Қоғам • 20 Наурыз, 2023

«Zerek» сыныбының ерекшелігі

627 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Наурыз мейрамы еліміздің түкпір-түкпірінде тойланып жатыр. Елор­далық оқушылар да бұдан қалыс қалмады. Бауыр­жан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің 1 «А» «Zerek» сыныбының шәкірттері ұлттық құндылықты дәріптейтін кеш ұйымдас­тырды. Балақайлар думандатып ән шырқап, мың бұрала би билеп, мейрамның шырайын аша түсті.

«Zerek» сыныбының ерекшелігі

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Білім ошағының өзіндік ерекшелігі бар. Әдетте жыл бойы сандықта сақ­талып, осындай мерекеде ғана арулар­дың көркіне айналатын шолпы, шашбау сияқты әшекейлер бұл мектептегі оқушылардың үнемі, тастамай тағатын сән бұйымдарының бірі. Тіпті мұнда үзілісте балалар көп мектептегідей ерсілі-қарсылы жүгіріп, оқушылар мен мұ­ғалімдердің мазасын алмайды. Олар қолы қалт етсе асық атып, ләңгі ойнап ұлттық құндылықтарды ұлық­тайды. Бұл қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа негізделген «Zerek» дәс­түр мектебінің оқушыларының басты ерекшелігі.

кер

– Шашбаудың көмкерілген әдемі тас­тары мен сылдырмағының үні құ­лаққа жағымды. Мұғалімдеріміз бұл әшекей бұйымдардың тәрбиелік мән-мағынасын толық түсіндірген соң, ша­шымнан тастамаймын. Мек­­тепте ғана емес, көршілерім мен туыстарымның қыздары, басқа да достарым маған қызығады. Бұрын қоңыраулы шолпы таққан қыздар қатты күлсе, шолпы сыңғырлап, оқыс қимылдарына тосқауыл болған. Бір жағынан шолпы тағу қызды жинақылыққа тәрбиелеп, денесін түзу ұстап, сәнмен жүруді үйре­тетін модель мектебі іспетті. Маған осы жағы қатты ұнады, – деді «Zerek» дарынды балаларға арналған дәстүр мектебінің 4-сынып оқушысы Зейне Адамбек.

Осыдан төрт жыл бұрын ашылған тә­жірибе алаңның авторы, мектеп директоры – Зәмзагүл Қиянова. Ал оқыту бағдарламасын тәжірибелі бас­тауыш сынып ұстаздарынан құралған шығармашылық топ өздері жазып шыққан. Сондай-ақ олар оқушыларға арнайы «Ұлттық тағылым» атты оқулық пен жұмыс дәптерін де әзірлепті.

– Бізге көмекке Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің про­фессор, ғалым-ұстаздары келді. Оқы­ту бағдарламасы қалалық, респуб­ликалық ғылыми-әдістемелік сараптама кеңесінде мақұлданып, бекітілген. Нәтижесінде, бала жасы ескерілген, жеңіл құрылған тамаша оқулық пен жұмыс дәптері дайын болды. Ав­торлық бағдарлама ретінде Алматы қаласында өткен республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауынан жүлделі І орынды еншіледі. Балалардың бар­лығы бірдей домбыра құлағында ойнай­ды. Ең бастысы мұнда дәстүрін бі­летін, үлкенді сыйлайтын нағыз ұлт­жанды оқушылар өсіп келеді, – деді Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің директоры З.Қиянова.

Жалпы, ата-баба қанымен бойға да­рыған тәрбиенің маңызы зор. Осы ретте мектеп ұжымы келешекте бұл тә­жірибені республика көлемінде қол­дау тапса, өзге де білім ошақтарына бөлісуге дайын. Осылайша, олар тамыры тереңге бойлаған ұлттық құндылықтарды оқу­шылар арасында кеңінен насихаттауды көздеп отыр.

– Дәстүрдің озығы мен тозығы бар дейді. Оның ішінде қазіргі заманға сәйкес келетін, балалардың талғамына үйлесетін тұстарын қолданып отырмыз. Ол оқу­шы­ларға ұнағаннан кейін қыз балалар шолпы тағып, атқамінерлеріміз аптаның бес күні болса, сол бес күннің екі күнінде ұлттық ойындар ойнап жүр. «Ұлттық тағылым» оқулығы жыл көле­мінде өтеді. Әр тарау, әр тақырыпқа бай­ланысты ұлттық нақышта тәрбиеге бай­ланысты сайыстар өтіп отырады. Қазақтың салт-дәстүрі көп қой. Бар­лығымен егжей-тегжей танысады, – деді Б.Момышұлы атындағы №53 мек­теп-лицейі директорының оқу ісі жө­ніндегі орынбасары Айжан Нұрғазина.

Бүгінде «Zerek» мектебі экспери­менттік алаңының оқушылары 4-сыныпта оқып жатыр. Осы уақыт ара­лығында ұлттық салт-дәстүрге қанық, озық ойлы шәкірттері түрлі байқауларда топ жарып жүр.

– Мен 4 «а» «Zerek» сыныбында оқимын. «Ұлттық тағылым» саба­ғында ұмыт қалған салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты тереңірек оқып, оның кейбіреуін күнделікті өмірде пай­да­лануға тырысамыз. Мәселен, мен бұл сабақтан «Бәсіре» деген салтымыз бар екенін білдім. Ол дегеніміз – қазақ ша­ңырағында дүниеге ұл бала келгенде, сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау. Бұл ата-бабаларымыздың ұғымы бойынша, дүниеге келген шақалақтың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланыс­ты дегенді білдіреді. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бұған қоса «Асар» атты дәстүрмен жақсы таныспын. Оны мұғалімдеріміз Түркиядағы зілзаладан зардап шеккен түрік ағайындарға еліміздің көмек беруімен түсіндірді. Осы бар білгенімді құрбыларыммен де бөлісіп жүрмін, – деді Нұрайлы Мейрамбек.

Бұл арнайы алаңды ашудағы бас­ты мақсат – сан мыңдаған жыл бойы ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып келген қазақы ілімнің өзіндік моделін қа­лыптастырып, әлемдік білім жүйе­сіне бәсекелесуге түсе алатын дарынды, іс­кер, ойлау жүйесі жетілген, адам­гер­ші­лігі мен қарым-қабілеті бір арнада тоғысқан тұлғаны даярлау. Бұл бастаманы ата-аналар да қуана қолдаған.

– Қазіргі заманда ұмыт бола бастаған құндылықтарымызды жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына сіңіру – ең өзек­ті мәселе. Өйткені жастардың жат мәде­ниетке еліктеуі басым. Немеремді осы «Zerek» мектебіне бердім. Кө­ңілімнен шығып жатыр. Олардың ана тілінде еркін сөйлеп жүргендері қуантады, – дейді біз тілдескен ата-ана Бақытбек Байырханов.