Аягөз қаласында тұратын егіз қыз – Айдана мен Гүлдана алғаш рет дауыс берсе, тыл ардагері Күлпаш Жақыпқызы да саяси науқаннан тыс қалмай, балаларының көмегімен өз таңдауын жасады. 1924 жылы бұрынғы Абыралы ауданында дүниеге келген қария «Еңбек Ері» секілді жоғары марапаттардың иегері.
– Елімізде сайлау болып жатыр дегенді естіп отырмын. Елімізде береке-бірлік болсын, соғыс болмасын! – деп жүрекжарды лебізін білдірді Күлпаш Жақыпқызы.
Өзге өңірдегідей Абай облысында да сайлаушыларға мерекелік наурызкөже мен бауырсақ ұсынылды. Учаскеге ерте келген сайлаушыларға кәдесыйлар таратылды.
– Бұл сайлауды халқымыз көптен бері күтті. Сол үшін де бүгін қуана-қуана келдік. 18 жасқа толған әр азамат өзінің конституциялық құқығын пайдалана отырып, сайлауға атсалысуға тиіс, – деді Семей қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Шаған Жұмақсанов.
Осы күнгі елеулі оқиғалардың тағы бірі сайлау учаскесінде семейлік жігіт сүйіктісіне тұрмысқа шығу жөнінде ұсыныс жасады. Олар болашақта шаңырақтарында ұл туса, есімін Сайлаубек қоямыз деп ырымдады. 19 наурыз күні Абай облысында 18 сәби дүниеге келсе, оның 12-сі – қыз, алтауы – ұл. Біле білсек, бүгінгі ұрпақтың ертеңі жарқын болуы үшін әркім сайлауға барып, өз таңдауларын жасау керек.
Абай облысы