Сайлау • 20 Наурыз, 2023

Серпін беретін сәттің куәсі

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сайлау науқандарында жастарға қарағанда алдыңғы толқын өкілдері белсенді екенін жұрттың бәрі біледі. Кешегі дауыс беруде ғасыр ғұмыр иесі сырдариялық майдангер Яхия Тасыров сайлау учаскесіне алғашқылар қатарында келіп, дауыс берді.

Серпін беретін сәттің куәсі

Жалпы, қайбір сайлауда да жұртты дауыс беруге жұмылдыру үшін елең еткізер жаңалықтарды алға шығарады ғой. Бұрынғыдай өмірге қол ұстасып қатар аттанған сәті дауыс беру күніне тап келген жастардың неке қиғыза сала қол ұстасқан күйі сайлау учаскесіне келуі қазір креатив емес. Мысалы, осы науқанда Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ауылындағы №109 сайлау учаскесінде жыршылар жыр төкті. Таңдау жасауға келіп жатқандарға керемет әсер сыйлаған баба өнердің мұрагерлері өздері де дауыс беріп, жаңарған қоғамға қадам жасауға үлес қосты. 

Жалағаш ауданының Бұқар­бай батыр ауылында Қа­бы­ланбек Нұрмағанбетов ақсақал дауыс беруге бүкіл әулетін бас­тай келіпті. Маңызды сая­си науқанда өз таңдауыңды жа­сауға асықпауды азаматтық па­рызды орындамау деп есеп­тей­тін ақсақал елдің дамуы­на сер­пін беретін сәтте әрбір сайлау­шы белсенді болса дейді.

Сайлаудың барысы тура­лы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов өткізген брифингте дауыс берудің ашық әрі әділ өтуіне бар мүмкіндік жасалғаны айтылды. Облыста 486 002 сайлаушы бар. Олар дауыс беретін 373 сайлау учаскесінің барлығы талапқа сай, арнайы кабиналармен жабдықталған. Азаматтар дауыс беру учаскесін алдын ала нақтылау үшін 20 қаңтардан бастап іске қосылған «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисін 30 мың адам пайдаланыпты. Сонымен қатар telegram-бот (sailau_kzoBot) және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы сайлаушылар тізімінен тексеру мүмкіндігі бар қызметтің көмегіне жүгінгендер 9 мыңнан асады. Сайлауға қатысатын мүгедектігі бар 2 997 тұрғын үшін барлық мүмкіндік жасалды. Қимыл-қозғалысы қиын азаматтарды 32 инватакси тасымалдаса, 42 онлайн судоаурамашы ым тілі қызметін көрсетті.

Жалпы, сайлау үдерісін 14 халықаралық байқаушы, республикалық 14 қоғамдық бірлестік, 25 жергілікті ұйым бақылады. 

 

Қызылорда