2009 жылдан бері ерлі-зайыптылар 18 ата-анасыз сәбиді балалар үйінен патронаттық тәрбиеге алған. Он төрт жылдан бері тағдырдың түрлі қиындығына тап болған балаларды бауырларына басып қана қоймай, оларға жақсы білім мен тәрбие беріп келеді. Бүгінде ересектерін ұядан ұшыра бастады. Ең үлкен қызы Айгүл өткен жылы тұрмысқа шығып, жақында нәрестелі болды. Былтыр шама-шарқынша тойын өткізіп, жасауын беріп ұзатты. Қазір Өмірхан мен Амангүл құда-құдағиларымен жақсы араласып тұрады. Сондай-ақ осы шаңырақтың тоғыз ересегі Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде оқып жатыр.
Жетесұлы әулетінің отбасылық балалар үйі 2009 жылы ашылды. Сол жылы елімізде отбасылық үлгідегі балалар үйлері құрылған болатын. Амангүл музыка пәні мұғалімі, сол уақытта мереке кезінде шығармашылық ұйымдармен бірлесе концерт өткізеді. Мереке қарсаңында «Үміт» сәбилер үйіне мерекелік іс-шара өткізуге барғанда, бес жастағы сәби Алмагүл жылап жабысып, қолынан түспей қойған. Шара аяқталып әншілер кетер кезде әлгі сәби Алмагүлдің етегіне жабысып, тәрбиешіге бармайды. Үйге келген соң да әлгі сәбидің жылаған үні құлағынан кетпейді. Түнімен ұйықтай алмаған соң, ертеңіне балалар үйіне қайта барады. Қолы босағанда осы жерге жиі келіп тұратын болды.
Ата-анасы жоқ сәбилер «Үміт» балалар үйінде бес жасқа дейін тәрбиеленіп, мектеп жасына жеткенде басқа жаққа ауыстырылады. Ақыры Алмагүл отағасымен, үш баласымен кеңесе отырып, осы сәбиді асырап алуға шешім қабылдайды. Бірақ бала асырап алу – оңай шаруа емес. Амангүлге жабысқан сәби жетімдер үйіне уақытша орналастырылған, туған анасы бар екен. Амангүл көп жүгірістен соң, сәбиді үйіне әкелді. Осыдан кейін тағы бірнеше сәбиді патронаттық тәрбиеге алды. Бір баланы алып кетейін деп жатқанда, сәбилер үйінде қалып бара жатқан бірге туғанын қалдырғысы келмеді. Жетесовтер әулетіне он сегіз бала осындай жолмен келді. Сол кезде отағасы Өмірханға шағын балалар үйін ашу туралы ұсыныс түскен. «Бірақ мен оған қарсы болдым. Өйткені бөліп-жармай бағып-қағып отырған баламызды басқа біреудің асырап алып кеткенін қаламадым», дейді Өмірхан Жетесов.
Өмірхан мен Амангүл ата-анасыз қалудың қандай екендігін өте жақсы біледі. Екеуі де жастайынан жетім өскен. Олар алғаш шаңырақ көтергенде жылы сөзбен демеп, қиналған кезде қолдап жіберетін ата-ананың көмегіне талай зәру болған. Алмагүл қыздардың тәрбиесіне өте қатты қарайды. Күнделікті кешкілік әкесі ер балалармен, анасы қыз балалармен кеңес өткізеді.
Бұл үйде ұлттық тәрбиенің иісі аңқып тұр. Балалардың бос уақыты жоқ. Қыздары да, ер балалары да үй шаруасына пысық. Үлгермей жатса, бір-біріне көмектеседі. Балалар сабақтан келген соң ас ішіп, үй шаруасына қолғабыс жасайды. Түстен кейін қосымша дәрістерге, спорттық секцияларға барады. Көбінесе балалар бос уақыттарында кезекті мерекелік концертке дайындалады.
Өнерлі ұлдарының ересегі Темірхан Жетесов домбырада шебер ойнап қана қоймай, «Едіге» дастанын, Әбубәкір Кердерінің термелерін айтуға машықтанған. Ата-анасы барлығына да демеушілер көмегімен музыкалық аспаптар алып беріп, мерекелік костюмдер тіктірді.
«Бала – Алланың аманаты. Ата-анасы жоқ сәбиді бауырыңа бастың ба, кім не десе, о десін, шын көңілмен сүй, тәрбиесіне мұқият қара. Басында үркектеп келген сәби ата-ана мейірімін көргеннен кейін сені шын көңілмен жақсы көріп кетеді. Тек оны алдаушы болма, сол кезде бар ішкі сырын ақтарады, қиналғанда, жаны жабырқағанда сенімен кеңеседі. Өзіңнен туған бала мен асырап алған балаңды бөліп-жаруға болмайды. Бастапқыда өз балаңа да осыны ұғындырасың», дейді Амангүл. Қазір балалардың үлкені 25 жастан асса, кішкентайлары 9-10 жаста. Отбасындағы бес баланың ұлты орыс.
Бір әке-шешеден өрген екі-үш баланың басын қосу қиынға түскен мына заманда жиырма бір балаға бір үлгіде тәрбие беру оңай емес. Алмагүл көп баланы асырап алғанда қиындық болғанын жасырмайды. Алайда ерлі-зайыптының көзқарасы мен ұстанымы бірдей болғанда алынбайтын қамал жоқ. 21 баланы сыйғызып, оларға мейірім мен махаббат беріп, өнерге баулып, әрқайсысының тұлға болып қалыптасуына үлес қосып жүрген Жетесовтер әр баланың орны бөлек екенін айтады.
«Балаларды арнайы музыкалық мектептерде оқытуды мақсат еткеніміз рас. Өйткені балалар бір мамандыққа ие болып, ержеткенде өздерін өздері асырай алса, екінші жағынан отбасылық ансамбль арқылы табыс табуды да ойластырдық. Себебі ержеткен сайын балалардың қажеттілігі көбейе береді ғой. Оларға жақсы білім беру – біздің парыз. Ұядан ұшырғанда олар өз өздеріне сенімді болуы керек. Отбасылық ансамбліміз осы ойымен құрылды. Мен арманымыз орындалғанына қуаныштымын», дейді Амангүл Ешпанова.
«Ересек аға-апайлары кішкентайларына үлгі. 21 балам алдымнан жүгіріп шыққанда, өзімді әлемдегі ең бақытты жан сезінемін», деп қуанышын жасырмады көпбалалы әке.
Ақтөбе облысы