Теннис • 21 Наурыз, 2023

Теннисші тартуы

302 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы қарсаңында мұхиттың арғы бетінен сүйінші хабар жетті. Теннистен еліміздің бірінші, әлемнің жетінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» санатындағы «Уимблдон» турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакина Қазақстан теннисшілері арасында тұңғыш рет «BNP Paribas Open» (WTA 1000) турнирінде топ жарды. Ол финалда Беларусь мақтанышы, әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенконы тізе бүктірді.

Теннисші тартуы

АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында ұйым­дас­тырылған бұл дода – теннисшілердің «Үл­­кен дулыға» са­натындағы төрт ірі жарысынан кейінгі орында тұ­ратын шоқ­тығы биік бә­секе. 1974 жы­лы тұсауы ке­сіл­­ген жарыста бү­гін­ге дейін небәрі 17 мем­ле­кеттің ғана өкілі үздік шық­­қан екен. Енді бұл қатарға Қа­зақстан тен­нис­шісі Елена Ры­бакина да қосылды.

АҚШ-тағы теннисшілер са­­йы­­сының финалын тек Қаза­қ­станның ғана емес, бүкіл әлем­­нің жанкүйерлері тағат­сыз­дана күтті. Өйткені осыдан бі­рер ай бұрын дәл осы екі тен­нис­ші Аустралия ашық чем­пио­на­тының финалында кез­десіп, сол сайыста Аринаның ме­рейі үстем болған еді. Ал бұл кездесуде көпшілікті Елена Ры­бакина Мельбурндегі есесін қай­тара ала ма деген сұрақ қы­зықтырды.

Тартысты бәсекенің бірінші партиясында екі теннисші де аса сақтықпен ойнап, қателік жасамауға тырысты. Бесінші геймге келгенде бірінші болып Ры­бакинаның жүйкесі сыр берді. Допты өзі ойынға қос­­­қан геймде қарсыласына брейк жасауға мүмкіндік беріп қой­ды – 3:2. Бірақ көп ұзамай Еле­наның өзі де қайыра брейк жасап, тез арада таразы басын теңестіріп үлгерді – 4:4. Кейінгі төрт геймде екі теннисші де са­уат­ты ойынымен көзге түсіп, бір-бірін алға жіберген жоқ – 6:6. Сөйтіп бірінші партияның жеңім­пазы тай-брейкте анықт­алды. Бұл ке­зеңде Елена Рыба­кинаның бағы жанды – 7:6 (13:11). Бірінші партияда тен­нис­­шілер бір сағат 20 минут ойнады.

Екінші сетті отандасымыз «ә» дегеннен брейкпен бастады. Таблодағы көрсеткіш 4:2 болып тұрған жетінші сетте Елена тағы да бір брейк жасап, 5:2 есебімен алға ұзап кетті. Се­гі­зінші геймде Рыбакинаның ойынды аяқтайтын тамаша мүм­­кіндігі болды. Бірақ допты ойынға қосқан сетте бірде-бір ұпай ала алмай, Соболенкоға 40:0 есебімен жол беріп қойды – 5:3. Дегенмен, отандасымыз ке­лесі мүмкіндігін 100 пайыз пай­­даланып, екінші сетті 6:4 есе­­бімен өз пайдасына аяқ­тады. Екі сағаттан астам уақытқа со­зылған бәсеке бары­сында Еле­на 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнт­тың үшеуін пайдаланды.

Осылайша, алғаш рет WTA 1000 жарысының жеңім­пазы атанған Е.Рыбакина А.Со­бо­ленкодан Аустралия ашық чем­пионатының финалында кеткен есесін қайтарды. Сон­дай-ақ Еле­­на Рыбакина спорттық жолында алғаш рет әлем­дік рей­­тингте жетінші орынға көте­рілді. Бұл – оның жеке ре­корды.

Елена Ры­баки­наның «BNP Pa­­ribas Open» турниріндегі жү­ріп өткен жолына зер салар болсақ, жарысты екінші ай­­налымнан бастаған ол ал­ғашқы кездесуін 2020 жыл­ғы Аустралия ашық чем­пио­на­тының жеңімпазы, әлем­­дік рейтингте 170-орында тұр­ған америкалық Софья Ке­­нин­­ді (7:6, 7:6), үшінші ке­зеңде әлемнің 22-ракеткасы ис­­паниялық Паула Бадосаны (6:3, 7:5), төр­тінші айналымда дү­ниежүзілік рейтингте 66-сатыға жайғасқан ресейлік Вар­­вара Грачеваны (6:3, 6:0) жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Ал ¼ финалда Ка­ролина Мухованы екі сетте 7:6, 6:4 есебімен жарыс жолынан ығыстырса, жартылай фи­налда әлемнің 1-ракеткасы польшалық Ига Швентектен айласын асырды – 6:2, 6:2.

«BNP Paribas Open» тур­нирінде топ жарған Елена Ры­­бакина 1 271 230 АҚШ дол­­лары (574 550 449 млн теңге) кө­леміндегі қаржы­лай сыйақы мен 1 000 рей­тинг­тік ұпайға ие болды. Ал тур­­нирдің ерлер ара­­сын­дағы бәсе­кесінде 19 жас­тағы испа­ния­лық Карлос Аль­карас жеңіс тұғырына кө­терілді. Ол финалда ресейлік Да­ниил Мед­ведевті екі сетте 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді.