Сайлау • 20 Наурыз, 2023

Партия басшылары таңдау жасады

208 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өткені белгілі. Оған түсіп жатқан партиялар басшылары да өз таңдауларын жасады.

Партия басшылары таңдау жасады

«Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғимаратында орналасқан №110 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Ол тек демократиялық әділ сайлау нәтижесінде және жастардың саяси аренаға еркін, кедергісіз келуі арқылы ғана кемел қоғам қалыптасатынын атап өтті.

«Сайлау жоғары деңгейде ұйым­дастырылып отыр. Халық өте белсенді. Біз үгіт-насихат науқаны аясында еліміздің барлық өңірін аралап, азаматтардың саяси өмірге араласуға деген қызығушылығы артқанына көз жеткіздік. Бүгінде әркімнің өз таңдауын жасап, ел болашағы үшін дауыс бергені маңызды», деді Ерлан Қошанов журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев елорданың №113 сайлау учаскесінде дауыс берді. Партия же­тек­шісі сайлауға отбасымен бірге келді.

Ал «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Астанадағы №393 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Бұл сайлау біз үшін бенефис деуге болады. Біз еліміздің, ұрпағымыздың тағдыры мен өмірін қолға алдық. Бұл сайлау тек партия үшін емес, біздің ұрпақ үшін маңызды. Бұл сайлаудан күтетін өзгерістерге келсек, бюджеттің әділ бөлінуіне, халықты шын мәнінде алаңдататын заңдардың қабылдануына әсер еткіміз келеді. Мысалы, Қазақстанда мың бір мәселе бар, бірақ біз мың бірінші мәселені талқылауға аламыз. Түкіру туралы заңды алайық. Бұл заңнан бірде-бір қазақстандық бақытты және табыс­ты болып кетпеді, бірақ неге екені белгісіз, уақытты босқа өткізіп жатырмыз. Уақытымыз өте аз. 30-50 жылға ғана жететін мұнай қалды, осы жылдар ішінде біз балаларымыз бен немерелеріміз мұнай мен газдан тәуелсіз, гүлденген елде өмір сүруі үшін бар күшімізді салуымыз керек. Бұрынғы Парламент мүшелерінің көпшілігі 30-50 жылдан кейін болмайтынын түсінеміз, бірақ біз бұған мүдделіміз», деді А.Қожаназаров.

«Ақ жол» демократиялық партиясы­ның төрағасы Азат Перуашев елорда­дағы №122 сайлау учаскесінде дауыс берді. «Сайлаудан Әділетті Қазақ­станды күтеміз. Менің ойымша, 20 жыл бойы мұндай ашық әрі ауқымды сай­лау науқаны болмаған шығар. Егер біздің қоғам мен мемлекет бұл қар­қын­ды бәсеңдетпей, ашық диалогті жалғастыра берсе, онда шынымен де біздің өміріміз жақсарады, Соны­мен қатар бұл қадамдар әділдікке бағыт­талған өзгерістердің басы болмақ», деді А.Перуашев.

«Байтақ» жасылдар партиясының төр­ағасы Азаматхан Әміртаев Астана­дағы №92 мектеп-лицейінде орналасқан №52 учаскеде өз таңдауын жасады. «Таңнан бері халықтың белсенділігі байқалады. Бұл – жақсы үрдіс. Бұл сайлау әділ өтетініне сенімдімін. Бұл жерде ең басты мәселе – халықтың сенімі. Халық кімге сенім артса, солар депутат болып, мемлекет игілігіне жұмыс істейді», деді А.Әміртаев.

Жалпыұлттық социал-демо­кра­тия­­лық партиясы төрағасы Асхат Ра­­хым­­жанов Астана қала­сындағы №158 сай­лау учаскесіне келді. «Бү­гін мен өзімнің сайлау учаскеме ке­ліп, қа­­­­ра­п­айым ел азаматы ретінде таң­­­да­­уым­­­­ды жасадым. Өздеріңіз бі­л­е­­­тін­­­­­дей, өткен жылы референдум өт­ті. Оның нә­ти­жесінде сайлау жү­йе­­­сі­не жә­не де­п­у­таттар корпусын қа­лып­­­тас­­­­ты­ру үде­рісіне өзгерістер енгі­зіл­­ді. Бұл өз ке­зегінде еліміздегі саяси ж­ү­­й­е­­­нің өз­геруіне әсер етеді», деді А.Рахымжанов.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев елордадағы М.Өтемісов атындағы оқушылар сарайында орналасқан №137 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Қазіргі сайлау – бұрынғыдан өзгерек. Тәуелсіздік тарихында тұң­ғыш рет мажоритарлық жүйеге 30 па­йыз берілді. Бұл – қоғамның сұранысы. Себебі отандастарымыздың басым көпшілігі партия құрамында жоқ. Оң өзгеріс нәтижесінде қоғамдық көшбасшылар да додаға түсіп, бақ сынады. Бұл ел тәуелсіздігінің 30 жылдан астам тарихындағы ең қызықты, мазмұнды және бәсекеге толы сайлау болды. Бұл – халықтың жеңісі. Біз сая­си сауатты мемлекетке айналдық», деді Е.Ертісбаев.