Қазақ өнерінің бағына Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтанахмет сынды төрт бірдей тарланды сыйлаған Қожықовтар династиясы – мың әулеттің басына таңдап барып қонатын тағдырдың сирек сыйы. Олардың әрқайсысы өнер өлкесінің биік шыңын бағындырған, өзі еңбек еткен салада қолтаңбасы қалған, қазақ мәдениетінің төрінен орын белгілеген белгілі тұлғалар.
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кинорежиссер Сұлтанахмет Қожықовтың туғанына 100 жыл толуына орай Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде «Алтынның сынығы, асылдың тұяғы» атты Қожықовтар династиясына арналған ауқымды көрменің ашылуында «сөйлеп қоя берген» суреттер ізімен талай тарих ақтарылды. Қожықовтар әулетінің шығармашылығын көрсету мақсатында ұйымдастырылған көрме дарынды ұлдардың бастауында тұрған әке мен ана жолын баяндаудан басталды. Қоңырқожа мен Ләтипа қол ұстасып жүріп, қазақ елі қай жерде керек етсе, сол тұстан қызметтен табылып, төрт ұлы Қазақстанның төрт қаласында дүниеге келсе де, перзенттерінің бәрінің бойына ортақ бір қасиетті – еңбекті сүюге үйретіп, өнерге іңкәрлікті егіп кеткені көпшілікті еріксіз тәнті етті.
Әулетбасы, талантты ұлдардың әкесі Қоңырқожа Қожықов (1880-1938) XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы көрнекті қазақ интеллектуалдарының бірі, бірнеше тілді еркін меңгерген педагог-реформатор, «Алаш» қозғалысының мүшесі, мәдениет тарихын зерттеуші ғалым, көрнекті қоғам және саяси қайраткер. Ал аналары Ләтипа Мұңайтпасқызы Лапина (1893-1960) алғашқы театр өнері суретшілерінің бірі, сахна декораторы, халық шебері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі болған. Сән және қолданбалы өнер шебері Ләтипа Мұңайтпасқызы, негізінен, театр костюмдерін тігумен айналысқан. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігіне қатысқан отандық әртістердің көздің жауын алар ұлттық костюмдерінде Л.Лапинаның да қолтаңбасы бар. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мемлекеттік тапсырыспен Ләтипа Мұңайтпасқызының шебер қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімдері Американың 32-президенті Франклин Рузвельтке сыйға тартылып, қазір ол тарту-таралғы АҚШ-тағы Рузвельттің мемориалды музейінде сақтаулы тұр. Сондай-ақ Қожықовтардың аналарының қолымен ежелгі қазақ қолөнері дәстүрінде тоқылған сәндік бұйымдары мен ұлттық киім үлгілері дәл осы Ә.Қастеев атындағы Өнер музейіндегі бағалы жәдігерлердің бірі.
Мемлекеттік өнер музейінің алтын қорында сақтаулы тұрған Қожахмет, Құлахмет Қожықовтар мен Ләтипа Мұңайтпасқызының туындылары тақырыбы мен стилі жағынан әр алуан. Мәскеудегі мемлекеттік жоғары көркемөнер техникалық шеберханасында оқыған Қожықовтардың үлкені Қожахмет ұлттық бейнелеу өнеріндегі алғашқы қарлығаштардың бірі, тұңғыш суретші-график, карикатура және плакат жанрының негізін салушы болып саналады. Қоңырқожаның екінші ұлы Құлахмет те бейнелеу өнеріндегі бірегей есімдердің бірі – кескіндемеші, кино және сахна суретшісі. «Қыз Жібек» фильміндегі костюмдердің алғашқы эскиздерін Құлахмет Қожықов салған. Талантты суретші, сондай-ақ баспа ісіне де атсалысып, белгілі авторлардың кітаптарын ұлттық нақышта безендіріп шығаруда қайталанбас шеберлікке ие график екенін дәлелдеген. Өнер дарыған Қожықовтардың дарынды ұлдарының қатарын үшінші ұл Нұрахмет мүсіншілігімен дамытқан. Алғашқылардың бірі болып соғысқа аттанып, басынан ауыр жарақат алып, денсаулығында дімкәстік болса да, мүсін өнерін қолға алып, майдан батырларының бейнесін жасаудан жалықпаған. Алайда бірінші топ мүгедегі сал болып, төсекке таңылып, шығармашылық арманын ширата алмаған.
Алтынның сынығы, асылдың тұяғы, Қожықовтар әулетінің ең кенжесі Сұлтанахмет Қоңырқожаұлының туғанына биыл 100 жыл толып отырғанына байланысты Мемлекеттік өнер музейі өткенге осылайша сапар шегіп, қазақ мәдениеті үшін өлшеусіз еңбек сіңірген Қожықовтарды сағынышпен еске алды. Майданнан орала сала кино өнеріне ден қойған кіші Қожықов суретшілікпен кәсіби түрде айналыспаған, бірақ ермек етіп салған суреттерінің өзі оның қылқалам құдіретін сезінген құлашы кең, сан қырлы үлкен суреткер болғанын үндейді.
«Сұлтан ағамыз қанша атақ-абыройға бөленсе де, қарапайымдылығынан, адамдығынан танбайтын. Өте кішіпейіл еді. Осы көрме арқылы оның шыққан тегін, өнерлі отбасында өскенін көрсеткіміз келді», дейді Қожықовтардың өнері мен шығармашылығын көпшілікке танытуда шармашамай шырақшылық міндет арқалап келе жатқан Сәуле Құлахметқызы.
Көрмеде кинорежиссердің «Қыз Жібек», «Біз Жетісуданбыз», «Ана мен бала», «Жартастағы шынар», «Бізді танып қойыңдар» секілді белгілі туындыларынан алынған фотосуреттер мен бұрын еш жерде жарық көрмеген деректер, кинокадрлар көрсетілді. Сондай-ақ режиссердің өз қолымен өрнектеліп, 1940 жылдары газет-журналдарда жарияланған шарж жанрында салынған суреттері таныстырылды.
АЛМАТЫ