Егемен еліміздің еңсесін көтеріп, мемлекеттің сындарлы саясатын жүзеге асырып жүрген жандардың осы бағыттағы ерен еңбектерін тарихқа маржандай тізіп қалдыруда БАҚ өкілдерінің алар орны ерекше. Ал оларды марапаттау кәсіби төл мерекесі – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында өтуде. Осындай қалам ұстаған қауымның арасында қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бірқатар журналистері де бар.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының биылғы лауреаттары қатарында басылымның Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Бақберген Амалбек те бар. Сондай-ақ, Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің «Мемлекеттік тіл және БАҚ» номинациясы бойынша бірінші орынды Қостанай облысындағы меншікті тілші Нәзира Жәрімбетова иеленді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасымен еліміздегі ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға, Отанымызға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға қосқан үлестері үшін бас редактордың орынбасары Самат Мұса, ал Алғыс хатымен тілші Ләйла Тілеубаева марапатталды.
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі дайындаған «Еуразияның алтын қаламы», «Қазақстанның үздік редакторы», «Қазақстанның үздік журналисі» төсбелгілерімен де бірқатар журналистер марапатталды. Олардың қатарында қос шолушы, әріптестеріміз Әлисұлтан Құланбай мен Александр Тасболатов та бар. «Еуразияның алтын қаламы» медалін Ә.Құланбай омырауына тақса, А.Тасболатов «Қазақстанның үздік журналисі» атанды.
«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін үш бірдей әріптесіміз омырауларына тақты. «Егемен Қазақстанның» экономикалық шолушылары Сұңғат Әліпбай мен Жылқыбай Жағыпарұлы және аталған басылымда ұзақ жылдар қызмет етіп, еңбек демалысына шыққан қазақ баспасөзінің ардагері Жамалдын Ахметов саланың үздіктері деп танылды. Сонымен қатар, Байланыс және ақпарат агенттігінің Құрмет грамоталарын тілші Ләйла Тілеубаева мен қызметкерлер Тұрсын Есілбаева және Дина Дәуіт еншіледі. Сондай-ақ, осы жолдардың авторы да Ұлттық ғарыш агенттігінің арнайы алғыс хатын алды.
Жалпы, журналистиканың желкенін есуде, әсіресе, газет-журнал саласында фотожурналистиканың алар орны ерекше. Бұл тұрғыда фототілшілер еңбектері де еленіп келе жатыр. Мәдениет министрлігі Мәдениет және өнер істері комитетінің толеранттылық пен қазақстандық патриотизмді нығайту идеясына арналған «Қазақстан – достық бесігі» атты ІІ фотоконкурсында фототілші Ерлан Омаровтың бағы жанып, бірінші орын иегері болды. Өзіндік ой-қиялы мен кәсіби шеберлігін қатар ұштап жүрген Е.Омаров түсірген фотосуреттердің сын көздің талабынан шығып жүлде алуы әріптестерін бір қуантып тастады.
Әріптестерімізді кәсіби төл мерекелері қарсаңында алған жүлделерімен құттықтап, оларға шалқар шығармашылық табыстар тілейміз.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».