уым­дас­ты­ғынан – 100 мың, күміс медаль иегерлері – 50 мың, қола жүл­дегерлер 25 мың АҚШ дол­лары кө­лемінде сыйақы алады.